Қоғам • 13 Наурыз, 2023

Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық белең алады - Президент

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Кеңес барысында түрлі әлеуметтік және саяси мәселелер қозғалды. Президенттің айтуынша, соңғы уақытта ел өңірлерінде белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналып бара жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық белең алады - Президент

«Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар», деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент кей адамдардың өмірінде мүлде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндары ойдан құрастырылып жатқанын да тілге тиек етті.

«Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр», деп қосты Мемлекет басшысы.