Сайлау • 10 Наурыз, 2023

ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауға 400 бақылаушы жібереді

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандағы сайлауға ЕҚЫҰ-дан 400-ге жуық байқаушы келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауға 400 бақылаушы жібереді

«Алдағы парламенттік сайлауды бақылау үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан Қазақстанға 400-ге жуық байқаушы келеді. Бұл халықаралық бақылаушылардың ең үлкен миссиясы болмақ. Өткен аптада ЕҚЫҰ Миссиясының аралық есебі жарияланып, халықаралық сарапшылар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан сайлау жүйесінің реформасына оң баға берді», деді Р.Василенко.

Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлауға ЕҚЫҰ-дан бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар келеді. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ бақылаушылар миссиясын ирландиялық саясаткер Оуэн Мерфи басқарады. ЕҚЫҰ тарапынан мұндай назар Қазақстанның осы ұйыммен белсенді және мақсатты жұмысының жақсы нәтижесі екендігін көрсетеді.

Сондай-ақ спикер ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлауға назар аударуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды реформаларға халықаралық қоғамдастықтың зор қызығушылық пен қолдаудың дәлелі екенін атап өтті.