Сайлау • 14 Наурыз, 2023

Көпполюсті партиялық жүйе: Саяси плюрализмге нық қадам

625 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Парламент сайлауы жақындаған сайын саяси бәсеке қыза түсті. Биыл Мәжілістен 7 партия үмітті. Төменгі палатаға ілігуді көздейтіндердің көптігі, елде саяси плюрализмнің қалыптасып келе жатқанын айғақтайды. Осы орайда, көппартиялы жүйенің артықшылығы мен кемшілігіне көз жүгіртіп көрген едік.

Көпполюсті партиялық жүйе: Саяси плюрализмге нық қадам

Көппартиялық жүйе өрге сүйрей ме?

Жалпы, көппартиялық – мемлекет­тің демократияның даңғыл жолына түскенін дәлелдейтін негізгі өлшемнің бірі. Сондықтан төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде азаматтық қоғамы сая­си тұрғыда белсенді, дамыған елдердің көбінде осындай жүйе бар. Мәселен, Франция, Германия, Нидерланд секілді мемлекеттер парламентіне бірнеше партия енген. Кейде сайлауға түскен партия­лар 50 пайыздық межеден аса алмай, коалиция құратынына талай мәрте куә болдық. Тіпті Италия, Израиль секілді кей елде коалиция құрудың өзі ұзаққа созылып, партиялар өзара тартысқа түседі.

Елімізде көп­пар­тиялық жүйенің алғашқы белгісі тәуел­сіздік алғаннан кейін байқалған-ды. Кеңес одағы құлап, бір партиялық жүйе жойылды. Ата Заңымыз партиялар құру­ға рұқсат етті. Сөйтіп, көптеген сая­си ұйым құрылды. Әрине, қиын-қыстау кезеңд­е оның бәрі халықтың қолдауына ие бол­мағаны белгілі. Кейінірек бір партия ғана басым түсіп, бертінге дейін со­ның ықпалында жүргеніміз де жасырын емес.

ппр

Осы орайда Мемлекет бас­­шысы Қасым-Жомарт То­қаев­тың былтырғы Жол­дауын­да айтқан сөзі еске түсе­ді. Пре­зидент партиялар санын арт­тыру бағытында атқарыл­ған жұ­мыстарға тоқтала келе, көппар­тиялы жүйенің артық­шы­лығына тоқталған-ды.

«Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да пар­тиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешім­дер қабылдауға мүмкіндік береді», деген еді Қ.Тоқаев.

Бұл бағытта ауқымды жұ­мыс атқарылды. Еліміз саяси жаңғырту үдерісінде парламен­таризмді дамытуға кіріскені белгілі. Былтыр Ата заң­ға енгізілген өзгерістер мен то­лықтырулар нәтижесінде әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүй­енің мүлде жаңа стандарттары енгізілді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Тіркеудің қажетті шегі төмендетілді.

Саясаттанушы, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Риззат Елубаевтың айтуынша, саяси додадағы бәсе­ке біртіндеп артып келеді. Бұл ықпалды Парламент құру үрдісінде байқалады.

«Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылдан бері Парламентте негізгі доминантты партия болды. Кейінгі кезде бұл модельдің бір­­тіндеп өзгергенін байқап отырмыз. Мысалға, 2012 жыл­дан бастап 3+1 формуласы негізінде Парламентке бір­неше партия өтті. Содан кейін соңғы 2021 жылғы электоралды сайлау кезінде алты партия қатысты. Биылғы сайлау қарсаңында партиялық саяси жүйе үлкен трансформацияны бастан кешіп жатыр. Яғни бұл – партиялы жүйе қайта құрылады деген сөз. Жалпы, 2019-2023 жылдар аралығында нақты құқықтық және саяси база қабылданды. Соның нә­тижесінде көппартиялы  жүйе­нің қалыптасуына, саяси плю­рализмнің қалыптасуына ал­ғы­шарттар жасалды», дейді Р.Елубаев.

 

Науқандық партиялар көбеймей ме?

Мұндай пікірмен Қазақстан стратегиялық зерттеулер инс­ти­тутының аға сарапшысы Қуа­ныш Сайлау да келіседі. Оның пайымдауынша, елімізде көппартиялы жүйе қа­лып­тасуына алғышарттар бар. Биыл­­ғы Парламент сайлауының нау­қаны кешенді үдерістің бастамасы ғана.

«Сайлау заңына енгізілген өзгерістерден бөлек, партиялар­ды құру бағытындағы реформалар да жемісін берді. Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Яғни 20 мың қол жи­наудың орнына 5 мың қол жинау жеткілікті болды. Бас­тамашы топ мүшелерінің қа­жетті саны да 30 пайызға азайды. Партия құру талаптары жеңіл­детілгеннен кейін екі жаңа партия сайлау басталмас бұ­рын тіркеліп үлгерді. Әділет ми­нистрлігі қазіргі таңда тағы бірнеше партияның тапсырған құжаттарын қарастырып жатыр. Демек сайлау өткен соң да жаңа партиялардың пайда болуы ықтимал», дейді ол.

дд

Дегенмен сарапшы партиялар тарапынан саяси үдерістерге қатысудың кешенді стратегия­сы әрі ұзақмерзімді жоспары қажет екенін алға тартады. Оның пікіріне сүйенсек, бір сайлау науқанына қатысып, содан кейін жоғалатын партиялардың көбеюі саяси өмірге теріс әсер етеді. Сондықтан партия құрудан үмітті ұйымдар мен азаматтар халықтың жаппай қолдауын иеленген соң ғана тіркелуі қажет деп есептейді.

Сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады. Әл­бетте, мұның бәрі саяси пар­тиялардың санын арттырып, сая­си бәсекені күшейтетіні, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Сарапшы Қ.Сайлау­дың айтуынша, кез келген саяси жүйе­­нің мақсаты – тежеу мен те­­пе-теңдік механизмін орнату. Сондықтан көппартиялы жүйе бұған оң әсерін тигізеді деп есептейді. «Саяси аренада партияаралы бәсеке жеткілікті деңгейде орнықса, жеңістен үміт­ті партия жеңу стратегиясын табуға бет бұрады. Ал барынша көп дауысқа ие болудың бірден-бір жолы – сайлаушылардың, яғни халықтың сұ­ранысына құлақ асу. Парла­мент ішінде де партиялар арасындағы бәсеке осы орган­ның басты функциясына – заң шығаруға оң әсер етеді. Би­ліктегі партия немесе партия блогі, бір заң жобасын дайын­дағанда парламенттік оппозиция ол жобаны сынап, балама ұсыныс жасап, нәтижесінде, жетік заң шығаруға мүмкіндік жасалады», дейді Қ.Сайлау.

Саяси плюрализмнің келесі қадамы ретінде Парламентке ара­лас жүйенің енгізілгенін атап өткен жөн. Мұндай пропор­ционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлт­тық және өңірлік деңгейде то­лық көрініс табатыны анық. Соған сай Мәжілістің депутат­тық корпусының 70 пайызы про­порционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жа­сақ­талады. Партиялар тізім ар­қылы сайланудан бөлек, бір ман­датты округтер арқылы да үміткерлерін Парламентке үкі­леп жібере алады. Демек ха­лық­тың мұң-мұқтажын айтып жүргендердің төменгі Палатаға өту ықтималдылығы жоғары.

ээ

Саясаттанушы Риззат Елу­баев ықпалды Парламент көп­партиялы жүйе арқылы ғана қалыптасатынын алға тартады. Өйткені заң шығарушы органның ой мен ұсынысы әр алуан болуы керек. Саяси-экономи­калық, әлеуметтік реформалар бойынша түрлі тараптың тікелей қатысуы арқылы ортақ шешім қабылдағанда ғана үлкен нәти­жеге қол жететініне назар ауда­ра­ды.

«Көппартиялы жүйені одан әрі дамитын үрдіс ретінде қа­былдауымыз керек. Бұған негізі себеп болатын мәселелер бар. Қазіргі таңда сайлау жүйесі мен партиялық заңнаманың либеризациясы орын алды. Сайлау жүйесі толыққанды өзгерді. Сондай-ақ биліктің партиялармен бірігу үрдісіне де тыйым салына бастады. Яғни Президент партиядан шықты, облыс әкім­дері мен олардың орынбасарлары партия филиалдарын басқаруына рұқсат етілмейді. Мұның бәрі – қалыптасқан партиялық жүйенің қайта жанданғанының белгісі. Оған қоса, «Ел тағдыры», «Ұрпақ жалғастығы», «Ынтымақ», «Қа­зақстан халық конгресі» партиялары тіркеуден өтіп жатыр. Мысалға, 2019 жылдан бері 18-ге жуық партия тіркеуге өтініш берген. Қазіргі таңда соның шамамен 10 партиясы бұл жұмысты нақты жалғастырып келеді. Сондықтан алдағы уақытта азаматтар көппартиялы жүйеге дайын болуы керек», дейді Р.Елубаев.

 

«Дюверже заңы» және Қазақ елі

Айтпақшы, ғылыми ортада мажоритарлы жүйенің басты кемшілігі ретінде «Дюверже заңын» атап көрсетеді. Мұндай феноменді франциялық әлеу­меттанушы Морис Дюверже анықтаған. Соған сәйкес бір мандатты округтердегі мажоритарлы сайлау екіпартиялы жүйенің қалыптасуына жол ашатын көрінеді. Мысалы, көптеген шағын партия осы тәсіл арқылы Парламентке өт­кенімен, онда үлкен күш иелен­бейді. Соның салдарынан үлкен партиялар бәрібір басым түсіп, Үкіметті құрайды. Ғалымдар кейінгі кез­дері мұн­дай феноменді Жапония мен Италиядан байқаған.

Бірақ «Дюверже заңы» бү­кіл елде жүзеге асады деуге келмейді. Әлемнің бірқатар елінде ол орындалған жоқ. Мәселен, Филиппинде мажоритарлы жүйе енгізілген 1987 жылдан бері бірде-бір партия Парламентте көп мандат алған емес. Сонымен қатар Үндістан, Канада, Шотландияда да осын­дай жағдай қайталанды. Осы орайда еліміздің толық­ мажоритарлы жүйеге ауыс­пағанын, Парламент депутаттары аралас жүйе арқылы сайланатынын ескерген жөн. Ендеше, «Дю­вер­же заңының» әмірі Ұлы далаға жүрмейді деп айтуға толық негіз бар.

Саясаттанушы Р.Елу­баев Парламенттегі пар­тиялар саны­ның жалпы қабыл­данған ортақ моделі жоқ екені­не екпін береді. Сондықтан заң шығарушы органға көп партия­ның енгені тиімді.

оо

«Қалғаны партиялардың қан­шалықты көпшілік мандатқа ие бола алатыны маңызды. Жал­пы, 2023 жылы Еуропа мем­лекеттерінде Парламент сайлауы өтеді. Соларға назар аударсақ, коалициялардың құрылу тренді байқалады. Көппартиялы жүйе­­де осындай коалициялар құры­ла бас­тайды. Парламент құ­рамына ену бір бөлек, ал көп­шілік мандат алу – екінші мәселе. Сондықтан бұл – бір-бірімен тікелей байланысты дүние. Алдағы уақытта мұның бәрі саяси бәсекенің күшейіп, партиялар ынтымақтастығын арттыруға жол ашады», дейді Р.Елубаев.

Алайда сарапшы Қ.Сайлау Парламентке енген партиялардың санынан бөлек, сапасына да мән беру керек деп есептейді. Оның айтуынша, қысқамерзімді партиялардың көптігі саяси ахуал­ды тұрақсыздандыруы мүмкін. Сондықтан белгілі бір деңгейде халықтың қолдауын иеленуі қажет.

«Кез келген Парламентте партия санының балансы болады. Тым көп партияның енуі де – әдетте саяси тұрақсыздықтың бел­гісі. Мұндай жағдайда Пар­­­ламентте әлсіз коалиция құ­ры­лып, партияаралық шие­леніс­тер оны кез келген уа­қытта ыды­ратуы мүмкін. Шетел­дер­­де қалыптасқан тиімді модель – мықты 4-5 партияның Парламентке енуі. Биылдан бастап Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша жасақталады. Осындай жүйені қолданатын Германияда «Бундестагқа» 5 үл­кен партия сайланды. Сөйтіп, «бағдаршам» коалициясы (қызыл SPD, сары FDP және жасылдар партиясы) үкімет құрды. Германия осындай тәсілдің табысты екенін көрсетіп отыр», дейді Қ.Сайлау.

Айтпақшы, 19 наурызда өте­тін сайлауда дауыс берудің айтарлықтай ерекшелігі бар. Бұл жолы сайлау бюллетеньдері бірнеше түспен беріледі. Құд­ды жекпе-жек спортының бел­беулері секілді. Олардың әр­қайсы деңгейіне қарай түрлі бояумен көмкерілмек. Мәсе­лен, Мәжіліске партиялық тізім бойын­ша сайланатын кан­дидаттарға көк түс бекітілген. Ал бір мандатты округтер бойынша үміт­керлерді жасыл қағаздан таң­дайсыз. Осы екі түс арқылы төменгі Палатаның депутаттары анықталады. Сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарынан үміткерлерді қызыл күрең түсті бюллетеньнен белгілейсіз. Ал бір мандатты округтерден мәс­лихатқа кандидат атан­ған­дар­дың тізімі қызғылт са­ры бланкіде беріледі. Соң­ғы бюллетеньнің түсі сұр. Сол арқылы облыс­тық маңы­зы бар қалалар, аудандар мәслихат­тарының бірмандаттық ау­мақ­­тық сайлау округтерінен үміт­­кер­лерді таңдайсыз. Осы­лай­ша, 17 облыстың аума­ғын­да ор­наласқан әрбір сайлау учас­кесінде бюллетеньдердің 5 түрі, ал 3 мегаполисте 4 бюллетень беріледі.