Құрылыс • 14 Наурыз, 2023

Құрылыс компаниялары құқық бұзғанды қашан қояды?

326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел экономикасын өрге сүйреп, қуат беріп тұрған құрылыс саласында 50 мыңнан астам компания бар. Осы компанияларға қатысты жыл сайын 3000-ға жуық құқық бұзу фактісі тір­келе­ді. Бұл сан жылдан-жылға көбей­месе, азаймай тұр. Елімізде бар­лық кәсіпорынның 41,9 пайы­зын құрайтын құрылыс секто­рын­да құқық бұзушылық неге көп?

Құрылыс компаниялары құқық бұзғанды қашан қояды?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазір ел аумағында 7,7 мың нысан салынып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­тр­лігінің есебінше, осы нысандарда құрылыс тығыздығының параметрі жөніндегі талап жиі бұзылады. Сон­дай-ақ қосымша қабаттарды қондыру, рұқсат құжаттары жоқ техникалық қабаттарды қайта жабдықтау талаптары да дұрыс орындалмайды. Бұл – берісі.

Әріге барсақ, жақында Астанада 76 нысанның құрылысы құқық бұзу себептерінен тоқта­тылған. Олардың қатарында «Mars Project», «Aiz Kurylys», «Русалдинг Line», «Building company», «Expert Consulting Agency Kazakhstan», «Global Millennium», «Handan-Astana», «Oreol-Group» т.б. бар. Елорда әкімдігінің мәліме­тінше, 96 нысанда құрылыс жүргізу рұқсатнамасы болмаған. Сол себепті біршама компания әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Дегенмен 20 ұйым шағын қабатты тұрғын үй ке­шендерін өз бетінше салу мә­се­­­ле­лері жөніндегі жұмыс тобы­ның көмегімен рұқсат қағазын алып, жұмысын жал­ғас­тырып жатыр. Әкімдік бұл туралы «Рұқсат құжаттары жоқ көпқа­батты тұрғын үй кешендерінің жаңа құрылыс нысандары анықталған жағ­дайда олар өз бетінше салынған деп танылады және бөлшектеледі», деп хабар берді.

Құрылыс саласында осындай көз­ге көрінетін мәселелерден тыс ас­тыр­тын жатқан түйткілдер де көп. Мысалы, Алматы облысында ха­лықаралық корпорацияның қаты­суымен екі зауыт салынып жатыр. Бірақ экструдталған полистирол көбік және тас жүн өндіретін зауыттың дайын болу уақыты шектен тыс кешігуде. Құрылыс жобасы «Қайрат» индустриялық аймағына тиесілі екен. Әкімдік жүргізген тексеріс нәтижесінде нысанның дайындығы 30-40 пайыз ғана екені анықталды.

Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың сапары барысында «Қайрат» индустриялық аймағы қажетті инженерлік инфрақұрылымды аяқтау үшін біршама қиындыққа ұшырағаны белгілі болған еді. Зауыт­ты салу үшін барлық қажетті инже­нерлік-коммуникациялық ин­фра­құрылым бар болса да бұл нысандар неге уақытынан кешігіп салынып жатыр деген сұрақ туындайды.

Зауыттардың ашылуы 43,8 млрд теңгеге бағалан­ған. Енді бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік әріп­тес­тік шеңберінде инфрақұрылымның алаң­дық желілеріне серіктестер тарты­латын болады. Оған тағы қаржы жұм­салады. Жоспар бойынша бұл нысан осы жылдың соңында іске қосылуы керек.

Әкімдік жобаларды іске асыру үшін 23 жыл мерзімге 30,6 га жер учаскесі қосалқы жалға беріл­генін айтты. Сонымен қатар министрлік осыған бай­ланысты қуаттылығы жылына 500 мың текше метр полимерлі жылу оқшаулағыш және жылу оқшау­лайтын материал өндіретін зауыт­тардың құрылысы кестеден айтар­лықтай артта қалып отырғанын атап өтті.

Жылу оқшау­лайтын материал өн­дірісін салу бойынша жобаны іске асыру 2021 жылдың наурыз айында басталды. «Оның іске қосылуы 2023 жылға жоспарланған болатын. Дайын өнімді (жалпы көлемнің 25%-ына дейін) Қытайға, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспорттауға болады. Дегенмен бас­тал­ғанына 2 жыл өтсе де, 30 пайызы ғана дайын бол­ған нысанның осы жылдың соңы­­на дейін біте қоя­рына сенім аз. Осы­ның бәрі құрылыс секторы­на байла­нысты қатаң кодекстің болмауынан», дейді сарапшылар. Құрдымға кеткен құрылыстың осы сияқты мысалдары ел аумағында шашетектен. «Не­ге?» деген сұраққа жауап ала алмайтынымыз өкінішті-ақ.

Құрылыс компаниялары қауіпсіз­дік ережелерін де жиі бұзады. Мыса­лы, жыл басында ғана «Райым­бек» және «Ayana Plaza» компаниялары қауіпсіздік техникасы мен еңбек та­лап­­тарын бұзған. Бұл туралы Астана әкім­дігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ескерту жасалғаннан кейін «Райымбек» компаниясы анықталған бұзушылықтарды жойды. Ал «Ayana Plaza» компаниясының ісі сотқа беріл­ді. Заңды белден басып, талапқа қайшы әрекет ететін компаниялар бұлармен бітпейді. 2022 жыл аяқталар тұстың өзінде мемлекеттік еңбек инс­пекторлары қаншама қылмыстық іс тіркеп, еңбек заңнамасына 87 жұмыс беруші тартылған болатын. Салынған айыппұл сомасы 16 млн 700 мың теңгені құрапты.

Сарапшылар құқық бұзушылардың көп болуына екі себеп бар дейді. Бірін­шісі – құрылыс саласына қатысты заңның дұрыс қадағаланбауы және сала мамандарының заңды білмеуі. Екіншісі – үлестік құрылыс проблемасы. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды сақтау бойын­ша бірқатар мәселе бар. Үлестік құрылыс туралы тексеру парақтары бекітілмеген. Сондықтан тұрғын үй құрылысының талаптарын қадағалау үшін жос­пардан тыс тексеріс жүргізу мүмкін емес.

«Бәйтерек» Астана құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің пре­зиденті Жамбыл Мелдебайдың ай­туынша, құрылыс саласындағы заң мен бағаны реттеу, сапаны бақылау бір ғана құзырлы органға міндеттелуі керек.

«Құрылыс министрлігі құрылуы қажет. Мысалы, үй салуға қажетті жаб­дықтарды өз елімізде шығар­сақ, қал­та­ға түскен салмақ айтарлықтай жеңілдер еді. Оған әлеуетіміз жете­ді. Кадр тапшылығы да – өзекті мәсе­ле. Өкінішке қарай, елде кәсіби құры­­лысшылар дайын­далмайды. Маман­дар оның салдарын карантин кезінде көрдік дейді. Елде құрылыс тоқтап қалды. Саланы жемқорлық жайла­ғанын білеміз ғой. Тендердің заңсыз өтуіне байла­нысты өңірлердегі құры­лыс компаниялары нәпақасыз қалып отыр. Ал шетелдіктер салып берген нысандардың сапасы сын көтермейді. Қазір құрылыс саласы базар сияқты болды. Кез келген саланы алыңыз, қорғаныс, білім, денсаулық – бәрі құрылыспен айналысады. Ол – бюджеттің ақшасы. Тексеріп жатқан ешкім жоқ», дейді.

Сарапшы сөзінің жаны бар. «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» десек, сол сауыттың берік бо­луына, оны келіп кім көрінгеннің дал-­дұлын шығаруына жол бермеу қажет-ақ.

 

Елігімай ТӨҢКЕР