Ұлы Абай атамыз туған топырақта өмірге келген кейіпкеріміздің ұстаздық қызметіне отыз жылдан асса да, уақыт талабынан бір сәт қалып көрген емес. Үнемі ізденісте жүреді. Жаңашыл. Талапшыл. Бастамашыл. Біз Рахат Омашқызының осы қасиетін әңгіме барысында байқадық. Тәжірибесі мол білікті маманның айтар ойы да өзгеше. Көп әріптестеріне ұқсамайды.
– Білім саласында бір орында тоқтап қалуға болмайды. Үнемі алға жылжып отыру керек. Сондықтан әр кезеңге байланысты оқу бағдарламасы да өзгереді. Ол – заңдылық. Кейде «мектептегі білім жүйесі бұрынғыдай емес» деген пікірді естиміз. Қазір уақыт басқа. Енді балаларды бұрынғы білім жүйесімен оқыта алмаймыз. Оқушыларды осыдан отыз, жиырма, тіпті он жыл бұрынғы мектеп түлектерімен салыстыру мүмкін емес. Бүгінде елімізде жаңартылған білім беру мазмұны іске асып жатыр. Бұл – заман талабы. Меніңше, оқушыға тек пән арқылы білім беріп қана қоймай, оларды жаңа заманға икемдеп, дағды қалыптастыру керек. Бір жағынан, XXI ғасырдағы мектеп түлегі қандай болуы керек дегенде, ол алдымен қарым-қатынасқа жақын, ел алдына шығып кез келген мінбеден сөйлей алуы қажет. Сонымен бірге кез келген мәселеге сыни көзбен қарап, жан-жақты сауатты болуы керек, – дейді ол.
Бүгінде оқимын, ізденемін деген оқушыға жол айнадай жарқырап жатыр. Ауылда отырып, ғаламтор арқылы әлеммен байланысып, қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік зор. Рахат Омашқызы жаңартылған білім беру мазмұны оқу бағдарламасына енгеннен бері мұғалімдердің де санасы өзгергенін жеткізді. Мұнда ұстаздардың ізденісі мен шығармашылығына басымдық берілген. Мектеп бен ата-ана арасындағы кері байланыс та арта түскен.
Қазір елімізде ағылшын тіліне деген сұраныс жоғары. Жас та, кәрі де ағылшынша сөйлеуге ұмтылады. Бір жағынан, бұған қуансаңыз, екіншіден, қазақ тіліне деген сұраныс та сондай болса екен дейсіз. Кейде бізде ағылшын мен қазақ тілі мұғалімдерінің оқу-әдістемесін бір-бірімен салыстырып жатады. Бұған кейіпкеріміздің айтатын өз пікірі бар.
– Негізінен екеуін салыстыруға болмайды. Себебі ағылшын тілі мұғалімдерінің оқу-әдістемелік кешені мүлде бөлек. Олардың ғасырлық тарихы бар. Онда балаға керекті құрал-жабдықтың бәрі даяр. Олар оқу-әдістемеде не жазылып тұр, тура сонымен жұмыс істейді. Ойдан ешнәрсе қоспайды. Олардың оқулық авторлары 10-13 адамнан тұрады. Оның арасында ғылыми атағы зор профессордан бастап, теоритик, практик секілді мамандар қамтылған. Сонымен бірге психолог болады. Оқулық жазғанда баланың жас ерекшелігі де ескерілу керек. Міне, оларда бір оқулық жазып шығару үшін қаншама маман топтасып жұмыс істейді. Тұтас институт десек болады. Бізде олай емес. Бірақ біз соған біртіндеп келе жатырмыз, – дейді Р.Әзімбаева
Бір жылдары «мұғалім беделіне» көлеңке түсіретіндей түрлі пікір айтылып жүрді. Бірақ «асылды тот баспайды» демекші, өз ісінің кәнігі шеберіне айналған маман қай кезде де қадірлі. Кейінгі кездері жүзеге асқан білім саласындағы сапалы өзгерістердің ұстаз беделін көтеруге тигізген әсері үлкен. Мемлекет тарапынан да әлеуметтік қолдау арта түсті. Алайда біз «мұғалім беделі» дегенді қалай түсінеміз? Осы сұрақты кейіпкерімізге қойып көрдік.
– «Мұғалім беделі» кең ұғымды білдіреді. Меніңше, ол – оқушылардың сыйластығы мен жылы көзқарасы. Әр мұғалім беделін жеке қалыптастырады. Егер сабағыңды балаларға ұғынықты тілмен жеткізіп, қызықты етіп берсеңіз, олар сені сыйлап төбесіне көтереді. Жаңашыл ұстазға деген оқушылардың құрметі бөлек. Өзім үшін «мұғалім беделі» осы. Отыз жылдық ұстаздық жолымда біраз оқушыны халықаралық, республикалық олимпиадаға дайындадым. Олармен жұмыс істегенде уақытты мүлде есептеген емеспін. Қаншама шәкіртім білім бәйгесінен топ жарды. Соны жұмысымның нәтижесі деп бағалаймын. Қазір 9-11 сынып оқушыларына қазақ және орыс тілінен сабақ беремін. Кейде бір оқушым сабақ үстінде көңілсіз отырса, оны қанаттандыру үшін «Оян, қазақ», «Ойлан, қазақ» деп айтамын. Өйткені осы сөз тіркестері арқылы баланың санасына қазақы ұғымды сіңіре берсем деймін. Орыс сыныптарында да қазақша жатық сөйлейтін оқушылар жетерлік. Әрине, барлық бала бірдей емес. Әр оқушының көңіл күйіне қарай кейде сабаққа дайындап келген жоспарыңды өзгертесің. Біз мұғалімді психолог дегенімізбен, балалар бізден өткен психолог. Мысалы, әр оқушыға «сіз» деп сөйлеймін. Осы арқылы олар өздерін тұлға сезіне бастайды. Әр оқушы өз ой-пікірін ашық айта білгені дұрыс. Мұғалім сабақта көп сөйлей бермей, баланы да тыңдай білу керек, – дейді ұстаз.
Р.Әзімбаеваның еңбек жолы 1991 жылы Абай облысындағы Қарауыл ауылындағы Абай атындағы орта мектептен басталып, кейін Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Налобин орта мектебінде жалғасты. Одан соң Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінде қызмет істеді. Осы білім ордасында жүргенде ізденімпаздығымен көзге түсіп, әріптестерінің арасында үлкен беделге ие болды. Қазақ тілін оқытуға байланысты көмекші құралдары жарық көрген. 2019 жылы республикалық «Үздік педагог» атағын иеленді. Мемлекет басшысының қолынан II дәрежелі «Барыс» орденін алды. Бұдан басқа да қол жеткізген жетістіктері көп. Астанаға келгеніне үш жылдан аса уақыт болса да, қазір ол республикалық физика-математика мектебіндегі маңдайалды ұстаздың біріне айналды. Мұғалім мерейі дегеніміз осы.