Театр • 15 Наурыз, 2023

«Иолантаны» жастар орындады

187 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Петр Чайковскийдің «Иоланта» операсының концерттік қойылымын көрермен назарына «Астана опера» халықаралық опера академиясының солистері ұсынды. Махаббаттың алапат күші жайлы хикая көрерменге таңсық емес. Жас таланттардың өнерімен өрілген әйгілі шығарма бұл жолы жаңа форматта шықты. Қоюшы дирижер Руслан Баймурзиннің шебер екпінімен музыканы театрдың Симфониялық оркестрі мен хоры нақышына келтіріп орындады.

«Иолантаны» жастар орындады

«Астана опера» халықаралық опера академиясының алғашқы шы­ғарылымы дарынды жас әншілерді жинады. Олар ұстаздары берген білім мен тәжірибені асқан қызы­ғушылықпен қабылдап жүр. Мұн­дағы дәріс берушілер де өз ісінің май­талмандары, – деп атап өтті «Ас­тана Опера» директоры Ғалым Ах­медьяров. – Жастар шебер орындап шыққан «Иоланта» операсының кон­церттік қойылымы – олардың ман­сабындағы маңызды емтихан, шы­ғармашылық жетілудің жаңа кезеңі. Театрымыздың көрермендері жас дауыстарға ерекше ілтипатпен қарап, академистерді қолдайды. Жақын арада олардың өз әлеуеттерін ашуға жаңа мүмкіндіктері пайда болады деген үміттеміз. Академия түлектерінің Қазақстанда ғана емес, шетелде де өнер көрсететіндеріне сенеміз».

«Иоланта» операсы нәзік лирикасымен, жасампаз, позитивті ойлауымен, терең әрі таза мәнісімен ерекшеленеді. Шығарманың желісі есіңізде болар, көзі көрмейтін һәм онысын өзі білмейтін Иоланта бірде қатты ғашық болады. Ұлы махаббатының әсерінен жанары ашылып сала береді. Бұл бір таңғажайып оқиға дерсіз. Қойылымның басты идеясын жүзеге асыру үшін режиссер Еренбақ Тойкенов операның мазмұнына екпін жасап, оған қарапайым декорациялар қосты, яғни театр сахнасының заманауи технологиялық мүмкіндіктерін пайдаланды. Бұл тәсіл көрерменнің назарын музыка мен солистердің дауыстарына аудартуға мүмкіндік берді.

Бейтаныс адамдардың келуі бей­қам өмірін түбегейлі өзгерткен зағип қыз Иолантаның басты партия­сын Ұлпан Әубәкірова мен Әй­герім Аманжолова орындады. Бас­ты ерлер партиялары Водемон мен Робертті Саян Исин мен Ораз Мұ­хамедьяр, Расул Жармағамбетов пен Азат Мәлік сомдады. Басты кейіп­кердің әкесі – Рене патшаның рө­лінде Валерий Селиванов пен Шың­ғыс Расылхан өнер көрсетті. Ал Бри­гит­таның рөлін Назым Сағынтай мен Гүлдана Алдадосова орындаса, сон­дай-ақ Лаураны таныстырған Әсем Әубәкірова мен Дариға Мұсаева көп­шілікті дауыстарымен баурап алды. Мавританиялық дәрігер Эбн-Хакияны Дінмұхамед Көшкінбаев пен Ержан Саипов, Альмерикті Нұрқанат Тапиев пен Талғат Аллабиринов, қарауылшы Бертранды Жандарбек Еркінбаев шебер сомдады. Ал бас­ты кейіпкердің күтушісі Мартаны «Астана Операның» жетекші солисі Татьяна Вицинская таныстырды.

Айта кетейік, жас орындаушы­ларға өнер көрсетуге дайындалуға халықаралық коучтер – Үлкен театрдың жастар опера бағдарламасының көр­кем­дік жетекшісі Дмитрий Вдовин мен Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян көмек көрсетті.

«Аңызға айналған Иолантаның партиясын орындау мен үшін үлкен мәртебе. Өйткені онымен үздік әлемдік сопранолар сахнаға шыққан болатын. Сондықтан өз рөліме барынша жауапкершілікпен келдім. Дайындық вокалдық-техникалық тұрғыдан ерекше қиындықтар ту­ғыз­ған жоқ. Кейіпкердің уайы­мын, эмоциясын, мінезін, оны толыққанды адам етіп көрсететін басқа да қасиеттерін беру оңай болған жоқ. Иоланта өзі мүлдем бейхабар болған сырқатына қара­мастан өмірді сүйді. Ұзақ ойла­нып-толғанып, сәйкес келетін бей­нені іздедім. Менің Иолантам кү­ту­шісіне, құрбыларына, әкесіне және ай­наласындағы барлық жанға мейірімді, кішіпейіл, нәзік, жайдары да се­зімтал», дейді академия солисі Ұл­пан Әубәкірова.

Операға келген көрермен Раушан Құрманбаева «Иолантаны» алғаш рет тамашалағанын айтты.

«Опера академиясы солистерінің өнер көрсетулеріне бірінші рет келіп отырған жоқпын, әр келген сайын осынау жас әншілерге тамсанамын, қуат аламын. Әсіресе тұрақты ке­летін көрермен осы кәсіби өсуді бай­қайды. Басты рөлді орындаған Ұлпан Әубәкірованы ерекше атап өткім келеді, оның әуеде қалықтаған дауы­сын тапжылмастан тыңдадым. Ол Иолантаның сезімдерін дәл жеткізе білді», деді ол.

Еске салсақ, «Астана опера» ха­лықаралық опера академиясы Қа­зақстанның опера өнерін же­тілдіру және әлемдік театр алаң­да­рында елі­міздің дәрежесін арттыру мақ­сатында шығармашыл дарынды жастарды шетелдік коучтармен кәсіби даярлау үшін елорда театры жанынан 2019 жылы құрылған еді.