Аймақтар • 14 Наурыз, 2023

Өндірісі өркен жайған қала

232 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында 5 индустриалды аймақ бар. Атап айтқанда, олар – «Оңтүстік», «Сауда-логистикалық орталығы», «Тассай», «Ордабасы» және «Оңтүстік» АЭА. Олардың жалпы жер көлемі – 886 гектарға тең. Бүгінге дейін бұл өндіріс алаңдарында құны 200 млрд теңгені құрайтын 180 жоба іске асырылды. Бұдан бөлек, қосымша тағы 750 гектар аумақты алып жатқан 4 индустриалды аймақ іске қосылмақ. Соның ішінде «Стандарт» жеке өндіріс алаңы жұмысын бастап кетсе, «Жұлдыз» ИА мен «Бозарық» агроиндустриалды аймағы биыл пайдалануға беріледі. Келесі кезекте 886 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешендерінің аймағы тұр.

Өндірісі өркен жайған қала

Мегаполистің өндіріс саласын өркендету Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтылған тапсырмалары негізінде жүзеге асып жатыр. Президент әрбір Жолдауында өңірлердің дамуына, ұлттық экономиканың өсімі арқылы табысты арттыруға ерекше көңіл бөледі. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да бірінші кезекте экономика мен өндіріс мәселесіне тоқталды.

«Мемлекет экономикалық ер­кін­дікті қолдайды. Бірақ халық­ты нарық тұрақсыздығының ық­палынан барынша қорғайды. Ша­ғын және орта бизнесті мей­лін­ше дамытады. Біз эко­но­мика­мызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикі­зат­қа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнім­­ділігі төмен, инновация жет­кіліксіз. Ұлттық табыстың игі­лі­гін жұрттың бәрі бірдей кө­ріп отырған жоқ. Әри­не, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз. Эко­но­ми­калық сая­са­тымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – са­па­лық және инклю­зивтік тұр­ғы­дан халықтың әл-ауқа­тын арттыру», деген болатын Президент.

Осы ретте республиканың үшін­ші мегаполисінде инновация­лық жобалар қолға алынып, жо­­ға­­рыда аталған индустриалды ай­мақтар шеңберінде және одан тыс көптеген кәсіпорын жа­ңа­дан жұмысын бастап келеді. Со­лар­дың бірсыпырасына тоқтал­сақ. Шымкент қаласында жаңадан ашыл­ған шыны табақтардан түрлі бұйымдар жасайтын және өң­дейтін «Завод Авангард» ЖШС кәсіпорны өте маңызды жоба. Аталған зауытта жылына 800 мың шаршы метр шыны табақ­тар­дан өнім шығарылатын болады. Жобаның жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Осы кәсіпорын арқылы 260 азамат тұ­рақты жұмыспен қамтылды.

«Завод Авангард» кәсіпорны жобаны іске қосуға қажетті қара­жат­ты «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы ар­қылы тапқан. Сонымен бірге жобаны жүзеге асыруда инвестордың жеке қаржысының да үлесі бар. Шығарылған өнімдердің 70 па­йызы еліміздің ішкі нарығына сатылса, қалған 30 пайызы көршілес мемлекеттерге экспортталмақ. 3,2 гектар аумақта орналасқан зауыт құрылысы 2021 жылы басталып, 2023 жылдың басында аяқталды.

Қала іргесіндегі «Сауда-логис­ти­калық орталығы» Орта­лық Азия елдері арасындағы көлік-логистикалық хабқа айналады деген жоспар бар. Сондықтан оның жалпы ел экономикасының да­муына тигізер әсері күшті. Ен­діг­і жерде орталықтың аума­ғын 136 гектарға ұлғайту туралы шешім қабылданып отыр. Сол арқылы жергілікті әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, маусым кезінде ішкі нарықтағы бағалардың күрт өсіп кетпеуін көздейді.

Қорғасын зауытының қалдық­та­­рын өңдеп түсті металл кон­центра­тын алатын «Standard Steel KZ» ком­паниясы – ерекше жобалардың бірі. Қорғасын қал­дық­тарын кәдеге жаратқан жобаны «Саутс Ойл» ЖШС 13,3 млрд теңгеге жүзеге асырып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 4 608 тонна мыс-күміс концентратын алатын зауыт салынды. Екінші кезеңде жылына 20 900 тонна мырыш оксидін өндіре­тін кәсіпорын бой көтереді.

Үшінші мегаполисті әлеумет­тік-экономикалық және басқа да салалар бойынша дамыту тікелей Президент тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Өңдеуші кәсіпорындар санын арттыру бағытындағы Мемлекет бас­­шысы тапсырмаларының нақ­ты орындалып жатқанын «Standard Steel KZ» секілді өнді­ріс орындарының мысалынан білуге болады. Жалпы, өндірісті дамы­туға арналған Ұлт­тық жобалар мегаполисте қар­­қын­ды жүзеге асып келеді.

Мәселен, Santo Member of Polpharma Group сауда белгісімен дәрі-дәрмек өндіруші «Химфарм» АҚ кәсіпорны 2023 жылы ғылыми-зерттеу орталығын дамытуға және оны жаңғыртуға қосымша 8,4 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға дейін ұлғайту туралы тапсырма берген болатын. Соған байланысты Үкімет рес­пуб­ликалық фармацевтикалық кластерді дамыту, ынталандыру үшін қолдаудың жекелеген тетіктерін қайта қарастырмақ. Бұл келешекте импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ұлттық дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етеді.

Ал мегаполистегі «Петро Қазақ­стан Ойл Продактс» мұнай өңдеуші зауыты стратегиялық маңызды кәсіпорын саналады. Аталған компанияның президенті Ерболат Қожабаев жаңғыртудан өткен өндіріс нысанының бүгін­гі жұмысы туралы айта келе, зауыт­тың жобалық қуаты жылына 6 миллион тоннаны құрайтынын жеткізді. Мәселен 2022 жылы осы зауытта 6,2 млн тонна мұнай өңделген. Ал өндіріс ошағында тер төгіп жүрген 1 780 жұмысшының 1 723-і – жергілікті жердің азаматтары. Мұнай өнімдеріне қа­жет­тілік жылдан-жылға артып келеді. Осыған орай Үкімет тарапынан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнім көлемін 6-дан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту мәсе­ле­сі пысықталып жатыр. Мұн­дай ауқымды жоба ішкі нарықты сұйық отынмен толық қамтамасыз етіп қана қоймайды, сондай-ақ қала тұрғындарының қосымша жұмыс табуына мүмкіндік береді. Ресми дерек бойынша соңғы үш жылда зауытта бензин өндірісі – 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин – 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға артқан.

«Оңтүстік» индустриалды ай­ма­ғына да ат басын бұрдың. Онда орналасқан «QazAlpack» зауытында бүгінгі таңда 145 адам еңбек етеді. Алюминий ыдыстары мен қақпақтар шығарылады. Жылына 500 млн дана осындай қаптама өнімдер өндіріледі. Жобаны жүзеге асыруға 23 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Оның бір бөлігін инвестор екінші деңгейлі банктен несие есебінде алған. Жылдық мөлшерлемесі 15 пайызды құрайтын несие сомасының 9 пайызын мемлекет өз есебінен субсидиялайды. 6 гектар аумақта орналасқан өн­діріс орны былтыр күзде іске қосы­лып, содан бері өнім шы­ға­рып келеді.

Өз кезегінде жылдың басында мегаполиске іссапармен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайы­лов жоғарыда аталған кә­сіпорындарды аралап, мега­по­листе индустриялық-инно­ва­ция­лық бағыттағы жұмыс­тар­дың атқарылу барысына көңіл толатынын жеткізген болатын.

«Өздеріңізге мәлім, Шым­кент рес­публикалық маңы­зы бар қала мәртебесіне ие бол­ды. Осы­ған байланысты мегаполисті көркейту, дамытуға қа­тысты міндеттер мен та­лап­тар да өзгерді. Оның ең бас­ты көрсеткіші – халықтың тұр­мыс­тық әл-ауқатын өсіру. Ол үшін бірінші кезекте салықтық табысты ұлғайтудың мүмкіндігін арттыру қажет. Сонымен бірге осындай заманауи дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындар санын көбейту арқылы экономиканы әртараптандыру керек. Өндіріс орындары көп болған сайын адамдарға да тұрақты жұмыс та­буға мүмкіндік туады. Содан кейін салықтан түскен табыстар көлемі артса, ол өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға немесе мегаполистің инфрақұрылым мәселесін шешуге жұмсалады. Көріп отыр­ға­ны­мыздай Шымкентте бүгінгі таңда 5 индустриалды аймақ бар. Жергілікті атқарушы биліктің жоспарында оларды тағы екі есе арттыру мақсаты тұр. Яғни қазіргі кезде 800-850 гектар аумақта индустриалды жобалар жүзеге асып жатса, алдағы уақытта тағы да 800 гектардан астам жерге жаңа кәсіпорындар жобаларын іске қосатын болады. Айта кету керек, өндіріс саласында мегаполисте дамудың жоғары динамикасы байқалады. Соның айғағы, өткен жылы да, биыл да заманауи инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр. Жоспарға сәйкес экономикаға көбірек инвестиция тартып, жаңа бизнес жобаларды іске асыруға барынша қолдау біл­діру қажет. Әлбетте, бұл жерде ең алдымен инфрақұрылым мәселесінде көмек керек. Соны­мен бірге несиелендіру мен салық бойынша түрлі жеңілдіктер ұсынылуға тиіс. Осы аталған мәселелер әрдайым Үкіметтің назарында және күн тәртібінен түспейді. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын құру мен индустриалды аймақтарды іске қосу қарқыны соңғы жылдары бәсеңдемеген, керісінше жылдан-жылға ұл­ға­йып келеді. Кәсіпкерлер тарапынан да бүгінде көптеген ұсыныспен игі бастамаларды кө­руге болады. Өз кезегінде Үкі­мет әрқашан оларға қолұшын беруге, қолдау көр­сетуге да­йын», деген еді Премьер-министр Ә.Смайылов.