27 Маусым, 2014

Францияның құрметті консулдығы ашылды

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атырау облысымен эко­но­ми­калық, іскерлік байланыс орнатып, қомақты инвестиция салған елдің бірі – Франция. Осы елдің Қазақстандағы төтенше және тұрақты елшісі Франсис Этьенн мырзаның мәлім етуінше, бүгінгі таңда Қазақстанда Францияның 50-ге жуық компаниясы әр салада жұмыс істейді. Әсіресе, француз компаниялары еліміздің мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібіне қызығушылық танытуда. Сонымен бірге, теміржол локомотивін, ұшақ­тар мен тікұшақтарды импорттау, спутниктік байланыс және құ­рылыс материалдарын өндіру, қызмет көрсету секілді салаларда екі елдің 100-ге бірлескен кәсіпорны құрылыпты. Дәл қазір аталған елдің Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының көлемі 9 мил­лиард долларға жетіп отыр. Ал Атырау облысымен арадағы тауар айналымы өткен жылы 4,2 миллиард долларды құрапты. Бұл өңірде француздар капиталы салынған алты ірі кәсіпорын жұмыс істейді. – Қазақстанның экономикалық өркендеуі, әсіресе, Атырау секілді ин­вестиция салуға қолайлы аймақтар әлем елдерінің қызығушылығын туғызады, –деді Францияның елшісі Франсис Этьенн мырза Атыраудағы құрметті консулдықтың ашылу сал­танатында. – Біздің еліміз Қазақ­станмен, соның ішінде, Аты­рау өңірімен іскерлік, сауда-эконо­ми­калық қарым-қатынасты бұрынғыдан жан­дандыра түсуді көздейді. Сол себептен, мұнайлы Атыраумен бай­­ланысты өрістету мақсатында Фран­цияның құрметті консулдігін ашуды көздедік. Бұл – біздің Қазақ­стан өңірлерінде құрметті консул­дығымыз. Францияның елшісі Атырау облысындағы құрметті консуль қызметін атқаруға «Меркур Хол­динг» ЖШС бас директоры Есенғали Бәйменовтің таңдалғанын жеткізді. – Біз Франция мен Атырау облысының арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды ны­ғайтуға жұмыстанамыз, – деп кон­сулдықтың алдағы мақсатымен бө­лісті Е.Бәйменов. – Сонымен қатар, Атырау облысы мен басқа өңірлердің тұрғындары үшін Францияға баруға виза алуды жеңілдетіп, Атыраудан Францияға әуе қатынасын ашуды қолға алмақ жоспарымыз бар. Атырау облысы әкімінің орынбасары Ш.Мұқан біздің облысымыз бен Франция арасындағы тығыз экономикалық байланыстар туралы еске салды. Атап айтқанда, ол 2013 жылы Атырау облысы мен Фран­ция арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд. доллар құрағанын атап өтті. Бұл 2012 жылға қарағанда 12 пай­ыз­ға көп. Атырау облысында фран­цуз капиталы қатысқан алты ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.