Экономика • 13 Наурыз, 2023

Қазақстан-Еуроодақ: Ынтымақтастықтың жаңа белесі

226 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Еуроодақ арасында байланыс нығайды. Көптеген еуропалық компания аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты елге келуге ниет білдіріп жатыр. Осыған орай инвестиция көлемі де кейінгі жылдары айтарлықтай өскен. Ал Батыстың мұндай қызығушылығы мен ұмтылысын Қазақстан қалай қабылдап отыр?

Қазақстан-Еуроодақ: Ынтымақтастықтың жаңа белесі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазірдің өзінде Қазақстанда 3 мың­нан астам еуропалық компания жұмыс істейді. Олардың қатарында «Shell», «Eni», «Total», «Amazonen-Werke», «Air Liquide», «Alstom» және «Carlsberg» сияқты әлемдік алыптар бар. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты көптеген еуропалық компания елімізге келуге айтарлықтай қызығушылық танытып отыр.

«Бүгінгі таңда Ұлыбритания, Литва, Дания, Чехия елдерінің ірі компанияларымен Қазақстанда жаңа өндіріс ашу немесе олардың өңірлік кеңселерін ауыс­тыру туралы нақты уағдаластықтар бар»,  деді министрдің орынбасары.

Жалпы, Қазақстанның сыртқы сау­дасының 30 пайызға жуығы ЕО үле­сіне тиесілі. Осылайша, Еуроодақ елдің ірі сау­да және инвестициялық серік­те­сі болып отыр, қазірде шетелдік инвес­ти­ция­лар­дың жал­пы көлемі 160 млрд доллардан асады.

«2022 жылдың 9 айында еуропалық инвес­тициялар ағыны 10 пайызға өсіп, 8 млрд доллардан асты. Ал тауар ай­на­лымының көлемі 2021 жылғы көрсет­кіштен 27,6 пайызға өсіп, 40 млрд долларға жетті. Бұл – Ұлыбритания ЕО құрамынан шыққаннан бергі рекордтық көрсеткіштер. Биыл да қарқынды өсу жалғасып жатыр»,  деді Роман Василенко.

Сондай-ақ СІМ өкілінің айтуынша, Қазақстан «екінші буын» келісі­міне – ЕО және оған мүше мемлекет­термен кеңейтілген әріптестік пен ынты­мақтастық туралы келісімге қол қой­ған және оны ратификациялаған аймақтағы жалғыз ел болып қала береді. Осы ретте Қазақстан сирек кездесетін металдар, «жасыл» сутегі, аккумуляторлар, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту, сондай-ақ тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру сияқты жаңа салаларда ынтымақтастық орнатқан. Оның бірі ретінде Батыс Қазақстанда жел мен күн электр стансалары салынады, бұған қоса 2030 жылдан бастап 3 млн тонна «жасыл» сутегін өндіру бойынша құны 30-40 млрд еуро болатын ірі еуропалық «Svevind» компаниясымен маңызды келісім жасалған. Ал Франция компаниясы еліміздің 4 өңірінде электровоз өндірісін ашады.

«Total Energies» Франция компания­сының Жамбыл облысында салып жатқан қуаты 1 гигаватт болатын жел электр стансасы жобасы бар. Бұл нысанды 2026-2027 жылдары пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның құны – 1,9 млрд доллар. Бұдан басқа, «Alstom» компаниясы Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл және Түркістан облыстарында электровоз өндірісін және оларға қызмет көрсететін орталықтарды құруды жоспарлап отыр. Бұл жобаны іске асыру кезінде 1 мыңнан астам жергілікті мамандар даярланады», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Еуропа елдеріне мұнай, газ жеткізудің мәселесіне келсек, сарапшылардың айтуынша, мұнда да Қазақстан ЕО үшін маңызды рөл атқарады. Негізі Еуро­па осы уақытқа дейін Ресей газының тұтыну­шы­сы болып келді. Алайда Ресейге қарсы салынған ауқымды санкциялар жет­кі­зі­лім­ді едәуір қысқартты.

«Ресейден энергия жеткізу қиындық туындатқаннан кейін Еуропа елдері Иран, Венесуэла сияқты мемлекеттерді балама көздер ретінде қарастырды. Сонымен қатар осындай жағдайдан соң Еуроодақ пен Қазақстан арасында энергияны жеткізу туралы екіжақты келісім негізінде қазір біздің елдің энер­гия жеткізуші ретіндегі үлесі артып келеді. Өз кезегінде Еуропалық одақ­тың энергия өндіруші елдерге деген қызығушылығының артуы Қазақстан үшін транзиттік логистикалық сала­да, сондай-ақ ел экономикасына озық Еуропа технологиялары мен ин­но­ва­ция­ларды тарту тұрғысынан қосымша мүмкіндік ашады. Қара теңіз арқылы Еуропаға мұнай тасымалдау проблемаларын, Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша жеткізілімдерді ұл­ғай­ту арқылы шешуге болады. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізі ар­қы­лы Оңтүстік Кавказдан, Қытайдан Гер­манияға жаңа жүк кемелерінің жол бағытын тарту арқылы жүзеге асыруға болады. Осылайша, Қазақстан мен Еуропа арасында өзара мүдделілік бар» деген пікірде «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Аманкелді Таженов.

Экономикалық байланыстардан өзге Еуропа елдерімен білім саласында да ынтымақтастық артады. Мәселен, Мажарстанда білім алатын ел студенттері үшін «Stipendium Hungaricum» стипен­дия­лық бағдарламасының мерзімі ұза­рады.

«Сыртқы істер министрлігі халық­аралық академиялық байланыстарды кеңейту, бірқатар бірлескен білім беру және мәдени бастаманы іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастырып келеді. Осылайша, мажарстандық тарап­пен қазақстандық студенттер үшін «Stipendium Hungaricum» сти­пен­диялық бағдарламасын ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сон­дай-ақ Қазақстан «Erasmus+» және «Horizon Europe» сияқты академиялық және ғылыми алмасудың маңызды бағдарламаларына одан әрі қатысуға мүдделі», деп мәлімдеді Роман Василенко.

Қазір Қазақстанда 5 шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары жұмыс істейді. Ал жуырда Шотландияның Херриот-Уотт университетінің Ақтөбе өңірлік универ­си­теті базасында филиалы ашылмақ.

Сонымен қатар Еуроодақ елдері белді өкілдерінің Қазақстанға келу жос­пары бар. Алдымен елге Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен жұмыс сапарымен келеді. Сырты істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, өткен жылдың қарашасында ЕО бастамасымен Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен шикізат материал­дарын жеткізуді әртараптандыру бойын­ша меморандумға қол қойған. Бұл өз кезегінде қаржылық және технологиялық салада ЕО-ның өнеркәсіптік альянсымен ынтымақтастық орнатуға ықпал етпек. Бұған қоса биыл маусым айында Қазақстанда Астана халықаралық форумы өтеді. СІМ өкілі мәлімдегендей, бірқатар Еуропа елінің үкімет басшылары, ірі трансұлттық компаниялар мен академиялық топтар форумға белсенді қатысуға қызығушылық білдіріп отыр. Ал жақында Ұлыбритания, Чехия, Италия, Аустрия елдері өкілдерінің елімізге жоғары деңгейдегі сапарлары жоспарланған.

Десек те мұндай тығыз қарым-қаты­насқа қарамастан Еуропаның бір елі Қазақстанды Шенген бойынша «қара тізімге» енгізуге ұсыныс жасаған. Осы мәсе­леге қатысты пікір білдірген Роман Василенко Шенген келісімі аясында бір елдің бастамасымен келесі бір мемлекетті «қара тізімге» енгізу тәртібі қарастырылғанын растады.

«Мұндай шешім күнтізбелік 7 күн ішінде қаралады. Шынында да бұл тізімде ұзақ жылдар бойы болмаған Қазақстан Еуропа елдерінің бірінің бас­тамасымен «қара тізімге» енді. Әзірге қандай мемлекеттің ұсынысы екенін білмейміз. Олар бізге қай елдің қандай себеппен жасағанын айтуға, ақпарат ұсынуға міндетті емес. Бірақ біз келіссөз жүргізу арқылы мәліметті анықтаймыз деп үміттенеміз», деді ол.

Осы орайда ведомство басшысының орынбасары айтылып отырған «қара тізім» анығында қара, қызыл, сары деп те аталмайды, түр-түске жіктелмейтін «тізім» ғана екенін айтып өтті. Ал бұған дейін ЕО өкілдігінің ресми сайтында Еуропалық Одақ елімізді мұндай «тізімге» енгізбегені көрсетілген хабарлама жариялаған болатын. Роман Василенконың айтуынша, мұның анық-қанығын СІМ жуық арада анықтайды.

Еуропа елдері алдағы парламенттік сайлауға да елеулі үлестерін қоспақ. СІМ хабарлағандай, саяси доданы ЕҚЫҰ-ның 400-ден астам өкілі бақылайды. Өткен аптада ЕҚЫҰ миссиясының аралық есебі жарияланды, онда халықаралық сарапшылар Қазақстанда жүзеге асырылған сайлау жүйесінің реформасын оң бағалаған. ЕҚЫҰ-дан осы сайлауға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушылар миссиясының басшы­сы ретінде Ирландия саясаткері Оуэн Мерфи, бюро директоры Маттео Мекаччи, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы де­ле­га­циясының басшысы ретінде аустриялық депутат Райнхольд Лопатка, ЕҚЫҰ қысқамерзімді байқаушылар миссиясының басшысы ретінде Кипр Республикасының депутаты Ирен Хараламбидес және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Маргарет Седерфельт сияқты жоғары дәрежелі халықаралық шенеуніктер келеді.

«ЕҚЫҰ тарапынан мұншалық назар аударылуы – Қазақстанның осы ұйыммен бел­сенді әрі нысаналы жұмысының нәти­жесі, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әді­лет­­­­ті Қазақстан құру мақсатында жүр­гі­зіліп жатқан еліміздегі ауқымды ре­фор­­маларға халықаралық қоғамдастық та­ра­­пынан үлкен қызығушылық пен қол­даудың бар екенінің дәлелі», дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.