Халық • 15 Наурыз, 2023

Көгілдір отын – көптің игілігі

239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың сексенінші жылда­рының соңына қарай Қызылорда да мұнайлы аймақ­тар қатарына қосылды. Бірақ Құмкөл мұнайы ел қажетіне жараған кезеңнен кешегі екі мыңыншы жылдардың ортасына дейін жер қойнауынан «қара алтынмен» қабат шыға­тын ілеспе газ кеніш басында алау болып жанып тұратын. Оны ел игілігіне жа­ра­тудың реті 2005 жылы ғана түсті. Осы өткен желтоқсан айында Қызылорданың Мерей шағын ау­данындағы көпқабатты үй­лерге та­биғи газ алғаш рет же­­тіп, аз уақыт ішінде облыс орталығы толық қамтылды.

Көгілдір отын – көптің игілігі

Ал «Бейнеу–Бозой–Шым­кент» ма­гистралды газ құбыры пайдалануға берілген 2014 жылдан кейін іс аясын кеңейтіп, аудан мен ауылдарды да көгіл­дір отынмен қамтудың мәсе­лесі шешілді. Бүгінде аудан орталықтары мен кейбір ауыл­дарға да газ құбыры тартылып, ондағы жұрт игілігін көріп отыр.

Еліміз бойынша мұнай өндіруден бесінші орында тұрған Сыр өңірінде қазір газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Дерек бойынша облыс халқының 584 мыңы табиғи газға қол жеткізіп отыр. Жуырда облысқа жасаған сапарында Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов биыл министрліктің бюджеттік бағдарламасы шеңберінде аймақ­та 13 жоба іске асырылатынын атап өтті. Төретам, Ақай, Бірлік, Қы­раш, Жайылма, Еңбекші, Абай, Досан, Шалқия, Құттықожа, Кейден және Жиделіарық елді мекендеріне газ желі­ле­рі жүргізіліп, 33 мың адам табиғи газға қол жеткізеді.

Былтыр облыс тұрғындарын таби­ғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 14 жоба басталып, оның жетеуі жыл соңына дейін жүзеге асқан. Осылайша Шиелі ауданындағы Алғабас және Ақмая, Қазалы ауданына қарасты Пірі­мов және Басықара, Жалаңтөс ауыл­дары­на, Тереңөзек кентіне газ қосылды. Қалған 7 жоба биыл аяқта­лып, көгілдір отын игілігін көре­тін елдің қатары арта түседі. Соны­мен қатар 2022 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылы, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру және Шие­лі ауданы Тартоғай елді мекенінде автоматты газ тарату стансаларын орнату жобалары жүзеге асырылды.

Осы күні газбен қамту көрсеткіші 68 пайызға жетіп отырған Шиелі ау­да­­нында осы уақытқа дейін аудан ор­та­­лығымен қатар 6 ауыл көгілдір отынға қол жеткізген елді мекендер қатарында тұр. Биыл бұл ауданда жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын 4 жоба тиісті салалық министрлікке ұсынылыпты. Осылайша Еңбекші, Бестам, Досбол би және Жиделіарық ауылдары отын жарып, күл шығару бейнетінен құтылмақ. Аудандағы Ал­малы мен Ә.Тәжібаев атындағы елді мекенге газ құбырын тарту үшін қажетті 1 млрд 710 мың тең­ге­ге бюджеттік өтінім министрлік қа­рауын­­да жатыр.

Өткен жылы М.Шоқай ауылы маңынан құны 2 млрд теңгеден асатын автоматты газ реттегіш стансасының құрылысы басталған еді. Ал Тартоғай ауылына магистралды газ құбырын тарту үшін қажетті жоба-сметалық құжат демеушілер есебінен жасалып жатыр. Майлытоғай ауылында да осындай қам-қарекет бар. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда аудан халқының 85 пайызы газбен қамтылмақ.

Былтыр Қазалы ауданындағы та­биғи газ жеткен ауылдар қатарына Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр елді мекендері қосылды. Қ.Пі­рімов ауылының тұрғыны Әділбек Құлман былтыр наурызда басталған жұмыс нәтижесінде айналасы 2-3 айдың ішінде игілікке айналғанын айтады.

– Жылда кемі 9-10 тонна көмір жағатынбыз. Оның да бағасы әр қыс қымбаттап жатыр. Биыл тоннасы 26 мың теңге болыпты. Жаққаннан бөлек оның күлін шығарып бейнетке түсіп жататын едік. Газ келгелі бәрі ұмыт болды, дейді отанасы Раушан Әбдірәметова.

Ауылдық округ әкімі Әділхан Әбі­ловтің айтуынша, елді мекенде 64 үй газға қосылған. Қалғандары ен­ді қам жасап жатыр. Жалпы, былтыр көгілдір отын жеткен 3 ауылда 4 400-ге жуық адам тұрады, жоба нәтижесінде 750 жуық тұрғын үй мен 26 әлеуметтік нысан газдандырылады. Бұл ауданда да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатынын бастаманың жүзеге асуына жанашырлық танытып келе жатқан азаматтар бар. Қазалының тумасы, белгілі кәсіпкер Тәңірберген Жыл­қай­даров біраз елді мекенді газбен қамту­дың жоба-сметалық құжаттарын өз есебінен әзірлетіп, елдік іске үлкен үлес қосты.

Наурыз туа Жаңақорған ауданын­дағы Кейден және Жайылма ауылдық округінде газ жүйесін тарту құрылысы басталып кетті. Жыл соңына дейін осы екі ауыл тұрғындары газ игілігін пайдаланады.

Қызылорда қаласына қарасты Нау­­рыз және Махамбет елді мекен­дерін газдандыру жобасының құры­лыс жұмыстары аяқталып тұр. Биыл жергілікті әкімдік ұсынған жобалар министрліктен қолдау тапса, аймақтағы бірнеше ауыл газ алауына жылынады. Осылайша 2025 жылдың соңына қарай өңірде газдандырылған елді мекендер саны 70-ке жетеді.

 

Қызылорда