Шаруашылық • 14 Наурыз, 2023

Не ексең, соны орасың

290 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен жылы өңір диқандары тәп-тәуір өнім жинады. Алдыңғы жылы құрғақшылықтың салдарынан гектар берекесі көңіл көншітпеген. Жыл сайын ауыл шаруашылығы еңбеккерлері еңбегінің өтелуі күннің қабағына байланысты болып қалды. Тығырықтан шығар жол – қуаңшылыққа төтеп беретін тұқым себу.

Не ексең, соны орасың

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Былтыр дән тамырлана бас­таған кезде мол ылғал тү­сіп, үміт отын лаулатқан. Бір өкі­ніш­­тісі, барлық ауданда бір­дей емес. Ылғалға байланысты егін де ала-құла шықты. Дәл осы уа­қытта ылғалдың да пайдасынан зияны көп болуы ықтимал. Тат ауруы бас көтереді. Өткен жылы өңірде 11,6 миллиметр­ден 68,2 миллиметрге дейін жаңбыр жауды. Мамандардың есеп­теуіне қарағанда, бұрнағы жылдағыдан 57,4 миллиметр көп. Гектар берекесі орташа есеп­пен 11,7 центнерден айналды. Қара топырақты, орманды алқап­тардағы егін түсімі жақсы бол­ға­ны­мен, далалық аудандарда сәл кемшін.

Көктемгі егіс жақындаған сайын диқан қауымның көңілі күп­ті. Қай тұқымды еккен дұ­рыс? Осындай қысылтаяң кезде А.Бараев атындағы Астық шар­уа­шылығы ғылыми-өндірістік орта­лығында жаздық жұмсақ би­дайдың «Таймас» атты жаңа сор­ты шығарылғандығын алақайлай айтып, жаһанға жар салсақ, ар­тық­тығы болмас-ау. Бұл – ең ал­дымен отандық ғылымның же­тіс­тігі.

«Жаңа сұрыптың «Таймас» аталуының өзіндік мәні бар, – дейді орталықтағы зертхана меңгерушісі Елжас Қайыржанов, – ұжым болып ақылдаса келе, қуаңшылыққа төзімді, сабағы құламайтын мықты, қоңыр тат ауруына бой бере қоймайтын қуатты тұқымды осылай ата­ғанды жөн көрдік. Біздің ұжым­ның ұзақ жылғы еңбегінің же­місі».

Орталық ғалымдарының айтуына қарағанда, әрбір сұрыптың өмірі аналық және аталықты будандастыру нәтижесінде дү­ние­ге келген небәрі бірнеше дәннен бас­талады екен. Әрі қарай тиімділігі дәлелденсе, ай­рықша мықтылығы көзге ұрып тұрса, сайын даланың көр­кін келтіретін салтанатты ғұ­мы­ры, игілікті, ырысты жолы басталмақ. Гибридтеу арқылы алынған дәнді алдымен селекция тәлімбақтарында көбейтеді. Ұлан-ғайыр істің алғашқы ау­қым­ды кезеңі мұнымен де біт­пейді. Өнімділігі жоғары, мей­лінше сапалы, астықты алқап­тар­да соңғы уақыттарда жиі кез­де­сетін, әртүрлі ауруға тө­зімділерін елеуіштен өткізіп, ба­рынша мұқият таңдап алады. Міне, осылайша бір-біріне сабақтасып жататын, жөпшеңді адамның төзімін тауысатын үрдіс он жылға дейін ұласады. Әбден көз жетіп, ғылыми сарап­тамадан өткеннен кейін кең аумақ­қа егіліп, стандарттау жүр­гі­зіледі. Бұл жұмысты орта­лық ғалымдары аудандастыру деп атайды екен. Жаңа тұқым түсімінің мейлінше көбейгені балталаса бұзылмайтын дәлелмен бекітілген жағдайда жаңа бидай түрі сұрыптық сынақтан өткі­зілуг­е ұсынылмақ.

Ең бастысы, жаңа сұрып қоңыр тат ауруына төзімді екен. Соңғы жылдары өңірдегі ди­қан­­дардың алға басқан қада­мын кері кетіріп тұрған да осы қоңыр тат. Тат аурулары, әсі­ре­се, бидай өнімділігін те­жей­тін биологиялық фактор са­­на­­тында. Ғалым Шермахан Ша­­паловтың осы бағыттағы табан­ды зерттеулерін ой елегінен өткіз­сеңіз, көптеген жайға қанық болар едіңіз. Еліміздегі егістік ал­қап­тарының түгелге жуығында би­дайдың тат ауруының белгісі бар. Әсіресе Көкшетау мен Қор­ғалжынның кең көсілген сайын даласындағы астықты алқап­тар­да жиі кездеседі. Себеп, кей жылдары ылғал шамадан көп түседі. Осы аурудың салдарынан өсімдік бойы, сабағының жуандығы әрі масағы қысқарады. Масақтағы дәннің саны мен сал­мағы бүрісе жеңілдеп, кіші­рейе береді. Ғалымдардың зерт­теу­леріне қарағанда, тат ауруы бас көтерген жылдары жаздық бидайдың өнімі 80 пайызға дейін кемиді екен. Масақтану кезінде 30 пайызға дейін азаяды. Біздегі егін­шіліктің еңсе көтертпей тұр­ған тұсы да осы тат ауруына бай­ланысты болуы ғажап емес. 80 па­йызға дейін кеміген кезде са­па­лы астықтың үлесі де тым-тым азайып кетпейді емес пе?!

Бұл мәселе жалғыз біздің елге қа­тысты емес. Бұл тараптағы бар кемшілікті таразы басына тартар болсаңыз, бидайға деген қауіп-қатердің жалпақ әлемде қаулап тұрғандығын байқар едіңіз. Тұқым мәселесі төрткүл дүниені толғандырып отыр десек те артықтығы жоқ. Әр жыл сайын әлемде тат ауруы салдарынан бидайдың өнім сапасы 10 пайыздан 20 пайызға дейін кемиді екен. Ал біздің елде ауру етек жайған алқаптардағы өнім көлемі 50 пайызға дейін қысқарады. Міне, сондықтан тат ауруына төтеп беретін тұқым керек-ақ. Бұл орайда ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары болмаса, қолы қысқа шағын шаруашылықтардағы жағдай тіптен мүшкіл. Айналып келгенде ауруға төзімді сұрыптарды шы­ғару және оны егіске енгізу басты проблемалардың біріне айналғалы қашан. Орталық ға­­­лым­дарының тұжырым­да­уын­ша, фитосанитарлық жағ­дай­­дың нашарлауы, аурудың дамуына климаттың қолайлы болуы әрі төзімсіз сұрыптарды мөлшерсіз көп егу тат ауруы­ның жайы­лып кетуіне себепші болып отыр. 2021 жылы солтүстікте егілген патенті бар астық сұ­рып­тарын таразыға тартып, екшеп қарасақ, отандық сұрыптар көбі­рек кәдеге асып жатқандығын көреміз. Оның ішінде А.Бараев атындағы Ас­тық шаруашылығы ғылыми-өн­ді­рістік орталығының 6 сұрпы бар. Ал жаңадан шығарылған «Таймас» сұрпы ірі дәнді, шикі желімтегі – 32,3-34,5 па­йыз, аққуызы 15 пайыздан астам. Тәжірибеден өткізілген кез­де сұрыптың түсімі өте жоға­ры бол­ған. Айталық, гектар бе­ре­кесі 38,5 центнерден айнал­ған. Ән­шейінде 8-10 центнерден өнім алса, бөркін аспанға атып қуа­натын біздің өңір үшін таптырмас тамаша тұқым емес пе?

Аталған сұрыпты ғалымдар мен мекеме қызметкерлері бір жең­нен қол, бір жағадан бас шы­ғарып, әзірлеп шыққан. Ав­тор­лар қатарында бидай селекциясы бөлімінің меңгерушісі Әділхан Бабкенов, аға ғылыми қызметкер Татьяна Шелаева, жұмсақ бидай селекциясы зерт­ханасының меңгерушісі Елжас Қайыржанов, астық сапасын анықтау зертханасының ғы­лы­ми қызметкерлері Светлана Дашкевич, Марал Өтебаев, өсім­дік­тер иммунитеті зертха­на­сының меңгерушісі Сандуғаш Бабкеновалар бар.

Ауыл шаруашылығы дақыл­дарын сұрыптық сынау жөнін­дегі мемлекеттік комиссия сы­на­ғының нәтижелері толымды. Жаңа сұрып Қазақстан Рес­пуб­ликасы селекциялық жетіс­тік­те­рінің мемлекеттік тізі­­ліміне енгізілген. Ендігісі нақ­ты то­пы­рақты, климатты ай­мақ­тарға егу.

Тағы бір таратып айта кететін дүние, «Таймас» тұқымы орташа пісіп жетілетін сұрыптың санатында. Сабағы қысқа. Орташа ұзындығы 60-70 сантиметр тө­ңірегінде. Ғалымдардың тү­сіндіруіне қарағанда, бидай са­бағы қысқа болғандықтан, бой салып өсу функциясы өзге­ріп, сабақтың бойындағы био­логиялық материал астық түсім­ді­лігіне жұмсалады екен.

Аталған орталықта мемле­кет­тік сұрыпты сынауға жыл сайын ұмтылыс жасалады. Қазір «Татьяна», «Әл-Фараби», «Қас­қар­баев құрме­ті­не» деп ата­латын сұрыптар сынақтан өткізіліп жатыр. Тұқым атау­лары туралы бір ауыз сөз айта кетсек, артықтығы болмас. Мәселен, «Қасқарбаев құр­ме­ті­не» деп аталатын сұрып осы мекемеде ұзақ жыл бойы та­бан аудармай еңбек еткен Жексенбай Қасқарбаевтың құр­ме­тіне аталған. Ғалым­ның бас­шы­лығымен ауыл шаруа­шы­лығы дәнді дақылда­ры­ның 49 сұрпы дайындалыпты. Оның ішінде 13 түрлі жаздық жұмсақ бидай сұрпы бар.

Жоғарыда біз жан-жақты қа­сие­тін таратып айтуға тырыс­қан «Таймас» жаңа жаздық бидай сұрпы егіннен игілігінің еншісін алып отырған диқан қауым үшін тамаша олжа болғалы тұр. Ең бастысы, берекені кетіріп тұрған тат ауруына төтеп береді екен, қуаңшылыққа қыңбайды, күзгі желден қисая құлап, жер бауырлап жатып алмайды. Жер емшегін емген еңбекшілердің де тілегені осы емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы