Сонымен Анарды Алматы қаласында өткен Born Nomad Power Awards көрмесінен жолықтырдым. Кейіпкеріміз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының миллион теңгелік сертификатына лайықты деп табылған екен. Анар Бексұлтан осы сапарында БАҚ өкілдерімен сұхбат құрып, басынан өткен қиындықтарға қарамастан, қалай табысты кәсіпкер болғанын баяндады.
Көпбалалы отбасында, әке-шешесі мен бауырларының қамқорлығына бөленіп өскен Анар екі қолы жоқтығынан қағажу көрмегенін айтады. Ол да басқа балалар сияқты мектепке барған, сыныптастары жүгірсе жүгіріп, құласа бірге құлап, тек пәндерді ауызша меңгереді. Анардың қолдарына протез де салынған, бірақ оның ыңғайсыз болғанын, протезге қарағанда аяқтары әлдеқайда икемді болғанын айтады.
– Жастайымнан көп нәрсеге бақылаушы сияқты қарайтын едім. Есейе келе адам өзін өзі қамшылауы керектігін түсіндім. Орта мектепті жақсы аяқтап, жоғары оқу орнын бітірдім. Екі қолы жоқ адамның қоғамнан ойып орын алуы оңай емес, ылғи күресуге тура келеді. 2013 жылы жеке кәсіп бастауды ұйғардым. Бір құрбым колледж асханасын жалға алып, тамақтандыру орнын ашуды ұсынды. Өз қолыңмен қамыр ашытпаған соң, тамақ пісірмеген соң шаруа жүре ме деп одан да бас тарттым. Осыдан кейін үйімнің екінші жартысынан жекеменшік балабақша ашуды ойлап, бірақ келген бүлдіршіннің басынан сипап қарсы алмаған соң ыңғайсыз болады ғой деп, одан да бас тартып, ақыры қыз жасауын тігуді ұйғардым. Таныстарымнан 500 мың теңге қарыз алып, базардан мата әкеліп тігіншілікке бет бұрдым. Аяғыммен іс тігуді үйрендім, бірге туған апайларым – Дина мен Шынар көмекке келді. Алдымнан он есік жабылса да, ақыры бір есік ашылмай қоймады. Алғашқы жылы 5 қыздың көрпе-төсегін тігіп, қарыздан құтылдым. Келесі жылы 15 жасау тіктік. Былтыр жүз қыздың жасауын дайындаппыз. Жасыратыны жоқ, тігіншіліктің қыр-сырын толық меңгеруіме сегіз жыл уақытым кетті, дейді Анар.
Дегенмен Анар тұйықтау, биязы болып өскенін, екі қолдың жоқтығы мен үшін көп нәрсеге үлкен шектеу қойғанын да жасырмайды.
– Университет те бітірдім, биология пәнінің мұғалімі атандым. Бірақ биология пәнінің мұғалімі болғанымен де, еш жерде жұмыс істей алмадым. «Сен онсыз да жәрдемақы аласың, саған жұмыстың не керегі бар» дегендер де табылады. Алайда әрі қарай жұмыс істеуге тырыстым. Жеңіліп ауылға қайтып кетпей, Жамбыл облысы тарихи өлкетану музейінің экскурсия қызметіне орналастым. Сол қызметте 22 жыл жұмыс істеп келемін, дейді Анар.
Осы арада Анардың М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне бірден түсіп кетпегеніне де тоқтала кеткен жөн. Алғашқы жылы оқудан «құлап қалғанда», тауы шағылмай, жоғары білім алуға келесі жылы тағы да ұмтылып, жолы болады.
Шебердің айтуынша, ол тігін әлеміне тек 35 жасында аяқ басқан. Алғашында балаларына, кейін көрші-қолаңға тапсырыспен тіккен. Уақыт өте келе кәсібін ашады. Жоғарыда атап өткендей, алғашқы тапсырысы – қыз жасауы.
«Ештен кеш жақсы» дейді, бұл іске мен 35 жасымда кіріскен екенмін. Қазір «Анар Бексұлтан: әдемі қыз жасауы» деген бизнесім бар. Біздің Жамбыл облысында қыз жасауы өтімді. Сұраныс жоғары болғандықтан, осы істі бастап кеттік. Бастаған кезде айтарлықтай қиын болған жоқ, қатты қорыққан жоқпыз. Себебі бұл біздің ішіміздегі қайта жаңғыру, бала кезден көріп келе жатқан дүниенің сыртқа паш етілуі еді», дейді тігінші.
Осылайша, Анардың дәл осы кәсіпте ісі оңғарыла бастаған. Бірінен-бірі естіген адамдар жасауды аяғымен тігетін Анарды көру үшін келіп, тұрақты клиенттеріне айналған.
«Мемлекеттен екі рет грант алдым. Әр грант алған сайын, әрбір шеңберді бұзып шығу – мен үшін айтулы оқиға. Алға деген талпыныс, жаңа белестердің ашылуы, әр басқан қадамым – алдағы жеңістерге жетелеп келді. Қазіргі кезде «Әдемі қыз жасауы» атты цехым жұмыс істеп тұр», дейді кәсіпкер.
Шындап келгенде, қандай істі болсын жолға қою оңай емес, Анар бастапқыда тігін машиналарына қол жеткізгенімен, тігіншілікке керекті мата, жібінен бастап басқа да асай-мүсейін табуда, тапсырыс берушілердің талабынан шығуда қиындықтар болғанын жасырмайды. Ол қыз жасауына әбден машықтанғанша ұлттық оюлары бар ең алғашқы жастықтарын достары мен көршілеріне сыйлаған.
Көп ұзамай-ақ Анар тіккен қыз жасауы айналаға танымал бола бастады. Өйткені тігінші өз бұйымдарының үлгісін үнемі жетілдіріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Тіпті, бір үйдің төрт қызының да жасауын өзі тігіп бергенін мақтаныш тұтады. Аталған жұмыстардан бөлек Анар «Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» ашқан екен. Бұл ұйымның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі әртүрлі жанның өнерімен бөлісу.
«Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» аштым. Оның ішінде мүгедектігі бар қыздар, көпбалалы аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар бар. Бірлестіктің мақсаты – өзіміздің өткен жолымызды үлгі ету, қиыншылықтарымызды жеңу, аналарға жәрдем беру, бизнесін дамыта алмай отырған аналарға жол көрсету. Тараз қаласы ежелгі қала қатарына кіретін кезде, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад-аль Каддуми мырза келіп, ұйымымызға риза болды. Сол жолы мен Қазақстанда бірінші болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болдым», дейді Анар Бексұлтан.
Анар сөз арасында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жайлы: «Біз үшін Кәсіпкерлер палатасының қолдауы – үлкен көмек. Бизнес-жоспар жазу жолын көрсету, құжат жинауға көмектесу, көптеген жобамен жұмыс істеу, жаңа таныстар, жаңа мүмкіндіктер «Атамекен» арқылы келді. Байлық ортаяды, ал қолөнер көбеймесе, азаймайды. «Атамекен» палатасына алғысымды білдіре отырып, біздің дамуымызға одан әрі үлес қосса екен дейміз», деді.
Анар жайлы сөз қозғағанда, аяғымен-ақ бастаған ісін баянды етіп отырған ешкімге ұқсамайтын ерекше кәсіпкер екенін айтамыз. Ал бірақ тігіншінің өз ұстанымы мынадай: «Өзіңді біреумен салыстырма. Сен – дарасың! Ешкімге өсекпен, әңгімемен, жаман нәрсемен жақпайсың. «Не ексең, соны орасың». Біз балаларымызды тәрбиелеп отырмыз, ал балаларымыз – біздің айнамыз. Бала не көреді, соны жасайды. Менің қыздарым келешекте тігінші болып кетеді деп айта алмаймын. Бірақ олар әр істі дұрыс бастауына, өмірде адам болып қалыптасуына әсер ете аламын деген ойдамын».
Осылайша Анар күнкөрістің айналасында шектеліп қалмай, өңірлік қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, тағдырдың түрлі талқысына душар болған жандарға өмірге деген құлшыныс пен күш-жігер дарытып отырған жайы бар жан.
АЛМАТЫ