Шаруашылық • 09 Наурыз, 2023

Конкурс қағидаларын өзгертуге кірісті

196 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Егін егіп, мал өсіремін деген шаруалар мемлекеттен берілетін тегін жерді ала алмай жүр. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 272,5 млн га жердің 214 миллионы – ауыл шаруашылығындағы алқаптар. Жайылымдық мақсатта – 184 млн га, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы айналымда 113 млн га жер бар. Шамамен 70 млн га резервте делінеді. Көбіне жайылым жер игерілмей жатыр.

Конкурс қағидаларын өзгертуге кірісті

Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысу (егістік, мал өсіру т.б.) үшін жер учаскелері тек жалға беріледі. Оны мемлекеттен конкурс арқылы алуға болады. Ал конкурсқа үш адам қатысып, олардың ұпайы бірдей болса, жер комиссиясының мүшелері жерді кімге бере­тінін өздері шешеді. Басқаша айтқанда, кім комис­сия­ның «көңілінен шықса», жер соған тиесілі.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қаты­нас­тары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжанның айтуынша, бұл жағдай жемқорлыққа әкеп соқтырып жатыр.

«Мұндай жағдайлар көп. Мәселен, ауыл әкімі, «мен мына кәсіпкерді танимын, белсенді, жерді соған берейік» десе, жер сол адамға беріледі. Бұдан бөлек шаруалар «таныс не жекжатсыз жер ала алмаймыз» деп шағымданады. Дәл қазір 3-4 кәсіпкердің жер алу конкурсына құжатын реттеумен айналысып жатырмыз. Оларға әкімдіктегілер тікелей айтады, «жердің иесі бар, босқа келіп жүрсің» деп. Конкурс болмай жатып, иесі дайын тұрады. Себебі кәсіпкерлер бизнес-жоспарда кім көп ақша көрсетсе, жер соған берілетінін біледі. Талап сондай. Олар солай барынша жоғары сома көрсетеді. Жоғары ұпайды алады. Бірақ соңына келгенде жерді комиссия мүшелері береді. Жер учаскелері осы конкурс – Ауыл шаруашылығы министрлігінің «қисық қағидалары» арқылы жыл сайын шамамен 3-5 млн га жер шаруаларға беріледі», деп атап өтті маман.

Мұндай жемқорлықты жойып, конкурстың талабын жетілдіру үшін Ұлттық палата сарапшылары салалық мемлекеттік органға – Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар ұсыныс жасаған.

«Жерді алу үшін конкурсқа қатысқанда бір критерий болатын және оған ұпай қойылатын. Кәсіпкер болашақта сол жерге қанша ақша саламын деп уәде берсе, ұпайы да сонша жоғары болатын. 1-20 ұпай аралығында есептелетін. Мысалы, жайылымның 1 гектары үшін 31 мың теңге саламын деп көрсетсе, онда ол кісіге 20 балл қоятын. Бірақ оны растайтын құжат талап етілмейтін. Тек бизнес жоспарда көрсетеді. Ал кім қаржыны көбірек көрсетсе, жерді сол алады. Кейін ол көрсетілген қаржы жерге жұмсалды ма – оны ешкім қадағаламайды. Тіпті конкурстың талабында қаржыны салу мерзімі де жоқ. Біз белгілі бір мерзімде уәде берген қаржысын – инвестициясын жерге салсын деген талап қоюды ұсындық. Яғни көріп тұрғанымыздай, конкурстың өткізілуі «шикі» болатын», деп түсіндіреді «Атамекен» ҰК өкілі.

Ұлттық палата сарапшылары салалық мем­лекеттік органға «шаруалардан осындай ша­ғымдар келіп жатыр, қағидаңыз дұрыс емес» деп бір емес, бірнеше рет, үш жыл бұрын хабарлаған. Заңнамадағы олқылықтарды ойып тұрып, нақты ұсыныстарын жеткізген. Бұдан бөлек Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жө­ніндегі ведомствоаралық комиссияның қара­уына және Президент тапсырмасымен құ­рыл­ған жұмыс тобына да шығарған. Ұлттық палата сарапшылары конкурс қағидасына Жер кодексіндегі талаптарды енгізуді ұсынған.

«Жер кодексінің 43-1-бабында ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерді берудің шарттары жазылған. Жер беру кезіндегі инвестициядан (құятын қаржысынан) бөлек, қандай агротехнология қолданылады, техникасы, мамандары бар ма, малы бар ма – осы сияқты көптеген критерий көрсетілген. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі бұлардың бәрін конкурстың қа­ғи­да­сына енгізген, бірақ оған ұпай бермейді. Тек инвестициясына ұпай қойылады. Сонда қалған талаптардың мәні жойылады. Бұлардың бәрін айттық. Конкурстың қағидасына қандай өзгеріс керегін жеткіздік», деді Ернұр Әбжан.

Бұған дейін мемлекеттік орган «елемеген» мәселелер енді қозғалып жатыр. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі конкурстың қағидаларын өзгертуге кірісті.

«Өткен аптада министрліктегілер «Атаме­кен­ге» конкурс қағидасының өзгерістерін келісуге жіберді. Бұрынғы инвестицияға қойылатын ұпай төмендетілген – 5 ұпай. Конкурстағы бір өтінім бойынша 29 ұпай жинауға болады. Біз ұсынған қосымша талаптар енгізілген, бірақ бәрі емес. Сондықтан әлі де олқылықтар бар. Мысалы, біз инвестиция құюдың мерзімін – қаржысын қанша жылда игеретінін көрсетуі керек деген талапты ұсындық. Осы және басқа да талаптар қағидаға енбей тұр», дейді маман.