Төтенше жағдай • 14 Наурыз, 2023

Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайы тәулік бойы бақылауда

428 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы жағдай жергілікті басшылықтың бақылауында. Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайы тәулік бойы бақылауда

13 наурызда Қобда ауданында қардың қарқынды еруі және далалықта еріген қар суы салдарынан Қобда ауылында 15 үй, 28 аула аумағы, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимараты, 1 кафе су астында қалды.

Тұрғындар қауіпсіз жерге - эвакуациялық пунктке көшірілді. Қазіргі уақытта үйлердің аулаларын аралау жүргізілуде, қапшықтарды төсеу бойынша шаралар қабылдануда. 6 мың м3 астам еріген қар суы сорылды.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 35 бірлік техника, 123 адам жұмылдырылды.   Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылына да еріген қар суы кірді. Тұрғын үйлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарға қауіп жоқ.

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе қаласы мен аудандардан 1 514 өтінім қабылданып, барлығы пысықталды. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 181 мың м3 астам еріген қар суы сорылды. 26,1 шақырым арық тазартылды, 4 972 м3 инертті материал әкелінді, 3 320 дана қап төселді, елді мекендерден 524,9 мың м3 астам қар шығарылды. Қосымша 138 ассенизатор тартылды.

Жергілікті жерлерде 142 бірлік техника, 20 мобильді бригада жұмыс істейді, 650 адам жұмыстарға жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша су басқан көшелер жоқ. Бақылауға алынған 4 учаскеде еріген қар суының түсуіне қарай мерзімді жұмыстар жүзеге асырылады.