Ауыл • 13 Наурыз, 2023

Тұз сасыса, не себеміз? Ауылдар маңындағы экожүйе бұзылып жатыр

379 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде ауылдардағы мал жайылымдары мен шабындықтардың тозу үдерісіне Үкімет жеткілікті көңіл бөлмеді. Бүгінде оның салдары халық мол шоғырланған елді мекен­дер айналасында айқын білініп отыр.

Тұз сасыса, не себеміз? Ауылдар маңындағы экожүйе бұзылып жатыр

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Ауылдар айналасындағы жерлер тұзданып, шаңы бетіне шығып жатыр. Кейбір жерлерде түліктің тісіне ілінер­лік шөп жоқ. Өзге өңірлерді қайдам, соңғы 40 жылда Павлодар облысының аумағын­да жайылымдық жерлерді тыңайту, көпжылдық шөп отырғызу ұмытылып, жеке аулаларда мал ұстайтындар тығырыққа тіреліп отыр.

Ғалымдардың айтуынша, жайылым­дық жерлер әр бес жыл сайын тыңайып, оған көпжылдық шөп отырғызылуы керек. Бірақ жерді жаңарту деген мәселе тү­гілі, оған қаржы салу, мал өрістерін кеңей­ту бүгінде үлкен мәселеге айналып кеткен.

Жергілікті ауылшаруашылық арда­гер­лері мен аграрлық сала ғалым­дары соңғы жылдары Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне, Үкімет басшысына ауылдық аумақтарды дамыту, мал өсіретін жеке аулаларға көмек көрсету мәселелері бойынша өз ұсы­ныстарын талай рет айтты. Алайда оларды тыңдайтын құлақ жоқ.

Жуықта өңірдегі ауыл шаруашылығы сала­сының ардагері Мойылжан Қанаев, өңірлік ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, өңірлік ауыл шаруа­шылығы басқармасы ардагерлері кеңе­сінің төрағасы Юрий Дубовицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының док­торы, профессор Құдайберген Қана­пиянов, сала ардагері, өңірлік қоғамдық кеңес мүшесі Владимир Левченко өз ұсыныстарын тиянақтап жазып, Астанадағы Үкімет үйіне жіберді.

Қ.Қанапияновтың мәлі­метінше, соңғы 30 жылда еліміздің солтүстік аймағындағы егістік жерлердің өнімділігі 40 пайызға төмендеген. Жайылым мен ша­бындықтың да тозуы белең алып барады. Қазіргі уақытта өрістердің топырағы тұзданып, жер қабаты әбден тозған. Оны агротехнологиялық талаптарға сәйкес өңдеп, ескі шөптердің тамырын қырқу үшін топырақ қабатын аудару, көпжылдық шөп егу үрдісі мүлде жүргізілмейді. Кеңес дәуірінен бері көпжыл­дық шөптердің егіс алқабы жаңартылмауы себепті, жеке аулада мал ұстайтын азаматтар мен ұсақ шаруашылықтар тығырыққа тірелуде. Ал бүгінде еліміз бойынша төрт түліктің басым бөлігі жеке аулада ұсталып, сәйкесінше, мал өнімдерінің 70 пайызы да сонда өндірілетіні мәлім.

«Азаттыққа қолымыз жеткен жылдан бері қарай ауылдағы аға­­йын­­ның жағдайына ешкім мән бер­мепті. Аза­маттардың маңдай терімен өнді­ріл­ген ет және сүт өнімдері арзан баға­мен сатып алынып жатқа­нына ішіміз у­дай ашиды. Ал ірі шаруашы­лық­­тар­дан нарықтағы бағамен қабыл­­да­на­ды. Бұл ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы заң­дылықтарға – №1 және №2 диф­­­фе­­ренциялық рентаға қайшы. Жағым­сыз факторлар ауыл тұрғын­дары­ның әл-ауқатының төмендеуіне әкеліп соқтыруда. Кейбір астықты аудандарда жайылым тапшылы­ғы қолдан туындаған. Себебі айналадағы жерлердің барлығын үлкен шаруашылықтар мен латифундис­тер алып қойған. Соның салдарынан ауылдағы жұрттың 30 пайызы бүгінде мал ұстаудан бас тартып отыр. Міне, сізге нақты цифр­лар. Ауылдарды жұ­мыс­сыздық жайлап, жастарымыздың ауыл­дан безіп жатқаны осы­ның салдары емей немене? Тарихи деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың басын­дағы ұжымдастыру кезеңі­не дейін елімізде 40 миллион мал болған екен. Әр тұрғынға шаққанда 2,5 бас сиырдан келген. Ата-бабамыздың кәсібі қайта оңалмай, ауылдарды гүлдендіру туралы әңгіме қозғаудың өзі ойға сыймайтындай», дейді ғалым.

Ардагерлер жағдайды түпкі­лікті өзгертуге мемлекеттің әлеуе­ті жеткілікті екенін алға тартып, тек қолдау шаралары жүйелі жал­ғасын тапса болғаны дейді. Үкі­мет бұл бағытқа арналған тұтас бағ­дар­лама қарастырып, егіс­тік пен жайы­лымдық жер­лерді тыңайтудың кешенді тұжырымдамасын әзірлеуі керек. Мысал үшін, Павлодар облысындағы жер­лердің бонитет балы әртүрлі. Ол Ертіс ауданында – 33, Железинде – 28, Шар­бақтыда – 16, Аққулы, Май ауданда­рында – небәрі 10,2 ғана. Сондықтан әр аймақ­тың топы­рақ құнарлылығын есепке алумен жаңарту жобалары түзілуге тиіс. 

«Әркім өз жеке басының пайдасын ойлайтын заманға тап болдық. Жер астын­дағы тұз топырақ қабатының беті­не шығып кетсе, ол аймақтың эко­ло­гиясына үлкен апат әкелетінін біл­ген абзал. Облыстың біраз жерін арнайы аралап жүріп байқағанымыз, көптеген ауыл­дың маңы тап-тақыр, ақ сортаңға айналған. Бұл бара-бара кең ауқымды мәселеге ұласады. Сол кезде оның шешімін табу қиынға соғатынын ескерт­кіміз келеді. Проблеманы министрлік­ке жеткізіп айтатын азаматтар қал­м­ай бара жатқаны қынжылтады. Ауыл тұрғындары мал жаятын өріс жоқ дейді. Ал дәл жанында мыңдаған гектар жер ұстап, егін егіп отырғандар жылдан-жылға жердің бонитеті қашып бара жатыр деп мұңаяды. Астық өсірушілер де бүгінде қанағатты ұмытқан. Жерді тыңайту деген мәселені жылы жауып қойды», дейді ақсақал Мойылжан Қанаев.

Түйіндей келгенде, ардагерлер мен ғалымдар жарты ғасырға жуық жи­нақ­талған мәсе­лелерді шешу үшін төмен­дегідей ұсы­ныстарды қолға алу керек деп есептейді.

Біріншіден, мал шаруашылығы егіншілікпен салыстырғанда 2,5 есе артық өнім беретінін ескерсек, ата-бабаларымыздан қалған аталған бағытты дамытуға басымдық берген жөн.

Екіншіден, топырақтың құнар­лы­лығын арттырып, дақыл­дардың өнімді­лігін жақсарту үшін ауыспалы егіс мәселесін назарда ұстау. Көпжыл­дық шөптер алқабы жүйелі түрде жаңарты­лып отырылуы керек.

Үшіншіден, жер иелері мен ауылдық округтердің әкімдері жыл сайын шабын­дықтар мен жайылымдарды жаңартудың жауапкершілігін иеленуі керек.

Төртіншіден, көпжылдық шөпке сұ­ра­ныстың жоғары екенін ескере отырып, оларды өсіру, көбейту және тарату жө­нін­дегі орталықтарды өміршең ету маңызды.

Бесіншіден, ауыл шаруа­шылығы саласындағы заңды­лықтарға – №1 және №2 дифференциялы рентаға көңіл бөлу, яғни шалғай аумақтарда орна­ласқан ауылдардың халқын сапалы өнім өндіруге ынталандыру қажет. Бұл үшін:

- ауылдағы ағайынды қолдау үшін жалпы саны 50 бастан кем емес сүтті сиыр­лары бар әр ауыл­да сүт қабылдайтын бекеттер ашу керек. Онда сүтті тазалау, сал­қындату, сақтау шаралары сақталса, өнімнің сапасы артып, жоғары бағаға сатылады;

- сүт жинау және қайта өң­деу кәсіп­орындарына жеткізуге дейінгі көлік шығындарын субсидиялау;

- бұл іске қатысушыларды неғұрлым көбірек тарту және ауылдықтардың өз сүт өнімін көбірек сатуы үшін, жер ресурстарын рационалды пайдалану және қомақты көлік шығындарынан құтылу үшін ауылдарда сүтті алғашқы өңдейтін пункттер ашу. Яғни өнімнің ауылдан дайын күйінде нарыққа жол тартуын ұйымдастыру;

- елді мекендердің айналасында жалпы қолданысқа негізделген жерлерді арттыру;

- ауыл адамдары жеке аулаларында ұстайтын малын тиімді бағада әрі алыпсатарлар­дың қатысуынсыз саудалауына жағдай тудыру. Бұл үшін әр ауданда мемлекеттік-жекеменшік нысанындағы малды қабылдау және сою, етті алғашқы қайта өңдеу пункттері ашылса құп.

Алтыншыдан, белгілі ай­мақтың та­би­ғаты мен ауа райына бейімделген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқан жөн.

Жетіншіден, ауылдағы жұрт­тың өмірін жайлырақ ете түсу үшін ішіндегі отын қоры бір аптаға жететін жартылай автоматты пеш қазандықтарының тұрақт­ы өндірісін жолға қою керек. Ауылдан жұрт­тың жапа-тармағай көшуінің бір себебі – ауылдықтар жылудың бір шар­шы метрі үшін қалалықтармен салыс­тырғанда 4-5 есе артық төлейді. Көмір бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Сондықтан да ауылда күн батареясы мен жел қондырғысы арқылы жарық мәселесін шешуді қолға алу керек. Жылу үшін электр қуатына түнгі тарифтің енгізілуі маңызды.

«Бұл ұсыныстарымызды Павлодар облысында қанатқақты жоба ретінде өміршең етіп көру­ге кеңес береміз. Біздің есебіміз­ше, бұл бағыттар 2-3 жыл ішін­де жұмыссыздық мәселесін, азық-түлік қауіпсіздігі, бос жатқан табиғи аумақтарды игеру мә­селелерін түпкілікті шешеді. Жерасты қазба байлықтары келе­шекте таусылатыны анық. Ал Жер-анамыздың біздің енші­мізге бұйыртып отырған жер үстін­дегі қазынасын орнымен пай­далансақ, ел халқын азық-түлік тапшылығынан құтқарады. Бұл ұсыныстардың шынайы өмірдегі болжамды ақиқаттығы нарықтық экономиканың принциптеріне негізделген, ал оның заңдылығына сүйенсек, нарықта кім арзан әрі сапалы тауар ұсынса, сол ұтады. Сәйкесінше, Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі оң шешімін табады», деп санайды ұсыныс иелері.

Юрий Дубовицкийдің пікірін­ше, мұндай артықшы­лықтар қала тұрғын­дарының ауылға барып, мал шаруашы­лығымен айналысуына түрткі болмақ. Мәселені шешуді алдымен бүгінде арнайы тізімге алынған өңірдегі  8,2 млн гектар жайылымдардан бастау керек. Павлодар облысы бойынша әкімдіктерге қарайтын 501 мың гектар жердің тозы­ғы жетіп, мал жаюға жарамай қал­ған. Олар­дың ең көбі Ертіс, Шарбақты, Аққу­лы, Пав­лодар, Май аудандарында және Екібастұздың ауылдық аймағында орналасқан. Былтыр өңір бойынша 1300 гектар жерге көпжылдық шөп отырғызу қарастырылған екен. Өкінішке қарай, жауапты мекемелер ол бойынша тиісті тендерді өткізе алмаған.

Өңірдегі егіс танаптарының, жайы­лым мен шабындықтардың эколо­гия­­лық теңгерімі бұзылып, топы­рақтың тұздануына соқ­тыруы ауылшаруа­шылық саласына жауапты басқар­маның мәселеге мүлде мән бермей отыр­ға­нының көрінісі болуы әбден мүмкін. Бұл басқармада соңғы 12 жылда 10 бас­шы ауысып үлгеріпті. Ал облыс әкімі­­нің бұл салаға жауапты орынбасары лауа­зымындағылар аталған кезең ішінде бес-алтауы орын­­тағын суыт­ты. Мұндай нем­құ­рай­ды­лық пен жауап­сыздық өңірдегі ауыл­дардың өркендеуіне үлкен қырсығын тигізіп тұрғанын мо­йын­дамасқа шара жоқ.

 

Павлодар облысы