Бұл – Миялы ауылын тасқын судан қорғау үшін жасалған әрекет. Осыдан соң Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз тас жолының 248-260 шақырымында көлік қозғалысы шектелді. Жолдың бұл бөлігі Миялы мен Жангелдин ауылдарының арасын жалғайды.
Ал облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұл – былтыр жырылған жолдың бір бөлігі. Былтыр топырақ төселіп, көлік өтетіндей етіп ғана жасалған. Еріген қар суының көптігіне байланысты 11 наурызда таңғы сағат 04:45-те топырақ төселген жолды қайта жыруға шешім қабылданған. Жол жырылған соң тасқын су Жарыпшыққан өзенінің арнасымен ағып кеткен.
«Жоспарға сәйкес жырылған жолдың бөлігіне су өткізетін арнайы құбыр қойылады. Былтыр жолдың бұл бөлігіне асфальт төселген жоқ. Жол тек топырақ төселген күйінде тұр», деп мәлім етті облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, Қызылқоға ауданындағы Сағыз, Ноғайты өзендерінің арнасын тереңдету жұмыстарын жүргізіп, арналарына бөгет тұрғызған жөн. Ал Миялы – Атырау – Индер тас жолында Миялы ауылынан шамамен 600 метр қашықтағы су өткізгіш тұрба орнатудың қажеттігі туындаған.
Бірақ жергілікті билік былтырғы көктемде Миялы ауылына тасқын судан төнген қауіптің салдарынан сабақ алмағаны, нәтиже шығармағаны байқалып отыр. Содан бері жырылған жолға асфальт та төселмеген, су өткізетін құбыр да салынбаған. Сонда Қызылқоға ауданының әкімдігі бір жылдан бері түк бітірмей, қол қусырып отырған ба?
– Тасқын судан төнген қауіптің алдын алу үшін жұмыс істеген еріктілердің екпіні Ойыл өзенінің ағысынан да қатты болды. Негізгі жұмыс екі жерде жүрді. Бірінші топ түсқайта іске кірісіп, Ойылдың Кенен жақтан Қарасуға құятын арнасын түнгі сағат 01:00-ге дейін бітеді. Оған көбіне мекемелерден жиналған еріктілер барды. Екінші топ жырылған жолдың маңында қапшыққа топырақ салып, оны сонау ескі жанармай бекетінен Сақал ата қорымы жаққа дейін тасыды. Сөйтіп, ауылды айналдыра бөгет салды. Осы жұмыстарды ерікті жастар атқарды. Оларға Жандос Тілекбаев жетекшілік етті, дейді жергілікті тұрғын Дулат Ғұбайдуллин.
Оның айтуынша, бөгет салуға 100-ден астам адам жұмылған. Еріктілер үйінен күрегі мен қапшығын әкелген. Ал Жангелдин ауылының Ыбырай Уахитов бульдозері тракторымен келсе, Әлфараби Төленов, Жамбыл Беркінұлы, Наурызбек Қанатұлы «Газел», «УАЗ» көліктерімен топырақ тасыған.
Атырау облысы