Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда қуаты бойынша әлемнің 4-ядролық қоры қалған еді. Кезінде байтақ территорияда Ембі, Сарышаған (Приозёрск), Байқоңыр, Семей полигоны сияқты КСРО-дағы ірі сынақ, космостық және ядролық полигондары орналасты. Алайда еліміз 1993 жылы кеңестік әскери арсеналдан мұра болып қалған әлемдегі 4-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартты. Мәліметтерге сүйенсек, бұл Жер шарының кез келген нүктесіне жететін 1200 ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық ракетаны құрайды. Еліміз АҚШ-пен, Ресеймен бірлесіп оқтұмсықтар мен жарылғыштарды залалсыздандырған.
1991 жылы Семей атом полигоны жабылды. Осыдан кейін ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық үдерісінің жаңа кезеңі басталды. БҰҰ-ның шешімімен ядролық сынақтарды тыю туралы келісімге қол қоюға жол ашылды. Оған Қазақстан ең алғашқылардың бірі болып қол қойды. Ел аумағында атмосфералық, жерүстілік және жерасты әскери және «бейбітшілік мақсатында» делінген барлығы 500-дей сынақ өткізілді. Бұл ядролық қару пайда болғаннан бері әлемде жүзеге асырылған барлық сынақтың тең жартысы еді. Радиация салдарынан айналадағы тіршілік атаулы бірте-бірте жойылды, өзен, көлдер уланды. Ең сорақысы, полигон маңында тұратын бір жарым миллионнан астам адамның тағдыры тәлкекке салынып, олар денсаулығынан айырылды.
Осының есесін қайтару үшін Қазақстан 1992 жылы 22 мамырда атомдық қарудан бас тартып, Лиссабон хаттамасына қол қойды. Ал 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Ядролық қаруды таратпау келісіміне қосылу туралы» қаулы қабылдады.
1994 жылы Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау Келісіміне қосылуына байланысты Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания мен АҚШ Қазақстанның қауіпсіздік кепілдері туралы меморандумға қол қойды. Бұл кепілдіктерге кейін Қытай мен Франция да қосылды. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан В.Метта арқылы АҚШ-қа 24 ядролық бомбаның (90 пайыз, 600 кило) уранын сатты. Бұл уран суасты ядролық отын үшін жиналған еді.
1995 жылдың сәуірінде Қазақстан барлық ядролық қаруды Ресей аумағына шығарды. Ал 27 мамырда бұрынғы Семей ядролық полигонының ұңғымасында соңғы ядролық заряд жойылды. Осылайша, елдегі ядролық қару мәселесіне нүкте қойылды. 1996 жылы Қазақстаннан Ресейге стратегиялық бомбалаушы ұшақтар шығарылды. Осы жылдың 30 қыркүйегінде Қазақстан жалпыға бірдей ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісімге қол қойды. 2000 жылы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында соңғы ядролық сынақтарға арналған ұңғыма жойылды.
2009 жылдың 2 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жария етті. Бұл халықаралық күнді белгілеу туралы ұсынысты қазақ елі жасаған еді.
2014 жылдың наурызында Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммитте Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкін құру туралы шешім қабылданды. 2015 жылдың 27 тамызында Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылды.
Жалпы, еліміздің ядролық қаруды таратпау іс-шараларына белсенді атсалысып, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі елеулі үлесі əлемдік қауымдастыққа үлгі болып қала бермек. Отанымыз бейбіт болашақ пен ядролық қарусыз əлемді құру жолын таңдады. Дүниежүзілік қауымдастықтың барлығы дерлік Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы таратпау режіміне қосқан үлесін мойындады. Ал сарапшылардың айтуынша, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттегі қолайлы саяси ортаны қалыптастыру үшін жасалған қадам, сол себепті Қазақстанның бұл жердегі рөлін жоғары деп атауға болады.