Қазақстандық қоғамдық даму институты елдің гендерлік саясатының ерекшеліктерін ескере отырып, қоғамдық-саяси қызмет саласындағы әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асырудың тиімді жолдарын анықтау және гендерлік саясат саласындағы проблемалық аспектілерді талдау бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізген.
– Жаппай сауалдамаға республикалық маңызы бар 3 қала мен 14 облыстан (сауалдама жаңа облыстар құрылмай тұрып жасалған болатын) 1200 респондент қатысты. Зерттеу 18 және одан үлкен жастағы азаматтар арасында жүргізілді. Бұл ретте бірқатар міндет алға қойылды. Атап айтқанда, гендерлік саясат саласындағы шет мемлекеттердің озық тәжірибесін анықтау, елде гендерлік саясатты іске асыру тетіктерін зерттеп, мәселелерді белгілеу, сондай-ақ гендерлік саясатты жүзеге асыруда әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша мемлекетте қабылданып жатқан шаралар жан-жақты зерттелді. Бұған қоса сандық және сапалық әдістерді қолдана отырып, әлеуметтану зерттеуін жүргізіп, практикалық ұсыныстар әзірленді, – деді Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Жүргізілген зерттеу нәтижесіне орай Әсем Қайдарова елімізде гендерлік құқық, теңдікте әлі де болса айтарлықтай алшақтық барын айтады.
– Әсіресе бұл саяси және экономикалық салада көп байқалады. Өйткені біздің қоғамда әйелдердің саясатқа қатысуы ер-азаматтарға қарағанда шектеулі. Ұзақмерзімді келешекте бұл ұлттық адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге баса назар аудару қажет, – деді басқарма төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ әлеуметтік сауалдама елде әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы белсенділігі төмен екенін көрсеткен. Шағын орта бизнес саласында әйелдердің 30%-ы ғана, ал ерлердің 70%-ы жұмыс істейді. Қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы Ольга Николаеваның айтуынша, ресми немесе азаматтық некеде тұратын әйелдердің шамамен 10%-ы экономикалық тұрғыдан жұбайына тәуелді.
– Жаппай сауалдаманың нәтижесіне сәйкес, әйелдердің 47,3%-ы өз ісін ашып, бизнеспен айналысқысы келеді. Өз кәсібін ашуға кедергі келтіретін ең көп таралған себептер ретінде әйелдер қаржы жетіспеушілігін (64,7%), тәжірибенің, білімнің болмауын (33%), қорқынышты (22,4%) атады, – деді ол. Осы орайда Ольга Николаева әйелдерге арналған тәлімгерлік институтын кеңейтуді, экономикалық қолдаудың қолжетімді шаралары туралы хабардар етуді ұсынды.
Бұған қоса Отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы соңғы екі жылда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша ІІМ қызметкерлерінің саны екі есеге артқанын айтты. Өткен жылдан бастап зорлық-зомбылық жағдайында агрессордың кінәсін дәлелдеу міндеті жәбірленушіге емес, полицияға жүктелген.
– Азаматтардың 5%-дан астамы зорлық-зомбылыққа ұшыраған, оның ішінде ерлер де, әйелдер де бар. Ер адамдар бұл қауіпке негізінен көшеде, ал әйелдер қоғамдық орындарда және үйде тап болған, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің өзектілігін көрсетеді. Бұл ретте азаматтардың үштен бірі соңғы екі жылда бұл мәселе бойынша жағдайдың жақсарғанын атап өтті. Бұған мемлекеттік органдардың жұмысы да өз әсерін тигізді, – деді О.Николаева.
Отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы харасмент мәселесін де сөз етті. «Азаматтардың шамамен 5 пайызы жыныстық бопсалауға ұшыраған. Мұндай жағдай ерлерге қарағанда әйелдер арасында 10 есе жиі болатынын айта кеткен жөн», деді ол.
Сөз соңында, мамандар елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты, қудалауды, жыныстық қудалауды, әйелдер мен қыздарды некеге тұру мақсатында ұрлауды қалыпты емес жағдайға айналдыру үшін осындай құқық бұзушылықтарға немқұрайлық танытпау, заңнамаға «жыныстық қудалау» терминін енгізуді ұсынды.