Инфографика • 10 Наурыз, 2023

Электронды сауданың қарқыны жоғары

337 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты электронды сауда болса, қазір сол бағыттың үлкен қарқынмен дамып келе жатқанын байқай аламыз. Мамандар екі жылдан кейін онлайн сауда нарығы еліміздегі бөлшек сауданың 15%-ын құрайды деген болжам жасап отыр.

Электронды сауданың қарқыны жоғары

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Сарапшылардың айтуынша, электронды сауданың артықшылықтары толып жатыр, атап айтқанда – уақыт үнемдеу, қауіпсіздік, салық жеңіл­дік­тері, кэшбэк және бір теңгеге дейінгі дәл есеп. Осындай артықшылықтарға арқа сүйеген электронды сауда саласы күн санап күш алып келеді. Барлық сатып алу толық қорғалған. Төлем банк картасымен жасалады. Егер та­уар келмесе немесе оның сапасы сатып алушыға ұнамаса, ақша қайтарылады. Жеткізу бүкіл Қазақстан бойынша тегін және «Қазпошта» арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар тапсырыстан кейін үш сағат ішінде сатып алушы оны жоя алады. Ал интернет-дүкен сатып алуға, қайтаруға, жеткізуге, тауардың сапасына байланысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Электронды сауданы ілгерілету және бизнесті өрге тарту үшін ақпараттық-имидждік жұмыс жүргізіліп жатыр.

Электронды сауда – мобильді қосымшалар мен интернет секілді электронды құралдар арқылы өнімді сату және сатып алу үдерісі. Бұл саланың дамуы соңғы онжылдықта қарқын алып, дәстүрлі сауда орындарын ауыс­тыра бас­тады. Әлемдік «Statista» компаниясының болжамынша, бұл алдағы жылдары да даму қарқынын сақтайды. Мәселен, жаһандық онлайн сауда нарығы жыл сайын 5,1% көлемінде артып, 2028 жылы шамамен 12,16 мил­­лиард долларға дейін жететіндігін, 2020 жыл­дың өзінде шамамен 8,3 миллиард дол­ларды құрағандығын, оған қоса, бөлшек сауданың жалпы сомасындағы электронды сауданың үлесі де артып жатқанын атап өткен.

«Euromonitor International» халық­аралық нарықты зерттеу ком­па­ния­сы­ның алдын ала мәліметтеріне сәйкес Қазақстандағы электронды сауда көлемі былтыр 20,2%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті (интернет арқылы қызмет көрсету саудасын қоспағанда). Бұл бір жыл бұрынғыдан 220,1 млрд теңгеге артық. Қазақстандықтардың интернет арқылы жасаған сауда-саттығы 32,4%-ды құраған. Соңғы бір жылда елімізде интернетте киім, аяқкиім және түрлі аксессуарды сатып алуға 423,9 млрд теңге (17%-ға көбейген) жұмсаған. Екінші орынды тұрмыстық техника мен электрониканы сатып алу (27,1%) құраса, жоғары технологиялық тауар­лар 11,6% өсіммен 355 млрд теңгеге жеткен.

Сонымен қатар азық-түлік сегменті де онлайн саудаға қарай ойысып жатыр. Электронды азық-түлік нарығы 35,4 млрд теңгеден 45,5 млрд теңгеге дейін өскен. Сусындар мен темекі интернет арқылы әлдеқайда үлкен көлемде сатылып, 69,9 млрд теңгеге, бір жылда 23,3%-ға артқан. «Euromonitor International» мәлімдеген 1,3 трлн теңге электронды сауданың жалпы көлемі деуге болмайды, ұйым өз статистикасында интернет арқылы көрсетілетін қызметтердің құнын есепке алмайды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылы жалпы сома 1,5 трлн теңге болса, алдыңғы жылы бүкіл сегментте электронды сауданың жалпы көлемі 1,43 трлн теңге болған. Бес жыл бұрын онлайн сауда үлесі жалпы сауданың небәрі 2,9%-ын құраса, 2021 жылы ол 9,9% шегінде болды. Сауда және интеграция министрлігінің болжамды деректеріне қарасақ, былтыр бөлшек саудадағы электронды сауда үлесі 12%-ға жетіпті. Бөлім сарапшылары үш жылдан кейін сегменттегі электронды сауда жалпы нарықтың 15%-ын құрайды деген пікірде. «PwC» консалтингтік компаниясы сарапшылары еліміздегі бөлшек түріндегі электронды сауданың 83%-ы базарлардың үлесінде екендігін атап отыр. Өткен жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстандағы Wildberries сатылымы 92,4 млрд теңгеден асқан. Бұл елдегі барлық бөлшек электронды коммерцияның 11,4%-ын құраған көрінеді. Сарапшылар дүниежүзінде электронды сауда биыл 10 трлн долларға жететіндігін және цифрлық сауда қорытындысы бойынша дамудың бес негізгі бағытын анықтаған.