Тұлға • 12 Наурыз, 2023

Ер Ермек

265 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының елу жылдығында жасаған баяндамасын Мұхтар Әуезов былай бастаған: «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндердің бірі деп саналады. Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаң ...».

Ер Ермек

Осы сөйлемдерді сарапқа салған Зейнолла Қабдолов былайша өрнектейді:

«Бұл не деген сөз? Ақынша айт­қанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының ғасырлар бойғы тағдыр-талайының, тұрмыс-тіршілігінің ішінен Әуезов осы ғасырдың басындағы он-он бес жылын ғана бөліп алып, ең мағыналы кезең деп отыр. Неге?! Heгe десеңіз, бұл он-он бес жыл Қазақ деген халықтың қадым заманнан бері өзін басып қалған тылсым ұйқыдан оянып, жарық дүниеге көзін ашып, жүздеген жыл отаршылар тепкісінде төңбекшіп жатқанын түйсініп, «қазақ» деген сөздің ұйқасы ылғи ғана «азап» немесе «мазақ» деген сөздер емес екенін түсініп, өзін өзі ел мағынасында тануға ұмтылып, намысы мен арын тудай желбірете жаздаған тұсы болатын. Бұл ғажайып құбылыс тек қана саусақпен санарлық, ат төбеліндей шағын ғана қазақ оқығандарының, зиялыларының арқасы еді».

Осы күнгі тарихта «қазақ оқыған­дары» деген айшықты анықтама көп нәрсені айғақтайды. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген пәтуалы пікірді алға тартқан Әлихан Бөкейхан ұстанымы бүгінгі қазақ зиялысына Те­мір­қазық жұлдыздай айнымас қағида.

Адамның кісілік келбетін қалып­тастыратын не нәрсе? Өскен ортасы, алған білімі мен тәлімі, жақсы ұстаздың алдын көруі, өмірлік ұстанымы, табанды іс-әрекеті. Осы жайттардың тікелей не жанама әсері міндетті түрде мінез бен болмысты қалыптастырса керек.

Ермек Аманшаевпен өмір жолында бірнеше рет түйіскен жағдайымыз бар. Әсіресе Астана қаласының даму кезеңдерінде бір мақсат, бір мұрат жолында болғанымыз рас. Ермек елорда тарихында үш рет абыройлы қызмет атқарды. 2006-2008 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды. Тап осы кезеңде мен «Астана хабары» газетінің бас редакторы болдым және газеттің мың сан шаруасын жүргізгенде тікелей осы салаға жауапты Ермек Әмірханұлының қолдауына ие болған едім. Кейінірек, 2014-2019 жылдар аралығында қала әкімі­нің орынбасары қызметіне қайта келді.

Астана талай қазақтың тағды­рын тоғыстырған үлкен қала. Ер­мек Аман­­шаев елордамыздағы мә­де­н­и, әлеу­меттік, білім беру, ден­сау­лық, ғылы­ми-­ағартушылық, инфра­құры­лымдық сала­лардың дамуына өз үлесін қосты. Са­рыарқа төсіндегі бас қаланың шын мәніндегі мәдени және рухани орталық болуына барынша атсалысты.

«Жақсының жақсылығын айт, нұ­ры тасысын» дейді біздің қазақ. Ермек Әмірханұлы Күләш Байсейітова атын­дағы Ұлттық опера және балет театрының – қазіргі «Астана – Опе­ра», Қалибек Қуанышбаев атын­дағы қазақ драма театрының, Елор­да филармониясының, Қуыршақ театрының, Қазіргі заманғы мұражай­дың, «Наз» мемлекеттік би ансамблінің, Оқушылар сарайының және тағы басқа талай мәдени, білім, өнер ұжымдарының, түрлі шығармашылық орталықтардың қаз тұрып, қалыптасуына белсене араласты. Астанадағы Жастар театрының негізін қалады.

Ермектің тағы бір азаматтығы елор­дадағы ономастика мәселесін реттеуден көрінеді. Есілдің сол жағалауына басымдық беріле бастаған жылдары мұндағы жаңа көшелерге атау беру талай адамның «бас ауруына» айналғаны бар. Көшеге ат беру ісінде көшелі ұстаным орнықпай, атасының атын ауылға, көке­сінің атын көшеге беріп жатқан тұста руханиятымыздың көрнекті өкіл­дерін шақырып, ақылдасқаны бар. Соның арқасында Сарайшық, Сығанақ, Сауран, Түркістан, Отырар, Ақмешіт секілді негізгі көшелердің атауы төл тарихымызды әйгілеп тұратын қалыпқа келді. Қайым Мұқамедхановтың атына берілген көше кейін бас архитектордың «кәріне» ілігіп, «кім көрінгенге көше беретіндерің не» деген кейіске ұшы­рағанын білеміз. Аманшаевтың ұлттық ономастика мәсе­лесіндегі ұста­нымы тегеурінді болмағанда бірқатар көшенің атауы қайта өзгеріп кетуі де мүмкін еді.

Біз бір заманның төліміз. Кеңес ке­зінде «КазГу» дейтін қара шаңырақта қатар білім алдық. Қанаттас, мұраттас, армандас болдық. Әлі де солай. Қазақ жоғары оқу орындарының флагманы саналған Қазақ ұлттық университетінде Ермек жақсы ұстаздардың алдын көрді, тәлімін алды. Солардың арасында Зей­нол­ла Қабдоловтың орны бөлек. Зекең­нің шәкірті атану – талай түлектің арманы. Ермек сол үлкен мектептен өтті.

Былайғы жұрт Ерекеңді тумысынан атқамінер болған тәрізді қабылдайды. Әр нәрсенің анығы жақсы. Ермек ше­­неунік боп туған жоқ. Жаңа айт­қаным­­дай, 2000-2002 жылдары Мәде­ниет департаментін басқарды. Оның әдебиет дейтін ауылдың белді бір өкілі еке­нін әдебиетсүйер қауым жақсы біледі. Оның Қазақ ұлттық мемле­кеттік уни­верситетінің филология факуль­теті­н бітіріп, ғылым жолына түсіп, ізденісін жалғастырып, «Әдеби бейне жа­саудағы рухани және көркемдік қай­нар көздері» тақырыбында диссертация қорғағанынан да көзіқарақты қауым хабардар шығар.

Көрнекті қаламгер, танымал қай­раткер. Ғалым, сыншы, драматург. Ермек Аманшаевтың бір бойынан осының бәрі табылады. Ғалым дейтін себебіміз – әдебиеттануға қосқан үлесі шексіз. «Абай және Монтень», «Жаратылыс», «Ібіліс пен адам» және тағы басқа терең толғаулы мақалалары осының дәле­лі. Ермек Әмірханұлының қазақша және орыс тіліндегі мақалаларын қалт жібер­мей оқып тұрамын. Алған әсерімді өзіне айтамын.

«Хакім Абайдың рухани мұрасы творчестволық және ғылыми айналымға қосылғалы біраз заман өткен де сияқты. Ел жаңарады дейтін бір ғасырдан астам уақыт артта қалыпты. Алайда бүгінде оның мол мұрасын зерттеуде негізінен текстологиялық және хронологиялық бағыт басым болып тұр. Алдағы уа­қыт­­та оның креативті кеңістігінің, ру­хани ізденістерінің тұңғиығына үңіле отырып, қайталанбас ерекшелігі ақын­­ның әлемдік филологиялық және фило­софиялық ой-толғаулары ірге­тасы­ның асыл құйылымында жатқанын көрсеткеніміз маңызды болар еді. Ақын­ның ой-санасының сакральді-мифо­логиялық негізіне тереңдеп, көркемдік бай образдарының қайнар бұлақтарын көзеп, ой қуатын, құт-кие, қасиетін мә­де­ниеттану тұрғысынан ыждағатты талдау қажет», дейді Ермек. Бұл «Абай және Монтень» мақаласынан шағын үзінді.

Абай дәуірін зерттеуді, «Қара сөз­дерге» қайта үңілудің қажет екенін ұқ­тырады ғалым. Абайдың рухани толысуына Шығыстың ұлы шайырлары мен ойшылдарының еңбектерінің ықпалын анықтау маңызды екенін айтып отыр. Осы ретте Ермек Аманшаевтың авторлық блогында көтерілген ұсыныс бойынша 2020 жылдың 10 тамызынан Абай күні елімізде ресми тойланатын Ұлттық тізбеге енгенін айта кеткенді жөн көріп отырмын.

Қазақ үшін Абай бір бөлек әлем болса, Қорқыт – бөлек құбылыс. Оны біз Ермектің «Жаратылыс» мақаласынан аңғаруымызға болады.

«Халық зеңгір көктен түскен көк­шулан перзентке Қорқыт деп ат қойды. Өйткені ол дүниеге адамдардың зәре-құтын қашырып, қорқыта, үрейлендіре келген еді. Дүниені қара түнек басып, тымырсық тығырыққа тіреп, аспан күркіреп, найзағай солқылдап, нөсер жауып, өзендер сарқырап, әлем­тапырықтан ұнжырға түскен кезде, сол үмітсіз жы­н­ой­нақтан жарқ еткен сәуле боп шы­ғып, жұлдыз боп жерге түскен таңға­жайып құбылыс еді».

Қорқытты құбылыс деп санауымыз­дың мәнісі жоқ емес. Оның бұл әлемге жарық сәуле болып құйылып, жұлдыз боп жерге түскені анық еді.

Ермек мұны былай төгіле суреттейді: «Қасиетіңнен айналайын, киелі мекен көне Сырдың, Сырдарияның жағасында, ну қамысты төсеніш қылып, малдасын құрып алған бір тақиялы бүлдіршін Қорқыттың қара қобызының шанағын нәзік саусақтарымен қармай қаусырып, құлаққа таныс, жүрекке жылы қоңыр күйлерді аңыратып отыр. Қорқыттың күйлері! Кезінде Қорқыт бабаның қара қобызы­ның шанағынан күмбірлей шыққан мәңгілік пен өткіншілік, баян­дылық пен тұрлаусыздық, ел мен жер, махаббат пен ғадауат, мейірім мен төзім, сайыпқыран ерлер мен құлқынының құлы боп өткен ездер жөнінде баян еткен мұңлы, жұпар күйлер есіліп тарай берді, тарай берді. Сырдарияның үстінен ұшқан құс пен қамысын жағалаған аң мен тағы, айнала қоныстанған қалың ел, барша әлем оның күйлерін тағы бір мәрте ұйып тыңдай қалды. Күллі дүние осылай әсем әуен мен мұңлы күйдің қуатымен тағы да тербеле жөнелді… Жер бетіне бабаның құдіретті күйлері ырыс боп төгілді. Осы күйлер мынау екі дүниенің бірі – жер бетіндегі тіршіліктің де баяндылығын айғақтап, әлсін-әлсін Елшілерін жіберіп отыратын Жаратушыға деген сенімді нықтай түскендей…».

Қорқыт – Жаратушының жіберген Елшісі. Ал ол жер бетіндегі Тіршіліктің бар екенін айғақтап кетті. Ал бүгінгі адас­­қан қоғамда тағы бір Елші артықтық ет­пейтін секілді. Оны Жаратушы жібе­рер ме екен?! Қасиетті Құранға салсақ, ақыр­­ғы пайғамбар – Мұхаммед (с.ғ.с) қана...

Таяуда Түркістан қаласында Орталық Азия елдерінің парламентаралық форумы өткен болатын. Келген меймандар «Қорқыт туралы аңыз» балетін тамашалады. Балет өнерінің пластикалық жанры тілсізге тіл бітіргендей. Қысқа ғана үзіндіні көргендердің өзі ерекше әсерге бөленді. Соңыра Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев авторға қойылым туралы өз әсерін айтты, жоғары баға берді.

Ал драматургиясы – бұл бөлек әңгіме. Оның таңдауы да алғаш дра­матургияға түскен еді. Алғашқы пьесасы 1987 жылдың көктемінде жазылды. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін бірден өз «менінен» айырылып, «күн астындағы орнын» іздеп жүрген ұрпақ туралы жазылған шығарма еді. Өкінішке қарай, оның бұл пьесасын сахналауға ешкімнің батылы жетпеді. Режиссерлер бұл тақырыпқа баруға қорықты. Шын мәнінде олар сюрреалистік бастауынан қорықты. Кейі­нірек бұл шығарма Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жас драматургтердің фестиваліне қатысты. Сөйтіп пьесаның бағы жанды. 70 пьесаның арасында Аманшаевтың пьесасы екінші орын алады. Ресейлік БАҚ бұл туралы дүрілдетіп жазып жатты. Тура сол тұста М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың бас режиссері Әзірбайжан Мәмбетов Ермекке қоңырау шалады. Сөйтіп да­рын­ды жастың драматургиядағы қада­мы осылай басталған еді. Үлкен театр­да шығармасы қойылған ең жас драма­тургтердің бірі саналды.

Оған жиі қойылатын сұрақтың бірі де осы: шенеунік пен драматург қалай бір-бірімен қабысады? Билік буындарында жүріп, азаматтығы мен адамдық қасиетін сақтай білу де үлкен өнер. Ең бастысы – Ар мен жан тазалығын сақ­тау.

Оның шығармалары бірнеше театр­дың сахнасында қойылды. М.Әуе­зов атындағы академиялық қазақ драма театрында, М.Лермонтов атындағы ака­демиялық орыс драма театрында, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. Оннан астам ғылыми еңбек пен кітап авторы, соның ішінде «Албасты туралы аңыз», «Песнь мотылька», «Үзілген бесік жыры» (жас драматургтар халықаралық фестивалі лауреаты, Мәскеу, 1991 жыл), «Там за бугром, где рай земной», «Балкон», «Құбылыс» (Ф.Кафка), «Сұлтан болсам егерде» (С.Ваннус), «Аладдин және сиқыршы» кітаптары жарық көрген. «Үзілген бесік жырын» жазғанда Ермек 28 жаста екен. «Қыр астындағы сол бір ғажайып әлем» атты туындысын Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театры қойды. М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс театры «Балкон» пьесасын ұзақ жыл сахнасынан түсірмеді. Бірқатар облыстық, қалалық театрда Аманшаев қаламынан туындаған пьесалар үздіксіз қойылды.

Кейіпкеріміздің өмір жолындағы тағы бір айшықты тұсы оның «Қазақфильм» киностудиясын басқарған жылдардан анық көрінеді. Шынайы ұлттық блокбас­терге айналған «Жаужүрек мың бала» фильмінің продюсері де, көркемдік жетекшісі де Ермек Аманшаев болатын. «Жау жүрек мың бала» «Қазақфильм» студиясына деген көрермен ықыласы мен сенімін орнықтырып, қазақ кино­сына деген халықтың үкілі үмітін оятты. Осы танымал киностудияны бас­қарған жылдары қазақ киносын жаңа өрлеу сатысына көтерді. Үркердей топ ретінде келген бірқатар режиссердің, актердің жаңа буынына жол ашып берді. Сонымен қатар Ерекең Ресей мен Қазақстан бірге шығарған «Параллель әлемдер – балкон» көркем фильмінің режиссері, бірқатар деректі фильмнің сценарий авторы.

Ермек – Маңғыстау түбегінің пер­­зенті. Еңбек жолын 1979 жылы Маң­­ғыс­­тау облысындағы Ералиев посел­­кісін­дегі орта мектеп оқы­ту­шысы,1985-1986 жылдары – Қазақ­станның Ор­талық Мем­лекеттік музейінің ғы­лыми қызметкері,1986-1988 жылдары – Қазақ Энциклопедиясының ғылыми редак­торы,1988-1991 жылдары – «Жалын» журналының жауапты хатшысы,1991-1995 жылдары ҚазМУ аға оқытушысы болып қызмет етті.

Одан кейін барып жауапты қыз­меттерге ауысты. 1995-1997 жылдары Үкімет аппаратының жауапты қыз­меткері, 1997-2000 жылдары – Пре­мьер-министр канцеляриясы кон­суль­­танты, сектор меңгерушісі, бөлім меңге­рушісінің орынбасары, 2000-2002 жылдары – Астана қаласындағы мәде­ниет департаментінің басшысы, 2002-2003 жылдары – Мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет, ақ­парат пен қоғамдық келісім вице-министрі, 2003-2004 жылдары – Мәдениет вице-министрі, 2004-2006 жылдары – Мәдениет, ақпарат пен спорт вице-министрі, 2006 жылдың мамыр-қыркүйек айларында – Президенттің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары лауазымын атқарды. Кейіннен 2006-2008 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2008 жылдың сәуір-мамырында – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының аппарат жетекшісі, 2008-2019 жылдары – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» президенті, 2019 жылдың шілде айынан бастап Премьер-министр Кеңсе­сі басшысының орынбасары – Парла­менттегі Үкіметтің өкілі болды.

2017 жылы Ермек Аманшаевтың «Тәубе» – «Repentance» кітабы Швеция астанасы Стокгольмде алтыншы «Open Eurasian Literature festival & Book forum» (OEBF-2017) әдеби фестивалінде таныстырылды. Ол тура бір жыл бұрын Лондонда Лаура Хамилтонның редакциясымен ағылшын тілінде жарық көрді. Сөйтіп Альфред Нобельдің отанында драматург «Жылдың үздік авторы» атанды. Бір жыл ішінде кітап мықты бестселлерге айналды. Әлем сарапшылары мен әдебиет әуесқойлары тарапынан да оң пікірлер айтылды.

«Ермек Аманшаев – бұл бізді өз жұмысымен рефлексияға итермелейтін, біз үшін жаңа әлемдегі әдеттегі оқиға­ларды ашатын адам», деп түсіндірді Корольдік өнер қоғамының мүшесі Дэвид Уильям Парри.

Аманшаевтың ағылшын тілінде шыққан кітаптары «Avazon», «Kindle» жүйелері арқылы кеңінен тарап, әлем­нің 30-дан астам еліндегі (АҚШ, Ұлы­британия, Франция, Германия, Италия, Испания, Швеция, Швейцария, Канада, Жапония, Қытай, Индия, Норвегия, Латвия, Литва, Португалия, Эстония, Нидерланд және басқа елдер) 100-ден астам атақты кітапханалар жаздыртып алғанын атап айтқан артық болмас.

Ортақ ұстазымыз Зейнола Қабдолов «Сөз өнері» кітабында жазуға мынандай сегіз талап қояды:

«Біріншіден, сезім. Нәзік сезімтал­дық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялалар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену керек.

Екіншіден, бақылау. Жіті бақыла­ғыштық. Нәзік сезіммен көреген, дәл бақылаумен ұштасып жатады.

Үшіншіден, қиял. Творчестволық фантазия. Бақылап білген, сезінген шын­дықты кең өріске шығаратын қанатты творчестволық қиял – талант­тың серігі. Мұның өзі ойдан шығара білушілік. Ал ойдан шығару жоқ жерден жалпы әдеби шығарма болуы мүмкін емес.

Төртіншіден, интуиция және бесін­шіден, өмірбаян, тәжірбие молдығы. Өмірде көрген-білгені, ұққан-түйгені көп адамның таланты да күшті, мықты.

Алтыншыдан, парасат. Сананың саралығы. Құр соқыр сезіммен, бір ғана интуициямен ұзаққа, биікке самғау мүмкін емес. Шын талантқа шындықтың парқын білетін сарабдал сана, мол парасат керек.

Жетіншіден, шеберлік. Нағыз маман суреткерге тән кәсіби шеберлік болмаған жерде суреткерлік даналық та жоқ. Даналық – еңбек сүйгіштік. Талант – бәрінен бұрын еңбек, содан соң батылдық деп те тегіннен-тегін айтыл­маған. Қатал тәртіп, азабы ауыр еңбек жоқ жерде жібі түзу қалам­гер де болмақ емес. Өнердегі шын шебер­лікке апарар жол – шыдамды еңбек, дилентанттыққа (үстіртікке) – шыдам­сыз шалағайлық. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуге тиіс. Ал шеберлік шексіз.

Сегізіншіден, шабыт. Шалқыған шабыт болмайынша, шеберліктен де ештеңе шықпайды. «Ең арғы жағы геометрияға да шабыт керек» (Пушкин). Адам биік мақсатқа, асыл мұратқа іс жүзіндегі шабыты еңбек арқылы ғана жетпек. Шабытсыздық – қабілетсіздік, қабілетсіздік – дарынсыздық, дарын­сыздық – талантсыздық».

Ермек Әмірханұлы – Зейнолла Қаб­доловтың шәкірті. Ұстаз қойған сегіз талапты өз өмір жолында, шығарма­шылық қалыбында мүлтіксіз сақтап, сөз өнеріне адалдығын іспен дәлелдеп келеді. «Биік мақсатқа, асыл мұратқа шабытты еңбек арқылы» қол жеткізіп келе жатқан Ермек Аманшаевты Ер Ермек деп отырғанымыздың себебі де сондықтан.

 

Нұртөре ЖҮСІП