Экономика • 15 Наурыз, 2023

Қазақстанның балық өнімдері ЕО елдеріне экспортталады

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15 наурыздан бастап Еуропалық комиссия қазақстандық балық кәсіпорындарын өз өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттауға құқығы бар компаниялар тізіміне енгізу рәсімін қайта бастайды, деп хабарлайды Egemen.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның балық өнімдері ЕО елдеріне экспортталады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне казақстандық ветеринариялық бақылау жүйесіне деген сенімді қалпына келтіру туралы тиісті хат жолданды.

Осылайша, өз өнімдерін ЕО-қа экспорттауға құқығы бар отандық кәсіпорындардың тізімі кеңейтіледі. Бүгінгі таңда тізімде 17 қазақстандық компания бар.

Айта кетейік, 2018 жылы Еуропалық комиссия балық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға аудит жүргізді. Аудит қорытындысы бойынша 11 ұсыныс берілді, оның ішінде елдің ветеринарлық қызметін бақылау бойынша ұсыныс бар. Кейін қазақстандық тарап ұсынымдардың орындалуы туралы егжей-тегжейлі есеп жолдады.

Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі нығайту және ЕО елдеріне экспортталатын өнімдердің тізімін кеңейту аясында Еуропалық комиссия болашақта еуропалық нарыққа шығаруға болатын бал өнімі бойынша сауалнама жіберді.

Естеріңізге сала кетейік, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Брюссельге сапары аясында  еуропалық комиссарлармен кездескен еді. Келіссөздер барысында АШМ басшысы Қазақстанның жоғары сапалы органикалық азық-түлік жеткізушісі болу мүмкіндігі туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Еуроодақ елдеріне отандық ет, сүт, құс және балық өнімдерін экспорттау туралы сөз қозғалды.