Төтенше жағдай • 09 Наурыз, 2023

Қатерге қарсы тосқауыл

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысында су айдыны тым көп емес. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, көктемгі су тасқынының қаупі Жайық, Ойыл, Қиғаш, Жем және Сағыз өзендерінен төнеді.

Қатерге қарсы тосқауыл

Осыған байланысты су тас­ қыны қаупі төнуі мүмкін 51 елді мекен тіркелген. Қазір 15 елді мекенде қауіп сейілген. Ал 36 елді мекенде қауіп сақталып отыр. Оның ішінде 26 елді мекен Жайық өзенінің бойында орналасқан. Бұл елді мекендерде тіркелген 17 мың 30 тұрғын үйде 86 мыңнан астам тұрғын бар.

Департамент бастығының мін­детін уақытша атқарушы, аза­мат­тық қорғау полковнигі Нұр­лан Жаңабаевтың айтуынша, жергілікті меншіктегі Ералы су торабы Қызылқоға ауданында орналасқан. Бұл су торабының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде делініп отыр. Арнайы бекітілген жол картасына 2021 жылы Жайық өзенінің Махамбет ауданындағы Махамбет ауылының тұсында ұзын­дығы 4,5 шақырым, Алға ауы­лының маңында 3,2 шақырым жағалауды нығайту жұмыстары енгізілген.

Атырау қаласы мен оған таяу орналасқан Жұмыскер, Геолог, Ақсай, Атырау, Еркінқала, Дамбы, Балықшы, Қайыршақты, Кеңөзек елді мекендеріндегі қорғаныс бө­гетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жайық өзені мен Кас­пий теңізінің жағалауындағы 86 шақырымнан астам қорғаныс бөгеті бар.

Су басу қаупі бар ауданның бірі – Индер. Аудан әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, қазір су басу қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Биыл қар мол жауды. Күн күрт жылынып, жауын жауса, ауданның бірқатар ауылында еріген қардың салдарынан қиындық туындауы ықтимал. Сол себептен, аудан аумағында қар суының үй­ге кірмеуін қамтамасыз ету үшін 18 техника жұмылдырылды. Қазір Индербор кентінде, Жар­суат, Өрлік, Елтай ауылдық округ­теріндегі тұрғын үйлерді су басу қаупі болуы мүмкін аумақтар нақты­ланды. Күшейтілген режімде ұйым­дастырылған жұмыстардың нәти­жесінде Жарсуат ауылдық окру­гінде қауіп сейілді, – деп хабарла­ды Д.Шамұратов.

Әкімнің мәліметінше, Индер ауданында елді мекендерден 11 мың текше метр қар шығарылған. Көшелерден 22 мотопомпамен еріген қар суы сорылып жатыр. Бұл жұмысқа төтенше жағдайлар қызметінің су соратын екі көлігі тартылған.

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың дерегіне қарағанда, 7 наурызға қараған түні нөсер жаңбыр жауған. Жаңбыр мен еріген қардың салдарынан Миялы ауылдық округінде су деңгейі көтерілген. Бұл ауылішілік су басу қау­пін туындатқан.

– Осыған байланысты Қызыл­қоға ауданының әкімдігі тарапынан жедел жұмыстар ұйымдастырылды. Бірінші кезекте су басқан үйлерді құт­­қ­ару жұмыстары жүргізілді. Мия­лы ауылында 4 вакуум, 6 мото­пом­па, 5 «КамАЗ» автокөлігі, 2 тие­­гіш техника және басқа да арнайы құралдар тартылды, дейді Қ.Әз­мұ­ханов.

Оның айтуынша, толассыз жау­ған жаңбыр Сағыз ауылының іші­мен өтетін Ноғайты өзенінің арнасын толтырып жіберген. Сол себептен, өзен жағалауын бекіту үшін 80-нен астам тұрғын жұмылдырылған. Қазір Ноғайты өзеніндегі су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Ал Сағыз өзенінде ағыс бәсеңдеген.

Жаңбыр мен еріген қар суы «Миялы-Сағыз» бағытындағы жолдың 35-шақырымындағы тұ­сын басқан. Бұл – Соркөл ауы­лы­ның тұсы. Дәл осы жерде 7 нау­рызда жеңіл көлік жолдан шы­­ғып, еріген қар суына батып кетті. Бұл деректі Атырау облы­сы әкімі мен облыстық полиция департаментінің баспасөз қыз­меттері де растады.

«Жергілікті уақытпен сағат 06:30 шамасында Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылынан шыққан такси жүргізушісі көлігімен Соркөл ауылының тұсында жолдан шығып, жиектегі суға түсіп кеткен. Оған жүргізушінің жылдамдықты асырып, басқару жүйесін игере алмағаны себеп болған. Көліктегі жолаушылар зардап шеккен жоқ. Жолаушылар Соркөл, Сағыз ауылдарына жет­кізілді» деп мәлім етті облыс әкімінің баспасөз қыз­метінен.

Бірақ аталған жолда көлік қозғалысына шектеу қойылмады. Өйткені еріген қардың суынан жолға төніп тұрған қауіп жоқ. Ал полиция департаменті көлік жүргізушілеріне сақтық шараларына аса мұқият болуды ескертіп отыр.

 

Атырау облысы