Өндіріс • 14 Наурыз, 2023

Төрт қалада электровоз өндірісі ашылады

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл мен Түркістан облыстарында электровоз шығарып, оларға қызмет көрсететін өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Жобаларды іске қосу барысында жергілікті мыңдаған маманды даярлау қажет болады. Нәтижесінде, аталған аймақтардың тұрғындары үшін қаншама жұмыс орны ашылады. Ауқымды жобаны Францияның темір жол көліктері өндірісімен айналысатын компания жүзеге асырмақшы.

Төрт қалада электровоз өндірісі ашылады

2022 жылы қарашада Мем­лекет басшысының Фран­ция­­ға ресми сапары аясында «Қа­зақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Alstom Transport SA» АҚ ара­сында бірқатар келісімге қол қойылған болатын. Келісім бо­йынша, «Alstom» компаниясы 2023-2029 жылдар аралығында қазақстандық зауытта электровоз шығарады және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ үшін 245 электровоз жеткізіп береді.

Төрт қалада ашыл­ғалы отыр­ған өндірістік жо­ба­ларды жүзе­ге асыруға «Alstom» 50 мил­лион еуро ша­ма­сында инвес­тиция салуды көздеп отыр. Осынау игі шара елі­міздегі электровоз тапшылығы мәселесін ше­­шеді және Қазақстан жүк жөнел­ту­шілеріне сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік ашады.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василен­ко­ның айтуынша, былтыр Қазақ­стан мен Еуропалық одақ елдері арасындағы өзара тауар айналымы 27,6 пайызға өсіп, 40 млрд АҚШ долларына жеткен.

«Қазақстан ЕО және оған мүше мемлекеттермен кеңей­тілген әріптестік пен ынты­мақ­тас­тық туралы келісімге қол қой­ған және оны ратифи­ка­ция­ла­ған аймақтағы жалғыз ел болып қала береді. Бұл ретте Қазақстан өткен жылы сирек кездесетін металдар, «жасыл» сутегі, акку­му­ля­тор, көлік-логистикалық әле­уетті дамыту, сондай-ақ та­уар­ларды жеткізу тізбегін әрта­рап­тандыру сияқты жаңа салаларда ынтымақтастық орнатты», деді министрдің орынбасары.