Үшінші кезеңде жерлесіміз Паула Бадосамен шеберлік байқасты. Былтыр әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтерілген 25 жастағы Испания теннисшісі бұл күндері үздіктер тізімінде 22-сатыға жайғасқан. Соңғы екі жылда ол Аустралияның ашық біріншілігі мен Уимблдонның төртінші айналымына дейін жетіп, Ролан Гарростың ширек финалында өнер көрсетті. Сондай-ақ Паула Индиан-Уэллс, Белград және Сиднейде өткен WTA турнирлерінде топ жарды. Елена 1 сағат 36 минутқа созылған бәсекеде 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Енді 1/8 финалда ол ресейлік Варвара Грачевамен шеберлік байқасады.
Бір қызығы, дәл осы теннисшілер АҚШ-тағы жарыстың жұптық сайысында бірге ойнады. Бірақ Рыбакина мен Бадоса жұбы екінші айналымда Элиза Мертенс (Бельгия) пен Сторм Сандерстен (Аустралия) жеңіліп қалды.