Сапар барысында комиссия мүшелері Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша жергілікті жерлерде көшпелі семинар-кеңестер өткізді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыстық прокуратуралардың қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Инспекциялық сапардың негізгі мақсаты сайлау заңнамасының жаңалықтарын түсіндіру, сайлау комиссияларының мүшелеріне әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ алдағы сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы өңірлердің есептерін тыңдау екені белгілі.
Қарағандыда өткен жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиев өңірде сайлауды ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Ол облыстағы сайлаушылар саны 761 471 адамды құрайтынын атап өтіп, 654 сайлау учаскесінің жұмысы ұйымдастырылғанына тоқталды.
«Сайлау учаскелерін ашу барысында мүгедектігі бар адамдардың да қажеттіліктері ескеріліп, арнайы жабдықталған бұрыштар ашылды. Онда сайлау бюллетенін толтыру тәртібінің аудио нұсқалары, сайлау бойынша ақпаратты тыңдау, қосымша жарықтандыру және оптикалық түзету құралдары қойылады. Сондай-ақ кресло-арбаларды пайдаланатын сайлаушылар үшін жасырын дауыс беруге және жүріп-тұруға арналған кабиналардың ыңғайлылығы, сондай-ақ ақпараттық материалдармен танысудың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Сөйлеу немесе есту қабілеті бұзылған адамдар үшін дыбыс күшейткіштері мен құлаққаптар орнатылады», деді Е.Ғалиев .
Семинар-кеңес барысында облысы прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер сайлау науқанының барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы баяндады.
Ал Ұлытау облысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы әкім аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаев есеп берді. Аппарат басшысының айтуынша, бүгінгі таңда аймақта 70 округтік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Облыс бойынша барлығы 134 сайлау учаскесі, оның ішінде 123-і ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кедергісіз қолжетімділікпен жабдықталған, қалған 11 сайлау учаскесі уақытша пандустармен жабдықталған. Сайлау науқаны кезінде көру қабілеті бұзылған адамдар үшін сайлау учаскелерінде аудиожазба және Брайль трафареттер түріндегі ақпараттық материал пайдаланылады. «Барлық сайлау учаскелері материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған», деді Абзал Жайлыбаев.
Облыстағы сайлаушылардың жалпы саны 141 285 адамды құрайды. Барлық қала мен ауданда сайлаушылар тізімін тексеру және сайлау учаскелерін нақтылау үшін Сall-орталықтардың жұмысы ұйымдастырылды. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің сайттарында сайлаушылар тізімінде өзін іздеу бойынша қызметтер бар Telegram_bot, сайлаушыға сайлау учаскесінің мекенжайын білуге және белгілі бір округтен тіркелген кандидаттардың тізімін алуға мүмкіндік береді.
Семинар-кеңестердің екінші бөлімінде Қарағанды мен Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Дауыс беру күні» іскерлік ойын стилінде тренингтер ұйымдастырылды. Тренингтің мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелерінің дауыс берудің барлық рәсімдерін сапалы меңгеруі, сайлауға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімі, есептен шығару куәліктері, азаматтардың ауызша және жазбаша өтініштері, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен қарым-қатынас жасау тәжірибелік дағдыларын игеру.
Семинар-кеңес соңында Ортсайлауком мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін қызықтыратын сұрақтарға жауап берді.