02 Маусым, 2010

ҰБТ ЖӨНІНЕН ҰТЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жамбыл облысында биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізуге дайындық қандай? Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы 2009-2010 оқу жылында облыс мектептерінде ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйым­дастыру және өткізу жө­нінде бірқатар жұмыстар атқа­рып келеді. Әуелгі айтарымыз, Білім және ғылым министр­лігінің “Ұлттық бірыңғай тес­тілеуді ұйымдастыру және өт­кізу ережесіне” сәйкес Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Меркі, Т.Рыс­құлов атындағы, Талас, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласында 10 ұлттық бі­рыңғай тестілеу өткізу пункт­тері құрылыпты. Бүгінгі күні барлық мектептер мен ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде ағымдағы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді ойдағыдай өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібіне бір­қатар өзгерістер енгізіліп, мек­теп бітірушілердің үлгері­міне қойылатын талаптар күшейе түскені белгілі. Атап айтқанда, мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде же­келеген пәндер бойынша қоры­тынды көрсеткіштерін бағалау шкаласына өзгерістер енгізіл­ген. Яғни, былтырғы жылғы ҰБТ-да жекелеген пәндер бойынша “қанағаттанарлық” баға алу үшін 3 балл жинау жеткілікті болса, биылғы жылы ол 4 балға көтерілген. Сонымен қатар, шекті деңгейден өту үшін 45 балл жинау жеткілікті болса, биыл ол 50 балға көтеріліп отыр. — Ұлттық бірыңғай тесті­леуге қатысатын 7545 мектеп бітірушінің 5614-і, яғни 74,4 пайызы білімдерін қазақ тілін­де, ал 1931-і, яғни 25,6 пайызы орыс тілінде сынайды. Оның 3018-і, яғни 40 пайызы  қала мектептерінің (Тараз қаласынан – 2532, Шу қаласынан – 194, Қаратау қаласынан – 143, Жаңа­тас қаласынан – 149 мек­теп бітіруші), ал 4527-сі, яғни 60 пайызы ауыл мектептерінің оқушылары, – деген бізбен әңгімесінде облыстық білім басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Сұлушаш Құрманбекова. Жақында ұлттық бірыңғай тестілеуді тиімді ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз ету мақ­сатында облыстық білім бас­қармасының кеңейтілген мә­жілісі өткізілді. Мәжіліс ба­ры­сында оқу жылының басы­нан бүгінгі күнге дейінгі ат­қарылған іс-шараларға кеңінен сараптама жасалынып, ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мен ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға және дайындық жұ­мыстарын жан-жақты жандан­дыруға бағытталған арнайы шешімдер қабылданды. Әлбетте, облыстық білім бас­­қармасында ҰБТ-ны ойда­ғыдай өткізу жөнінде көңілді алаңдататын мәселе де бар. Мысалы, барлығы 11071 мектеп бітірушінің 7545-і, яғни 68,2 пайызы ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берсе, ал 3526, яғни 31,8 пайыз мектеп бітіруші дәстүрлі мемлекеттік емтихан тапсыруға өтініш білдірген. Бұл үшін кімді кінәлауға болады: ата-ана, оқушы әлде мұғалімдер мен мектеп басшыларын ба? Бұл сауал, әсіресе, Қордай, Мойын­құм, Жамбыл және Шу аудандарының әкімдері мен білім бөлімдерінің басшыла­рына, мектеп ұжымдарына тікелей қатысты. Өйткені, ҰБТ-дан “өз еркімен бас тарту” деген үдеріс осы аудандарда көбірек орын алып отыр. Бұл тізімнің ішінде аудан, қала әкімдерінің І тоқсан қорытындысы бойын­ша анықталған рейтингінде бірінші орынды иеленген Қор­дай ауданының (әкімі І. Тор­таев) тұруы, тіпті ұят. Иә, мұны мектеп басшыла­рының оқушыларға беретін білім-білігінің төмендігін көрсет­пейін деген әрекеті десек те болады. Мысалы, Қордай ауданында ҰБТ-дан “бас тарт­қан” мектеп бітірушінің саны 419 болған. Бұл жергілікті мек­теп бітірушілердің 40 пайызын құрайды. Ал 370 шәкірт жо­ғары оқу орнына түсіп, білімді маман атанғысы келмейді дейді. Және оқушылардың бір бөлігі ҰБТ сертификатын талап етпей­тін Ресей, Қырғызстан сияқты көрші елдерге барып жоғары оқу орындарына түсеміз дейтін көрінеді. Бұл мәселеге Білім және ғылым министрі Ж. Түймебаев жете мән бергені жөн дейміз. Ол үшін министрлік дайында­ған “Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу ере­же­сінде” жазылған “мектеп біті­рушілер ұлттық бірыңғай тесті­леуге ерікті түрде қатысады” деген мағынадағы сөйлемді “міндетті түрде қатысады” деп өзгертілсе, ауыл мектептерінде мұндай өрескелдіктер болмас па еді деп ойлаймыз. Сондықтан, еліміздің “бас ұстазына” бұл мәселеде мектеп директорлары мен мұғалімдерін ғана кінәлай бермей, оны заңды тұрғыдан шешуге болатынын да жет­кізгіміз келеді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.