Форум • 09 Наурыз, 2023

Жаһандық форумға қатысты

190 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әзербайжанда «Бүгінгі әлем: сындар мен үміттер» тақырыбындағы Х Баку жаһандық форумы өтті. Форум жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып, сөз сөйледі.

Жаһандық форумға қатысты

Оныншы рет өткізіліп отырған форумның интеллектуалдық платфор­ма­ға айналып келе жатқанын атап өт­кен Дархан Қыдырәлі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясында сөйлеген сөзін еске салды. «Мемлекет басшысы тәртіп пен жауапкершілікке негізделген халықаралық жүйе бүгінгі хаос пен белгісіздік алдында есе жіберіп алғанын айтқан еді», деді министр.

Сондай-ақ Д.Қыдырәлі Қазақ­стан­ның тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тартып, Семей полигонын жауып, халықаралық қауымдастық алдында ядролық қарусыз әлем құрудағы табандылығын көрсеткенін, бұл жаһан проблемасын жұмыла шешудегі Қазақстанның үлесі екенін айтты. Министр жаһанның және аймақтың алдында тұрған сын-қатерлер, оның ішінде климаттың, азық-түліктің және ядролық қауіпсіздікпен қатар, постшындық дәуірінде белең алған гиб­рид соғыстары, инфодемия құбылыс­тары ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аудару қажет екенін көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Гибридті соғыстар мен инфодемия біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Бұл ақпараттық қауіп және ақпараттық соғыстың шегі жоқ. Киберқылмыстың өсуі біздің өміріміздің барлық саласына, соның ішінде ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау, қаржы, қауіпсіздік, көлік, энергетика, ғарыш және суасты коммуникацияларына шабуылдар көбейген сайын айқын көрінеді. Қажетті ресурс­тарды, технологиялық шешімдерді, сондай-ақ осы саладағы мамандарды даярлаудың маңызды міндеті», деді министр.

Жаңа технологияның дамуы адам өміріне артықшылық берумен қатар, сын-қатерлермен де бетпе-бет келтіріп отыр.

«Көптеген ғалым жасанды интел­лект мемлекеттердің жұмысын жақ­­сар­тады және ХХІ ғасырда қоғам­ның күрделі мәселелерін шешеді деп болжайды. Алайда медиа мен цифрландырудағы этика мәселесі алдан шығып отыр. Сондықтан жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды реттеу, сондай-ақ оны қолдану құқығын қалыптастыру мәселелері зияткерлік ортада кеңінен талқылануға тиіс», деді Д.Қыдырәлі өз сөзінде.

Сонымен бірге министр Каспий теңізінің экологиялық жағдайына да назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.

«Каспий теңізі – баламасы жоқ су бассейні және бес ел эко­но­ми­ка­сының базалық ресурсы. Алайда ғалымдардың зерттеуінше, XXI ғасыр соңында Каспийдегі су көлемі азаюы мүмкін. Бұл аймақтағы экожүйе мен экономикалық қауіпсіздікке сын-қатер төндіреді», деп атап өтті Д.Қыдырәлі.

Осымен 10-рет өткізіліп отырған Баку жаhандық форумына Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, әлемнің белгілі саяси қайрат­кер­лері мен ғалымдар қатысты.

Айта кету керек, Қазақстан делегациясы құрамында ғылыми-зерттеу орталықтары мен министрлікке қарасты мекемелердің өкілдері болды.