Қазақ елінің қалыптасуына, іргесін нықтап, шаңырағын берік етуге алдыңғы буын ағалар аз еңбек еткеніміз жоқ. Алайда бір күннің ішінде Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес. Оған қол жеткізу үшін білімі бар, көргені көп, шетелден үйренгені мол азамат, халқының тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жетік білетіндер билікке келуі қажет. Әйтпесе қазақ халқының салты да, дәстүрі де талай жылдан бері қалыптасты. Сондықтан оны бұзбай, қазіргі заманмен ұштастыра білгені жөн.
Ендеше, келешекте депутаттық мандатты иеленетіндердің мақсаты – халықтың әл-қуатын көтеру болуға тиіс. Құдайға шүкір, қазір Қазақ елінің жағдайы жақсы. Көп елден көш ілгеріміз. Бірақ бұған тоқмейілсімей, тоқтамай, ілгерідегі мемлекеттерге қарап бой түзеуіміз керек. Қазақстанның далиған жерін біреу бізге сыйға тарта салған жоқ. Бұл хандарымыз бен батырларымыздың, көсемдеріміз бен халқымыздың қанымен, жанымен сақталған жер. Сақ, ғұндардан бастап Күлтегін секілді баһадүрлер Ұлы даланы қорғау үшін басын бәйгеге тікті. Осыны ұмытпауымыз қажет.
Нобель сыйлығының иегері Йоханнес Ханс Даниель Йенсен деген ғалым «Елден ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, ақыл-ой иелері кетсе, онда сол елдің сәні болып отырған интеллигент те құриды. Ондай елде бизнесмендер билікке келеді, көшедегі кім көрінген саясаткер атанады. Ал әртістер мен спортшылар, базардағы алыпсатарлар депутат болады», деп айтқан екен. Сондықтан халық кімнің кім екенін ажырата білгені абзал.
Осы орайда, бәйгеге түсіп жатқан іні-қарындастарыма шын жүректен, ақ тілекпен, ешқайсысын бөле-жармай, алдағы сайлауда озық шығуды тілеймін. Халыққа шын көңілден қызмет етсе деп армандаймын. Сондықтан халқымызды бәріміз бір кісідей жұмылып, сайлауға қатысуға шақырамын. Өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне үлес қосуға үндеймін.
Партияларды бөліп-жармаймын. Сайлауға қатысып жатқан партиялардың мақсаты – елдің тұрмыс-тіршілігін жақсарту, елдің ертеңі үшін еңбек ету. Қазаққа жақсылық жасау. Сондықтан шын жүрегімнен партиялардың бәріне табыс тілеймін. Жолдары болсын!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
қоғам қайраткері