«Жайық ет» серіктестігі – өңірдегі шұжық және ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын. Ет өңдеу кешені жаңа үлгідегі заманауи жабдықпен толық жабдықталған. Бүгінде жылына 7000 тонна мал мен құс етін шығарып, 100% қуаттылықта жұмыс істейді. Бордақылау алаңдары Зеленов ауданында, мал сою пункті Орал қаласында орналасқан. Кәсіпорын өнімі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облысының нарығына шығарылады. Серіктестікті «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, еңбек адамы Темірғали Ескендіров басқарады. Жиында «Ауыл» партиясының агроөндірістік кешендер, ауыл шаруашылығының дамуына мүдделі екені, сондықтан үнемі солардың мүддесіне қызмет ететіні жайлы айтылды.
«Ауыл» партиясы ұлттық әл-ауқатты арттырудың түбегейлі жаңа саясатын ұсынып, оны жүзеге асыруға дайын. Біздің мақсат – елімізді индустриалды-аграрлық державаға айналдыру және сол арқылы азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі өте жоғары мемлекет құру. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені экономиканы дамыту үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін де маңызды стратегиялық мәнге ие. Біз Мәжіліске барғанда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, оларды өңдеушілер үшін әлеуметтік аударымдардан басқа салықтың барлық түрін толық жою, өзіндік құн деңгейіне дейін субсидиялауды енгізу, агробизнестің дамуына кедергі келтіретін, мемлекеттік органдар тарапынан болатын кез келген шектеуге тыйым салу бойынша күресеміз. «Ауыл» партиясы бүгінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген оң көзқарасты қалыптастыру, ауыл еңбеккерлерінің абыройын асқақтату, беделі мен танымалдылығын арттыру жөніндегі барлық іске бастамашы, ұйытқы болып қана қоймай, соның заңнама тұрғысында нақты мәртебеге ие болуы үшін күш салып жүр. Біз айтылған мәселелердің оң шешім табуына сіздердің қолдауларыңызбен ғана қол жеткіземіз», деді кандидат Ілияс Досқожаев.