Саяси науқанның барысын Еуразиялық интеграция институты «Ашық саясат» сараптамалық клубының сарапшыларымен бірге Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Қазақстандық қоғамдық даму институты, елдегі басқа да жетекші ғылыми және талдау орталықтарының өкілдері талқылап, пікірлерін ортаға салды.
Қазір елдегі саяси партиялар парламенттік сайлаудың шешуші кезеңіне өтті. Сондай-ақ сарапшылар партиялардың электоралдық кезеңдегі қызметі қазіргі заманғы саясаттану және әлеуметтану зерттеулері үшін аса өзекті және перспективалы нысан екенін айтады. Осы себепті партия кандидаттары сараптамалық диалог алаңдарында Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуының өзекті мәселелерін қозғауы маңызды. Отандық сарапшылар сонымен қатар халықаралық және қазақстандық тәжірибені қарастыра отырып, 2022 жылы Мемлекет басшысы белгілеген саяси реформалар саяси партияларының дамуы үшін бұрын-соңды болмаған жағдай тудырғанын атап өтті. Мәселен, Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен елде аралас сайлау жүйесі енгізілді, саяси партияларды тіркеу рәсімдері жеңілдетілді, сайлау кедергісі төмендетілді. Бұл партияларға берілген үлкен мүмкіндік. Осылайша, саяси партиялар сайлау науқаны барысында дайын саяси реформаларды жүзеге асырып жатыр деуге болады.
Бұған қоса сарапшылар партиялар берілген мүмкіндіктерді Парламентке өту және депутаттық мандаттардың барынша көп санын алу үшін ғана емес, сондай-ақ бағдарламалық ұстанымдарды, азаматтармен жұмыс істеу жөніндегі әдіснамалық тәсілдерді трансформациялау үшін де пайдалануға тиіс екенін баса айтты. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың нақты саяси құралы.
Жалпы, сарапшылар бұл сайлау нәтижесі Әділетті Қазақстанның партиялық жүйесінің одан әрі дамуына айтарлықтай әсер ететіндігін айтады. Бұл жаңа, неғұрлым тиімді партиялық конфигурацияны қалыптастыруға және қоғамдық-саяси институттардың негізгі мемлекеттік шешімдер қабылдауға әсерін кеңейтуге күшті серпін болмақ.