Қазақстан • 12 Наурыз, 2023

Конституциялық сот: Қоғамнан қолдау тапқан құрылым

428 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жыл бұрын жариялаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауындағы қоғамнан қолдау тапқан саяси жаңалықтың бірі – елімізде Конституциялық сот құру идеясы еді. Өйткені адамдар жүрген ортада күн сайын сан тарау оқиға болып жатады. Ал бағдарлы болашаққа бет түзеген әрбір елдің ең негізгі ұстыны – азаматтардың заңды құқығы сақталып, әділдіктің салтанат құруына жағдай жасау.

Конституциялық сот: Қоғамнан қолдау тапқан құрылым

Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.

Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі

(Мемлекет басшысының «жаңа қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауынан)

 

Конституциялық сот – әлемдік тәжірибеде маңызды мәнге ие. Алғаш Аустрияда пайда болған жүйе Германия, Югославия, Польша, Шығыс Еуропа елдерінде түгелдей дерлік жұмыс істеп, өз тиімділігін танытып отыр. Бұл бағыт бізге де бейтаныс емес. Тәуелсіздік алған алғашқы жылы Конституциялық сот құрылғанымен, 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, Конституциялық кеңес құрылуына байланысты Конституциялық сот өз қызметін тоқтатқан болатын. Азаматтар құқын Ата Заңмен қорғауда құзыреті жоғары құзырлы орынның қайта жұмыс бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Тек заң талаптарын емес, орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің де Ата Заңнан алшақтамауын бақылайтын институт жүйелі жұмысқа кірісті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, Конституциялық сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конс­титуциялық сотқа жүгінуге құқы­ғы бар. Жалпы, прокуратура, сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойы­латын талап айтарлықтай күше­йеді. Конституциялық сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады», деп атап өткен еді.

Аталмыш институт талқысы­нан өткен әр мәселе ел тағдырына тіке­лей әсер ететіндіктен әрбір шешім Ата Заңға сәйкес қабыл­да­нуға тиіс. Маңызды міндетке кіріскен қазыларға жауапты мін­дет жүктеліп отыр. Жолдау ба­ры­сында қолдау тапқан маңыз­ды құрылымның құрамына бел­гі­лі құқықтанушы ғалымдар мен түрлі салада көпжылдық тәжі­­ри­бесі бар заңгерлер кірген. Тео­­рия мен тәжірибесі ұштасқан ма­­ман­дардың қызметі қоғам на­за­­рында.

– Жаңадан құрылған институт ел аумағында Ата Заңның үстем­ді­гін қамтамасыз етуі үшін бар­лық жағдай жасалғанын Конс­титу­циялық сот судьяларымен кездесуінде Президент баса айтты. Елімізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Азаматтардың кон­сти­туциялық құқығын қор­ғауға баса мән берілуде. Ең бас­тысы, бұл жұмысқа қатысуға қо­ғам өкілдері ынталы. Ел арасында талқыға түсіп үлгерген біраз өзекті мәселе халық назарына ашық, айқын және қарапайым тілмен жете бастады. Бәрімізге мәлім, Қазақстан Кон­ституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құ­қық­тық және әлеуметтік мем­ле­кет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқық­та­ры мен бостандықтары», деп бе­кіт­кен. Конституциялық сот­тың бас­ты артықшылығы – оның тек адам құқығын жоғары деңгейде қор­ғауын­да ғана емес, сонымен қа­тар Конституция нормаларын тіке­лей қолдануы және іске асыруы. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, Конституциялық соттың корпусы негізінен акаде­мия­лық сынмен қарай алатын құқық профессорларынан қалып­та­сады. Олардың шығарған ше­шім­дерін, ондағы келтіретін кон­цептуалды уәждер мен бейтарап негіздеулерін оқудың өзі неге тұрады?! Бұл, түптеп келгенде, кон­ституциялық құқық ғылымы мен теориясының дамуына да үлкен серпін беретіні сөзсіз, – дейді заң ғылымының кандидаты Қазыбек Дәуталиев.

Конституциялық соттың бас­па­сөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйен­сек, 4 қаңтар мен 13 ақпан аралығында сотқа мыңнан астам өтініш келіп түскен. Қате тол­ты­рылған құжаттар қабыл­дан­байтынын айтқан мамандар өтініш беру кезінде ең негізгі ескеруге тиіс жайларды түсіндіріп өтті. Біріншіден, өтінішті өзге біреудің ЭЦҚ-сымен жолдауға, заңды өкілдің Конституциялық сотқа өтініш берушінің келісімін рас­тайтын құжатсыз жүгінуіне, сот­қа жүгіну құқығына ие субъек­­тілер санатына кірмейтін тұл­ға­лардың өтініш жазуына тыйым салынады. Екіншіден, өтініш беруші Конституциялық соттың құзыретіне қатысы жоқ қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне не құқық қорғау органдары мен басқа да лауазымды адамдардың әрекеттеріне шағымдана алмайды. Тағы бір ескерер жайт, егер өтініш беруші құқықтық актілер нор­ма­ларының Конституцияға сәй­кес­тігін дауласа және бұл ретте олардың жеке құқықтары мен бостандықтарына тікелей қа­тыс­ты екенін көрсететін толық дәлелдер келтірмесе не нақты нор­маны немесе оның жекелеген ережелерін нақтыламай, тұтас құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы мәселені негізсіз қойса, өтініш иесіне жолданады.

Конституциялық сотқа ке­ліп түскен өтініштер ең алдымен тіркеліп, олардың нысаны мен мазмұнына қойылатын та­лап­тардың сақталуы тексе­ріс­тен өте­ді. Сот судьялары өтінішті алдын ала зерделеп, Кон­сти­ту­­циялық соттың отыры­сында өті­нішті қарау үшін материалдар әзірленеді. Конституциялық соттың өтінішті қарау жөніндегі отырысы өткеннен кейін қоры­тын­ды шешім қабылданып, жа­­рия­ланады. Азаматтардың өті­ніш­тері конституциялық іс жүргізуге қабылданған күннен бастап 3 ай ішінде қаралуға тиіс. Алайда өтініштің күрделілігін және барлық мән-жайды барынша толық зерттеу қажеттілігін ескере отырып, қарау мерзімі ұзар­тылуы да ықтимал.

Таяуда Конституциялық сотта өткен жиын барысында азамат­тар­ға кәсіби заңгерлік көмек көрсету мәселелері талқыланды. Бас­қосуда қозғалған негізгі мә­селе – Конституциялық соттың аты­на өтінішпен жүгінетін азамат­тарға мемлекет кепілдік берген сапалы заң көмегін көр­сету. Атап айтқанда, заң көме­гі саласындағы нормативтік-құқықтық актілер мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мәселелері өзекті болып тұр. Себебі жыл басынан бері Конс­титу­циялық сотқа келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлі­гінде өтініш берушілер мен олардың заңды өкілдері құжат­тар­ды жазу және ресімдеу кезінде көп мәселеге тап болған. Осы­ған орай құзырлы орган конс­титуциялық іс жүргізу және азаматтарға сапалы заң көмегін көрсету мақсатында кәсіби заң мамандарына арналған оқыту семинарларын ұйымдастыруды көздеп отыр.

Ал Конституциялық сот жанынан құрылған Ғылыми-консуль­татив­тік кеңестің бірінші отырысында еліміздегі заңдылықтың жай-күйі кеңінен талқыланып, конституциялық іс жүргізу шең­берінде сараптамалық қоры­тын­ды­лар беру және басқа да өзекті құқықтық мәселелер сөз болды. Айта кетейік, бұл кеңестің құрамына еліміздің жетекші жо­ға­ры оқу орындарының 36 ғы­лыми қоғамдастық өкілі кіреді. Олардың 32-сі заң ғылым­да­рының докторы.

Жыл басында ғана іске кіріс­кен Конституциялық сот қор­да­ланған мәселелердің оң шешімін табуына сеп болса игі. Президент Жолдауда атап өткендей, заң үстемдігі қағида­тының мызғымастығы – еліміз­дегі саяси реформалардың өзегі. Ал жүргізіліп жатқан рефор­ма­лардың мазмұны мен сапасы бәрінен маңызды.