Пікір • 09 Наурыз, 2023

Күнде келетін әкелер күні

1747 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әне-міне дегенше әлемді гүлге бөлеген әйелдер мерекесі де өте шықты. «Ал енді бүкіл жыл бойы, келесі 8 наурызға дейін күнде Әкелер күні болады ғой, иә?» дейді үйдегілер қалжыңдап. Қарап отырсақ, ақиқатында солай емес пе?!

Мерекеде алдымен анасын, одан кейін аяулы жары мен қыздарын қадірлей білген, отбасында өзінің де қадірі бар ер-азаматтың өмірі – күнде мереке. Бірақ балаларымның «Енді күнде Әкелер күні ғой» деген сөзі ойлантып тастады. Әке, әкенің күні, әкенің орны, әкенің тәрбиесі, ең соңында әкенің беделі... Ақиқатына келсек, әкенің рөлі адамға күнде керек. Таңның өзі де әкені жұмысқа шығарып салудан басталмай ма? Айтпағымыз да сол, әкелер де осыншама аманат, жауапкершілік пен құрметке лайықты болуға тиіс.

Әке деген алдымен бала тәрбиесінде, мектепте керек екен. Мектеп демекші, мәселен, мектептерде ата-аналар жиналысы болады. Сол жиындарға екі әке қатысса да, мысы баса ма, әр нәрсеге шу шығарып отыратын адуын әйелдердің өзі арбиған аяқтарын әдемілеп жинап, сызыла қалатыны бар. Бірде Самат Сүлей атты замандасымыз әлеуметтік желіде ойлантатын сөз жазды.

«Әкелерге үндеу» десем, тым қатты кетем бе? Бірнеше жыл бұрын ұлым Ақтаудағы гимназияда өтетін отбасылық жарысқа қаты­суым­ды өтінді. Уақыттың өзімізге ба­ғын­байтын кезі. Қиын болса да, бала көңілін қалдырмай, қатысамын дедім. Дәл жарыс болатын күні жұмыс қабаттасты. «Әли, менсіз қатыса берсеңдер», деп тамырын басып көрген едім, баламның «бастығыңызға айтсаңызшы» деп еңсесі түсіп, көңіл күйі бұзылды. Бастыққа ұлдың аманатын жеткізіп, жағдайды түсіндірдім. Сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы: «Дұрыс, бар, баланы қолдау керек», деп іссапар уақытын 3 сағатқа жылжытты. Жарыс өтетін залға кірсем, кілең әйелдер қарсы алды. Бұрышта өзін ыңғайсыз сезініп бір әке тұр. Екі-үш оқушы жүр шешелерінен сұрап «Әкем қайда, келе ме?» деп. Сайысқа он шақты отба­­­сы қатысады екен. Әлгі жалғыз әкенің өзі де екі ойлы болып, «Құрысын, ұят екен, кетіп қалам ба?» деп зорға тұр. Кетпеді, қатысты. Сөйткен әкенің отбасы үшінші орын алып, қызы мәз-мейрам, шын бақытқа бөленді. Сөзімде тұрғаным үшін біздің ұлдың да қуанышында шек жоқ.

Мектептегі тағы бір жағдай. Жыл басында Тараздағы Жамбыл гимназиясында «Әкелер кеңесі» құрылды. Жақсы бастама, ұнады. Жақында жиналысына қатысып, әке мен бала байланысы, тәртібі бағытында жоспар құрылды. Жиналыста байқағаным, көбіміз баланың білімімен қатар тәрбиесін де мектепке, мұғалімнің мойнына артып қоямыз. Ал, шын мәнінде, бала алған білімін үйге, тәрбиесін мектепке апарады. Үйдегі үлкендерден алған жақсы да жаман қасиетін өз ортасында қайталайды. Бақыламасаң, тағы бір қатыгездіктің сағасы интернетте жатыр. Ата-анасы сыпайы болғанымен, баланың телефоны жамандыққа тұнып тұрса, ол да  қауіп. Кешегі мұғалім мен оқушының оқиғасы осының нақ көрінісі сияқты».

Осы бір қысқа ғана жазба шындық пен өмірдің өз суретіне тұнып тұрған жоқ па?! Мәселен, жуырда әріптесіміз Ұларбек Дәлейұлы «Ата-аналар жиналысына әкелер неге аз келеді немесе келмейді?» деген са­уал тастады

«Осы сұрақ миымды шырмап алды. Кештетіп ата-аналар жиналысына бар­ған­мын. «Қалың аққудың ішінде жалғыз бүркіт» болып тағы мен жүремін. Өзге әкелерге бала, оның тәрбиесі керек емес сияқты. Сөйтіп жүріп баладан ірілікті, кісілік қасиетті, үлкен азамат болуды талап етеміз. Апай бізге «Бала күні оқыған кітаптарыңыз бен көрген киноларыңыздан кімді үлгі тұтып, еліктеп өстіңіздер? Соны суретке салып, бейнелеп беріңіздер», деді. Әрине, ханымдар тарапы балалық шағында көрген орыс мультиктерінің кейіпкерлерін салып жатты. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Бұл – кезіндегі ала-құла идеологияның санаға сіңірген жемісі. Менің салған суретімді көріп, бәлкім ескішіл, бәлкім «Санасы қалыпты ритммен дамымай қалған біреу екен» деп ойлағандар болғанына күмәнім жоқ. Парақты апай қызығып, сұрап алып қалды. Мені бір кәсіпқой суретшідей: «Қап, үлкендеу салу керек еді», деп қояды. Қысқа қайыра салайын, бүгін балаңыз қалай тәрбие алса, ертең соның жемісін көресіз. Ұлтты түзеу үшін отбасындағы тәрбиені реттеу керек. Сырттан біреу келіп, бізге жұмақ соғып бермейді».

Иә, әйелдер мерекесі де аяқталды. Осы жолдарда саналы түрде сөзді әкелерге беріп отырмыз. Бұл ер-азаматтардан, осындай әкелерден асырып не айта аламыз?