Кеше Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Астрид Турспен кездесу өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Сұхбаттасушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен және оның Жоғарғы комиссар Кеңсесімен (АҰЖК) ынтымақтастығының тарихы берік қаланғанын және көптеген біріккен жұмыстар сәтті атқарылғанын атап көрсетті.
Сұхбат барысында Қазақстан Үкіметінің ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен этностық топтар құқықтарын қорғау бойынша жүргізген саясаты халықаралық деңгейде жоғары бағаланатыны атап өтілді.
Е.Ыдырысов сұхбаттасын Қазақстан аумағында 120-дан астам ұлт және 30-дан астам діни конфессия өкілдері тұратындығы жайында хабардар етті. Ол Жоғарғы комиссар Кеңсесін этносаралық қатынастар дамуының мәселелерін ең жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік туғызатын Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуетін барынша пайдалануға шақырды. Қазақстанда барлық этностық топтардың дамуына, этно-бағытталған ұйымдардың еркін жұмыс істеуіне, этностардың тілін, дәстүрлері мен мәдениетін сақтауға барынша оңды жағдай жасалғаны аталып өтті.
ҚР СІМ басшысы этносаралық және дінаралық келісім мәселелері Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екенін, елді мекендейтін түрлі ұлттар арасында өзара сыйластық ауанын сақтау шарты орындалғанда ғана гүлденген, еркін қоғам құруға және «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарын орындауға болатынын атап көрсетті.
ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының пікірінше, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктері елдегі ұлтаралық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімнің арқасында мүмкін болып отыр.
Кездесу барысында сұхбаттастар 2013 жылғы сәуірде Алматыда қабылданған АҰЖК Орталық Азия білім беру бағдарламасы Іс-әрекеттер жоспарының жүзеге асырылу барысын талқылады. Осыған орай, Е.Ыдырысов Қазақстан үшін этностық топтардың ерекшеліктерін сақтауға бағытталған жұмыс қызығушылық тудыратынын айта келіп, аз ұлттар шоғырланған жерлерде этностардың тілдерінде білім беретін мектептер жұмыс істейтінін жеткізді.