Мектеп • 15 Наурыз, 2023

Ауылдағы тірек мектебі

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрманғазы ауданының Сафон ауылындағы орта мектепке қазақтың әйгілі ақыны Қадыр Мырза Әлінің аты берілген. Білім ордасы облыс орталығынан 276 шақырым қашықта орналасқан. 362 оқушыға 54 мұғалім дәріс береді.

Ауылдағы тірек мектебі

Білім ордасы «Ауылдық ай­мақтардағы тірек мектеп­тері­нің әлеуетін арттыру» жобасына енгізілген. Соған сәйкес 27 оқу сыныбы мен қо­сымша кабинеттер қайта жасақталған. «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген 249 млн 825 мың теңге демеу­шілік қаржыға қажетті құ­рал-жабдықтар сатып алынған.

– Ауылдар мен қалаларда орналасқан мектептер арасын­да алшақтық байқалады. Білім беру сапасы әсіресе, елді мекендердегі мектептерде төмен деген көзқарас бар. Бұл – баршаны ойлантатын жайт. Мұндай мәселені жүйелі әрі кешенді шешу үшін «Қа­зақстан халқына» қоры серік­тес­термен бірге ауылдық тірек мектептерді дамыту жөнінде ше­шім қабылдады. Осыған байла­нысты «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында 17 ауылдық тірек мектепті жаб­­­дықтап, әдістемелік қолдау көрсетуді қолға алдық. Осы кезге дейін өңірлерде 11 мектеп қайта жарақтандырылды. Осылайша, білім сапасын көтеру үшін жаңа жабдықтар мен дағдылар шағын жинақты мектептерге ба­ғытталады. Өйткені мұндай ша­ғын мектептерде материалдық-техникалық базаның ескілігі мен кадр жетіспеушілігі секілді өзекті мәселе бар, – дейді қоғамдық қордың басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиевтың айтуынша, басқарушы құрамның білік­ті­лігі шыңдалған. Өзі жә­не әдістеме, инновациялық жұ­мыс жөніндегі орынбасарлары педагогикалық шеберлік орта­лығы ұйымдастырған «Мектепті тиімді басқару: мектеп командасы мен білім сапасы» курсында білім жетілдірген. Ал ұстаздар үшін «Бағалауды қалыптастыру» тақырыбында дәріс өткізілген. Математика, информатика, ағыл­шын тілі, биология, қазақ тілі және физика пәндерінің мұғалімдері аталған орталықта біліктілігін арттырған.

– Мектебіміз толықтай жаңар­ды. Интерактивті тақталармен, басқа да қажетті жабдықтармен қамтылды. Бұрын қолымыз жет­пей жүрген STEM кабинеті ашылып, оқушыларға жаңа мүмкін­діктер ашылды. Еңбек пәні үшін арнайы жабдықтар алынды. Қыз­дарымыз тігін машинкасымен іс тігуді үйреніп жүр. Оқушылар түрлі робот құрастырады. Енді бұл мектепте алаңсыз жұмыс іс­теуге, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалды. Келешекте білім сапасы артады, – дейді С.Жұпарғалиев.

 

Атырау облысы