Кәсіпкер • 15 Наурыз, 2023

Аяғымен тігін тіккен Анар Бексұлтан – Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болған алғашқы кәсіпкер

438 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алты ұлдың ортасында дүниеге келген Анардың тағдыры мен тағылымды тіршілігін ара-тұра көз шалып қалғаныммен, осы бір қайсар жан кейіпкеріме айналады деп ойлаған емеспін. Өйткені Анар Бексұлтан – Жамбыл облысының тұрғыны. Туғаннан қос қолы жоқ шебердің бала армандарын жүзеге асырып, адал еңбегімен құрметке бөленуіне ештеңе де кедергі келтіре алма­ғанына ризашылықпен қарап, сырттай тәнті болып жүретінбіз.

Аяғымен тігін тіккен Анар Бексұлтан – Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болған алғашқы кәсіпкер

Сонымен Анарды Алматы қала­сында өткен Born Nomad Power Awards көрмесінен жолық­тырдым. Кейіпкеріміз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының миллион теңгелік сертификатына лайықты деп табылған екен. Анар Бексұлтан осы сапарында БАҚ өкілдерімен сұхбат құрып, басынан өткен қиындықтарға қара­мастан, қалай табысты кәсіпкер болғанын баяндады.

Көпбалалы отбасында, әке-ше­шесі мен бауырларының қамқор­лы­ғына бөленіп өскен Анар екі қолы жоқтығынан қағажу көрмеге­нін айтады. Ол да басқа балалар сияқты мектепке барған, сыныптастары жүгірсе жүгіріп, құласа бірге құлап, тек пәндерді ауызша меңгереді. Анардың қолдарына протез де салынған, бірақ оның ыңғайсыз болғанын, протезге қара­ғанда аяқтары әлдеқайда икемді болғанын айтады.

– Жастайымнан көп нәрсеге бақы­лаушы сияқты қарайтын едім. Есейе келе адам өзін өзі қам­шы­лауы керектігін түсіндім. Орта мек­тепті жақсы аяқтап, жоға­ры оқу орнын бітірдім. Екі қолы жоқ адамның қоғамнан ойып орын алуы оңай емес, ылғи күре­суге тура келеді. 2013 жылы же­ке кә­сіп бастауды ұйғардым. Бір құр­­бым колледж асханасын жалға алып, тамақтандыру орнын ашуды ұсынды. Өз қолыңмен қамыр ашытпаған соң, тамақ пісір­меген соң шаруа жүре ме деп одан да бас тарттым. Осыдан кейін үйім­нің екінші жартысынан жеке­мен­шік балабақша ашуды ойлап, бірақ келген бүлдіршіннің басы­нан сипап қарсы алмаған соң ың­ғай­сыз болады ғой деп, одан да бас тартып, ақыры қыз жасауын тігуді ұйғардым. Таныстарымнан 500 мың теңге қарыз алып, базардан мата әкеліп тігіншілікке бет бұрдым. Аяғыммен іс тігуді үйрендім, бірге туған апайларым – Дина мен Шынар көмекке келді. Алдымнан он есік жабылса да, ақыры бір есік ашылмай қоймады. Алғашқы жылы 5 қыздың көрпе-төсегін тігіп, қарыздан құтылдым. Келесі жы­лы 15 жасау тіктік. Былтыр жүз қыздың жасауын дайын­­даппыз. Жасыратыны жоқ, тігін­шіліктің қыр-сырын толық меңгеруіме сегіз жыл уақытым кетті, дейді Анар.

Дегенмен Анар тұйықтау, бия­зы болып өскенін, екі қолдың жоқ­тығы мен үшін көп нәрсеге үлкен шектеу қойғанын да жасырмайды.

– Университет те бітірдім, био­ло­гия пәнінің мұғалімі атандым. Бірақ биология пәнінің мұға­лімі болғанымен де, еш жерде жұмыс істей алмадым. «Сен онсыз да жәрдемақы аласың, саған жұмыстың не керегі бар» дегендер де табылады. Алайда әрі қарай жұмыс істеуге тырыс­тым. Жеңіліп ауылға қайтып кет­пей, Жамбыл облысы тарихи өлкетану музейінің экскурсия қызметіне орналастым. Сол қызметте 22 жыл жұмыс істеп келемін, дейді Анар.

Осы арада Анардың М.Дулати атын­дағы Тараз мемлекеттік уни­верситетіне бірден түсіп кетпе­геніне де тоқтала кеткен жөн. Алғашқы жылы оқудан «құлап қал­ғанда», тауы шағылмай, жоға­ры білім алуға келесі жылы тағы да ұмтылып, жолы болады.

Шебердің айтуынша, ол тігін әлеміне тек 35 жасында аяқ бас­қан. Алғашында балаларына, кейін көрші-қолаңға тапсырыспен тік­кен. Уақыт өте келе кәсібін ашады. Жоғарыда атап өткендей, алғаш­қы тапсырысы – қыз жасауы.

«Ештен кеш жақсы» дейді, бұл іске мен 35 жасымда кіріс­кен екенмін. Қазір «Анар Бексұл­тан: әдемі қыз жасауы» деген биз­не­сім бар. Біздің Жамбыл облы­­сында қыз жасауы өтімді. Сұра­ныс жоғары болғандықтан, осы істі бастап кеттік. Бастаған кезде айтарлықтай қиын болған жоқ, қатты қорыққан жоқпыз. Себебі бұл біздің ішіміздегі қайта жаңғыру, бала кезден көріп келе жатқан дүниенің сыртқа паш етілуі еді», дейді тігінші.

Осылайша, Анардың дәл осы кәсіпте ісі оңғарыла бастаған. Бірінен-бірі естіген адамдар жасау­ды аяғымен тігетін Анарды көру үшін келіп, тұрақты клиент­теріне айналған.

«Мемлекеттен екі рет грант алдым. Әр грант алған сайын, әр­бір шеңберді бұзып шы­ғу – мен үшін айтулы оқиға. Алға деген талпы­ныс, жаңа белес­тердің ашылуы, әр басқан қада­мым – алдағы жеңіс­терге жетелеп келді. Қазіргі кезде «Әде­мі қыз жасауы» атты цехым жұ­мыс істеп тұр», дейді кәсіпкер.

Шындап келгенде, қандай істі болсын жолға қою оңай емес, Анар бастапқыда тігін машина­ларына қол жеткізгенімен, тігін­шілікке керекті мата, жібінен бас­тап басқа да асай-мүсейін та­буда, тапсырыс берушілердің тала­бынан шығуда қиындықтар болғанын жасырмайды. Ол қыз жасауына әбден машықтанғанша ұлттық оюлары бар ең алғашқы жастықтарын дос­тары мен көрші­леріне сыйлаған.

Көп ұзамай-ақ Анар тіккен қыз жасауы айналаға танымал бола бас­тады. Өйткені тігінші өз бұйым­дарының үлгісін үнемі жетілдіріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Тіпті, бір үйдің төрт қызының да жасауын өзі тігіп бергенін мақтаныш тұтады. Атал­ған жұмыстардан бө­лек Анар «Шебер шаңырақ: мүге­дектер қоғамдық бірлестігін» ашқан екен. Бұл ұйымның мақ­саты – мүмкіндігі шектеулі әр­түрлі жанның өнерімен бөлісу.

«Шебер шаңырақ: мүге­дектер қоғамдық бірлестігін» аштым. Оның ішінде мүгедек­тігі бар қыздар, көпба­лалы аналар, ерекше бала тәрбие­леп отырған аналар бар. Бірлес­тіктің мақсаты – өзіміздің өт­­кен жолымызды үлгі ету, қиын­­­шылықтарымызды жеңу, аналарға жәрдем беру, бизне­сін дамыта алмай отырған аналарға жол көрсету. Тараз қа­ла­сы ежелгі қала қатарына кі­ре­тін кезде, Дүниежүзілік қол­өнершілер кеңесінің пре­зи­ден­ті Саад-аль Каддуми мырза келіп, ұйымымызға риза болды. Сол жолы мен Қазақстанда бі­рінші болып Дүниежүзілік қол­өнершілер кеңесіне мүше болдым», дейді Анар Бексұлтан.

Анар сөз арасында «Атаме­кен» кәсіпкерлер палатасы жай­­лы: «Біз үшін Кәсіпкерлер пала­тасының қолдауы – үлкен көмек. Бизнес-жоспар жазу жолын көрсету, құжат жинауға кө­мек­тесу, көптеген жобамен жұ­­мыс істеу, жаңа таныстар, жаңа мүмкіндіктер «Атамекен» арқылы келді. Байлық ортаяды, ал қолөнер көбеймесе, азаймайды. «Атамекен» палатасына алғы­сымды білдіре отырып, біздің дамуы­мызға одан әрі үлес қосса екен дейміз», деді.

Анар жайлы сөз қозғағанда, аяғымен-ақ бастаған ісін баянды етіп отырған ешкімге ұқсамайтын ерекше кәсіпкер екенін айтамыз. Ал бірақ тігіншінің өз ұстанымы мынадай: «Өзіңді біреумен салыстырма. Сен – дарасың! Ешкімге өсекпен, әңгімемен, жаман нәрсе­мен жақпайсың. «Не ексең, соны орасың». Біз балаларымызды тәрбиелеп отырмыз, ал балаларымыз – біздің айнамыз. Бала не көреді, соны жасайды. Менің қыздарым келешекте тігінші болып кетеді деп айта алмаймын. Бірақ олар әр істі дұрыс бастауына, өмірде адам болып қалыптасуына әсер ете аламын деген ойдамын».

Осылайша Анар күнкөрістің айналасында шек­теліп қалмай, өңірлік қоғам­дық жұмыстарға да белсене араласып, тағдырдың түрлі талқысына душар бол­ған жандарға өмірге деген құлшыныс пен күш-жігер дарытып отырған жайы бар жан.

 

АЛМАТЫ