ANTIKOR • 13 Наурыз, 2023

«Алматы жылу желілерінің» басшылығы сотталды

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Алматы жылу желілері» ЖШС бас директоры мен басқа да басшылары жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы жылу желілерінің» басшылығы сотталды

«Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының үкімімен пара алғаны үшін «Алматы жылу желілері» ЖШС (бұдан әрі - АЖЖ) бас директоры К. Бейсенбиновке 560 млн теңге сомасында айыппұл тағылды. Сонымен қатар АЖЖ бас инженері Д. Қазымбетов 560 млн теңге сомасында айыппұл, АЖЖ Күрделі құрылыс басқармасының бастығы С. Джингильбаев 560 млн теңге көлеміндегі айыппұлға, сондай-ақ пара бергені үшін «СпецКоммунСтрой» ЖШС директоры Б.Разимбеков 400 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындаумен сотталды», делінген ведомство хабарламасында.

Аталған адамдар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы сомасы 2 млрд 80 млн теңгені құрады, бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең.

АЖЖ лауазымды тұлғалары Алматы қаласында жылу желілерін қайта құру туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін Б. Разимбековтен 16 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктенді.

ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады (сот үкімі заңды күшіне енген жоқ).