– Саясат Нұрбекұлы, біздің жағдайымызда ғылымды коммерцияландыру үшін қандай елдердің тәжірибесіне сүйенген дұрыс?
– Біздің негізгі міндетіміздің бірі – ғылымды елдің индустриялық қажеттілігіне бағыттау. Бүгінде алдымызда ғылымды қажет ететін экономикаға көшу мақсаты тұр. Сондықтан коммерцияландыру – болашақ ғылымның басым міндеттерінің бірі. Инновациялық өнімді нарыққа шығару іргелі зерттеулерден инновациялық бизнесті құруға және дайын өнімді нарықтағы түпкілікті тұтынушыға дейін жеткізудің өте күрделі жолын қамтиды. Халықаралық тәжірибе туралы айтсақ, біз АҚШ, Германия және Финляндия сияқты үш елдің мысалын қарастырдық. Мысалы, Американың Ұлттық ғылым қоры (National Science Foundation, NSF) – ғылым мен технологияны дамытуға жауапты АҚШ үкіметі жанындағы тәуелсіз агенттік. NSF өз миссиясын негізінен уақытша гранттар беру арқылы жүзеге асырады. Гранттардың көбі жеке зерттеушілерге немесе шағын зерттеушілер тобына беріледі. Қалған гранттар ғылыми орталықтарды қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Соның ішінде ғалымдар мен инженерлерге қажет, бірақ кез келген жергілікті топ немесе жеке зерттеушілер үшін қымбатқа түсетін «Ұжымдық пайдалану орталықтарындағы» ауқымды әрі қымбат ғылыми жабдықтар мен қызмет көрсету құралдарын ұстауға жұмсалады.
– Коммерцияландыру бағытында ауыз толтырып айтар қандай жетістіктеріміз бар?
– Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру туралы заңның қабылдануымен 2016, 2017, 2018 жылдары Ғылым қоры үш конкурс өткізді. Оған 1 270 өтінім келіп түсті, 1 мыңнан астамы сараптамадан өтті, 193 жоба мақұлданды, 171 шарт жасалды, 150-ден астам жоба қолдау алды. Жобаларды іске асыру барысында 140 ғылымды қажетсінетін өндіріс құрылды. Оның ішінде 15 жоба экспортқа шықты және 5 жоба 1 млрд теңгеден астам сомаға сатылды. Өткен жылы жаңа конкурс ұйымдастырылды. Оның аясында 152 өтінім ұсынылып, 134-і сараптамадан өтті. 72 жоба ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жөніндегі мамандандырылған Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімі бойынша мақұлданды және грант алушылармен 68 келісімшарт жасалды.
Экономика салалары бойынша жобалар портфелін негізінен агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі жобалары құрайды. Нақты салалардағы бизнестің сұранысына қарамастан, машина жасау, туризм және өңдеу өнеркәсібі секторында төмен деңгей байқалады. Өңірлер бойынша ғылыми жобаларды коммерцияландыруда Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының ғалымдары белсенділік танытып келеді. Керісінше Ақтөбе және Атырау облыстарында коммерцияландыру жоқ. Бұл жалпы өңірлердегі жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді. Бизнесті акселерациялауды жүргізу өңірлердің өндірістік секторының қажеттіліктеріне бағытталған коммерцияланатын жаңа жобалардың өсуі мен дамуының катализаторы болады деп сенеміз.
Бүгінгі таңда сатудан түскен табыс 26,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде экспорт 465,5 млн теңгеге тең. Бюджетке салық төлемдері түрінде 6 млрд теңгеден астам сома төленді. Бірлесіп қаржыландыру шамамен 6,8 млрд теңгені құрады. 1 400-ден астам адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Елдің ғылыми-техникалық дамуына жалпы үлес шамамен 55,1 млрд теңгеге жетті. Іске асырылған 152 жобаның портфелін талдай отырып, көп жағдайда грант алушылар бизнес өкілдері екенін атап өтуге болады. Жоғары оқу орындарының нәтижесі төмен. Мұндай жағдай дайын инновациялық өнімдер мен қызметтерді сату көрсеткіштерімен айқындалады. Бизнес өкілдері ең жоғары 79 пайыздық нәтижені көрсетсе, жоғары оқу орындары тек 4,5 пайызды, ғылыми-зерттеу институттары 5 пайызды құраған, ғылыми-өндірістік орталықтардың нәтижесі 11 пайыздан сәл асады. Бұл жағдай ғылым мен бизнесті интеграциялау жұмыстарын күшейту қажетін көрсетті. Бизнес өкілдері ғалымдарға жаңа өндірістер құра отырып, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жобаларын іске асыруда барынша жақсы нәтижелерге қол жеткізуді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын, бюджетке салық түсімдерін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
– Осы орайда ғалымдарға қандай талаптар қойылатынын атап өткен дұрыс болар еді...
– «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының практикалық тәжірибесі мен көрсеткіштерін, сондай-ақ іске асыру барысында туындайтын проблемалар мен ұсыныстарды ескере отырып конкурстық құжаттама жыл сайын жаңа талаптармен толықтырылады. Мысалы, 2022 жылдан бастап коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысу сұратылып отырған гранттың жалпы сомасының кемінде 20 пайыз мөлшерінде міндетті жеке қаржыландырусыз мүмкін емес. Жобаны іске асыру соңында табыс грант сомасының кемінде 10 пайызын құрауға тиіс. Жобаны іске асыру мерзімі 3 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл ретте гранттың берілетін сомасы 300 млн теңгеге жетуі мүмкін. Жоба жетекшісі Қазақстан азаматы болуы керек және оны іске асыру Қазақстан аумағында жүргізілуге тиіс. Жоба командасы 5 адамнан аспауы, олардың арасында коммерцияландыру жөніндегі маман болуы шарт.
Коммерцияландыруға арналған грант конкурстық негізде беріледі. Оның операторы – Ғылым қоры. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурс кезінде жобаларды іріктеу үдерісі ашық түрде іске асырылады. Ол гранттық қаржыландырудың басқа конкурстарымен іс жүзінде бірдей стандартты кезеңдерден тұрады. Олар – өтінімдерді қабылдау, сәйкестікті тексеру, сараптама және тағы да басқа кезеңдер. Былтыр құрылған коммерцияландыру жөніндегі мамандандырылған Ұлттық ғылыми кеңес шешім шығарады. Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған қаржыландыру сомасы екі есе өсті.
– Салада қандай проблемалар бар?
– Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру есебінен технологиялық серпіліске кедергі келтіретін бірқатар мәселе анықталды. Олар – ғалымдардың бизнес-
құзыреттерінің болмауы, ғылым мен бизнестің әлсіз байланысы, жеке қаржыландыруды іздеу мәселесі, өндіріске отандық инновацияларды енгізудің төмендігі. Осының салдарынан өңірлерде өтінімдер санының төмендеу үрдісі байқалады. 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасының 22-тармағының 5-тармақшасын орындау үшін ғылыми-технологиялық акселерация тұжырымдамасы әзірленді. 2023-2025 жылдарға арналған 1,5 млрд теңгеге бюджеттік өтінім пысықталды. Ғылым қорын осы бизнес акселерация бағдарламасының операторы етіп тағайындау дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Ведомствоаралық комиссия хаттамасының тапсырмаларын орындау шеңберінде 5 жол картасы әзірленді. Бүгінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, энергетика, экология және индустриялық даму министрліктерімен коммерцияландыру жобаларының нәтижелерін салалық өнеркәсіпке енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ғылым мен бизнестің интеграциясын ілгерілету үшін Іскерлік серіктестер клубы өз жұмысын жалғастырып келеді. Қазіргі таңда серіктестікке 160 қатысушы кіріп отыр. Оның ішінде 52 инвестор, 48 іскер серіктес, 30 тәлімгер, 30 лицензиат бар. Ғылым мен жобаларды коммерцияландыру туралы ақпараттар жүйелі түрде бұқаралық ақпарат құралдары, телеарналар, әртүрлі ақпараттық порталдар, сондай-ақ Facebook, Instagram және Telegram әлеуметтік желілерінде талқыланады. 2022 жылы 500-ден астам жаңалық шығарылды. Өткен жылы 12 сәуірде Ғылым күні форумы аясында, 17 маусымда Nazarbayev University-інде, 22 қыркүйекте «Самұрық-Қазына» қоры және 31 қазанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында 4 коммерцияландыру реакторы өтті. Аталған іс-шаралар нәтижесінде 31 жоба таныстырылды, байқауға 12 өтінім берілді, құны 2 млрд теңгеге жуық 7 жоба ұлттық ғылыми кеңеспен қаржыландыруға мақұлданды.
– Өнертабысты өндіріске енгізіп, табыс тауып отырған компаниялар туралы нақты мысал келтіре аласыз ба?
– Әрине. Ондай мысалдар өте көп. Мәселен, ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың табысты кейсі ретінде Жанболат Мұзбаевтың жетекшілігімен «КБ Tree Energy» ЖШС іске асыратын қауіпсіз, тиімді жел энергиясы негізінде генераторларды әзірлеу, құру және сериялық өндіру жобасын атап өтуге болады. Жобаның нәтижелері (электрмен қоректендірудің күн-жел көздері) Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шекара қызметтерінің дербес бейнебақылау жүйелерінде орнатылған. Бұл шекарадан рұқсатсыз өту кезінде объектілерді түсіруге, нысандарды бақылауға және мониторинг орталығына оқиға туралы сигнал беруге арналған. Сол секілді Алматы облысының магистралдық республикалық трассаларының бойында жарықтандыру мен бейнебақылаудың толық дербес бағаналары орнатылды. Бұл жолдың аса қауіпті учаскесіндегі жол-көлік оқиғаларының санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта сатылым 134 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек Болгарияның «Торус БГ» компаниясымен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде ірі көлемде инвестиция тартылатын болды. Инвестиция Алматы қаласының «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағына, «жасыл энергетика» аясында трансформаторлар мен электр стансаларын өндіру бойынша толық дербес зауыт салуға бағытталады.
Сондай-ақ Ғылым қорының ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға арналған гранттар шеңберінде Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы және «Өнеркәсіптік микробиология» ЖШС ғалымдарының көпжылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижесі саналатын 3 жоба іске асырылып жатыр. Олар – «Розеофунгин-АС» саңырауқұлаққа қарсы дәрілік препаратын өндіру, табиғи сүт сарысуы негізінде ашытылған сусын өндіру және отандық пробиотик өндірісі. Өзім осы кәсіпорында болып, өндірістік циклмен таныстым. Бұл жоба нарықта сұранысқа ие инновациялық отандық әзірлемелердің жарқын мысалы бола алады.
– Алдағы жоба-жоспарлармен бөліссеңіз?
– Былтырғы маусымда Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Президент жоғары оқу орындары жанындағы технопарктерді қолдау бағдарламасы іске қосылатынын атап өтті. Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары бойынша конкурстық негізде университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді дамытуға тиісті қаржыландыру бөлінетін болады. Мұндай технопарктерді құрудың алғашқы тәжірибесі олардың қызметін бағалау кезінде, ең алдымен, олардың өзін өзі қамтамасыз ету дәрежесін және тұтынушылардың кең ауқымына қызмет көрсетуге дайындығын ескеру қажет екенін көрсетті. Ал мемлекет ғылымды қажетсінетін қызметтерді (инжинирингтік, консалтингтік, ақпараттық және басқалар) ұсыну үшін олардың инновациялық әлеуетін қолдайтын болады. Бірыңғай үйлестіру технопарктер қызметін сүйемелдеу және дамыту, акселерация бағдарламаларын іске асыру арқылы Ғылым қорына берілетін болады. Сонымен қатар технопарктер мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын одан әрі қолдау үшін министрлік заңнамалық бастамалар шеңберінде ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды дамытуға гранттық қаржыландырудың жаңа нысанын енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Қажетті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлегеннен кейін технологиялық парктерді қолдауды Ғылым қоры әкімшілендіру арқылы жүзеге асыру ұсынылады.
Белгілі бір кемшіліктерге қарамастан, орасан зор жұмыс атқарылғанын, айтарлықтай нәтижелер бар екенін атап өту керек. Осы ретте келесідей мәселелерді қарастыру орынды. Біріншіден, мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын (гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, коммерцияландыруға арналған гранттар немесе басқалары) қабылдау үшін университеттердің, ғылыми ұйымдардың және стартап-компаниялардың идеялары мен әзірлемелерінің технологиялық дайындығының деңгейін (TRL) анықтау тәжірибесін енгізу, яғни техникалық тапсырманың бөлігі ретінде конкурстық құжаттамаға енгізу керек. Екіншіден, коммерцияландыру жобаларына қатысушылардың өнімдерін ілгерілету жөніндегі салалық министрліктердің Жол карталарын тұрақты негізде толықтыру және іске асыруды қамтамасыз ету маңызды. Үшіншіден, белгіленген тәртіппен республикалық бюджет есебінен ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға гранттар беру шеңберінде көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін бекіту қажет. Төртіншіден, Ғылым қорын 2025 жылға дейін халық кірісін арттыру бағдарламасы шеңберіндегі бизнес акселерация бағдарламасының операторы етіп белгілеу керек.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»