Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның жалпы отырысы болды. Бұл – сенаторлардың кезекті сессиядағы соңғы отырысы. Енді депутаттар қызметі аймақтарда жалғасады.
Соңғы отырыстың күн тәртібіне 8 заң жобасы енгізілген екен. Әрине, қай заңның да қоғам үшін қажеттілігі айқын, алайда, депутаттарды да, журналистерді де бір мәселе ерекше елеңдетті. Ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы еді.
Мәселенің мәнісіне үңілсек, 2011 жылы елімізде осы салада тағайындалатын оператор туралы шешім қабылданып, Қазақстан алты айдың ішінде оны айқындауы тиіс болатын. Бірақ ол жүзеге асырылмай, ақырында Дүниежүзілік пошта одағы атынан EMS кооперативі 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап, Қазақстанға барлық мүшелік жеңілдіктерді беруді тоқтататыны туралы Ұлттық пошта операторына хабарлама жіберген. Негізінде, заң жобасы бұдан бұрын Көлік және коммуникация министрлігі тарапынан екі мәрте дайындалған, алайда, ол Әділет министрлігі тарапынан қолдау таппапты. Енді, міне, әбден уақыт таянғанда бір топ Мәжіліс депутатының бастамасымен заң жобасы қолға алынса керек.
Заң Елбасының Жолдауындағы еліміздің транзиттік әлеуетін, логистикалық көрсетілетін қызметтер мен халықаралық сауданы дамыту саласында қойған міндеттерді орындау аясында әзірленген екен. Заңға қатысты өз ойларын білдірген депутаттар А.Савченко, С.Жалмағамбетова, Қ.Айтаханов еліміздегі пошта қызметіндегі ащы шындықтарды ортаға салды. Мәселен, сенатор Светлана Жалмағамбетова ауылды жерлерде жұмыс істеп жүрген пошташылардың тым мардымсыз жалақы алатынын айта келіп, керісінше, «Қазпошта» басшыларының ақшаны миллиондап алатынын айтты. «Мен біреудің қалтасындағы ақшасын санаудан аулақпын, алайда, басшылар мен жұмысшылардың жалақысы арасындағы айырмашылық мәселесі ел үкіметіне ой салуы тиіс деп ойлаймын» деген ол Ақмола облысының Жарқайың ауданын мысалға келтірді.
Аудан бойынша 20 пошташы жұмыс істесе, олардың барлығы жиылып 5,5 мөлшерлемеде ғана жалақы алады екен. Ал бір мөлшерлеме –7 мың теңге, сәуірдің 1-інен бастап ол 44 560 теңгеге көтерілген. Гастелло атындағы ауылда 758 тұрғын бар. Ол жердегі пошташы-оператор 0,3 мөлшерлемеде, яғни тек 12 300 теңге көлемінде жалақы алатын көрінеді. Ал Тассуат ауылындағы пошта қызметкері 0,2 мөлшерлемемен жұмыс жасаса, бұл – 8 900 теңге айлық деген сөз. Ауылдардың басым бөлігінде солай. Бүгінде жалғыз Тасты-Талды ауылында жұмыс істейтін пошта қызметкері ғана толық мөлшерлеме алып отыр екен. Жарқайыңдық пошташылардың барлығы жиылып, ай сайын 244 мың теңге алғанымен, олар зейнеткерлерге зейнетақы жеткізудің арқасында «Қазпоштаға» 750 мың теңге табыс әкелетін көрінеді. Демек, үш есе артық жұмыс істейді.
«Қазпошта» басшылары болса, жақында сол қызметкерлерді қысқартамыз деп ұйғарған», – деген С.Жалмағамбетова «Қазпошта» басшыларының өзінің жалақы туралы жазбаша сауалына жауап бермегенін алға тартып: «Біз, депутаттар, «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қабылдағаннан кейін ондай ақпарат депутаттар үшін де жабық болып қалған. Бұл жай нәрсе емес», деді және «Қазпошта» басшыларының бүгінгі жалақылары түрлі бонустары мен сыйақысын есептемегенде 1-1,5 миллион теңгеге дейін жететінін айтты. Жалақыны жамбасқа басқан «Қазпошта» салаға қажет заң әзірлеуге келгенде асықпапты.
Отырыс барысында палата Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы ресейлік мұнайды Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ, Қазақстан мен Италия Үкіметтері арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Республикасы Қарулы күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімдерді ратификациялады.
Депутаттар Каспий маңы мемлекеттерінің қауіпсіздік саласындағы құзыретті органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған «Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мен Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Шекара өкілдерінің қызметі туралы келісімді және Қазақстан мен Эстония арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.
Палата «Денешынықтыру және спорт туралы» заң жобасын да қарастырды. Заңда денешынықтыру-спорт ұйымдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша Үкіметтің, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін кеңейту көзделген. Бұл ретте де өз пікірін білдірген сенатор Қ.Айтаханов: «Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын ал» деген тамаша сөз бар. Спорттың бұқаралығын қамтамасыз етсек, қаншама аурудың алдын алар едік. Алайда, ауыл мектептерінің көпшілігінде әлі де спорт залдары жоқ. Республика бойынша 7 мыңнан астам мектеп болса, солардың 3 мыңында спорт залдары жоқ», деп статистикалық мәліметтерді келтіре кетті. Қытайда бір спорт нұсқаушыға 5 мың адамнан келсе, Еуропа елдерінде 10 адамға –біреу, ал біздің Алматы қаласында 84 мың адамға бір нұсқаушыдан келеді екен. Қалалы жерлерде спорттық кешендер болғанымен, оған бару тек қалталы адамдарға болмаса, өзгелерге ауыр тиеді. Аулаларда, ауылдарда, шағын аудандарда спорт инфрақұрылымдары мен кішігірім алаңдарды, стадиондарды жасақтау қажеттігін айтқан сенатор Олимпиада чемпиондарын осындай орындардан өсіріп шығу болашағына тоқталды. Мәселен, деді депутат, еліміздің айдынын асырған Илья Ильин қарапайым отбасынан шыққан, сондықтан да біз спортты неғұрлым қарапайым ортаға жақындатуға тиіспіз.
Сонымен, сенаторлар екі оқылымда қарай келіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.
Отырыстың соңында сессияны қорытындылай келіп, Қ.Тоқаев Сенат Мәжіліспен және Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жүргізе отырып, Елбасының тапсырмаларынан туындаған кешенді шараларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттерді жүзеге асырғанын атап өтті. «Парламент қабылдаған 104 заң, тұтастай алғанда, дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық міндетті табысты жүзеге асыруымыздың берік құқықтық негізі болары анық», – деді Төраға.
Сенат басшысы жүзеге асқан республикалық бюджетті нақтылауларға назар аударып, мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелердің толық көлемде орындалғанын атап өтті. Кәсіпкерлікті дамытуды ынталандырудың, қаржы секторының әлеуетін арттырудың, инвестициялық ахуалды жақсартудың жаңа заңнамалық негізі қаланғанын, Парламент қабылдаған басымдыққа ие құжаттардың қатарында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыруға және бизнес пен мемлекеттің өзара тиімді іс-қимылы туралы заңдар барлығын жеткізді. Сондай-ақ, Төраға Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерді талқылау және қабылдау аясында нәтижелі жұмыстар жүргізілгенін назарға салды.
«Депутаттық сауалдар – парламенттік бақылаудың пәрменді құралы. Сенаторлар сессия барысында әлеуметтік-экономикалық маңызы бар тақырыптар бойынша 140-тан астам сауалдар жариялады және қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуына үлес қосты, – деді палата Төрағасы. – Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес пен «Өңір» депутаттық тобы белсенді жұмыстарын жалғастыру үстінде. Сенат бұрынғыдай Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге жәрдемдесіп, екіжақты және көпжақты негізде парламентаралық байланыстарды тереңдете түсті, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезін тиісті деңгейде өткізу бойынша жан-жақты әзірлік жұмыстарын жүргізіп келеді».
Қ.Тоқаев алдағы сессияда алға қойылған міндеттер туралы да айта келіп, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты ратификациялау қажет болатынына тоқталды және депутаттарды еліміздің мүдделерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуде, сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық тетіктерін кеңейтіп, одан әрі жетілдіру жолында жоғары белсенділік танытуға, аянбай еңбек етуге шақырды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».