Экономика • 16 Наурыз, 2023

Қауіпсіздік қаперден шықпаса...

294 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қай салада болсын, адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техногендік апаттардың алдын алу бірінші орында тұруға тиіс. Қым-қуыт тірліктің өзі бұл мәселені күн тәртібінен түсірмейді. Әсіресе тау-кен металлургия, мұнай-газ, химия өнеркәсібіндегі нысандарда қауіп көзі сейілмей келеді. Ал олардың саны экономиканы үздіксіз дамыту, өнеркәсіптік индустрияландыру мен өндірістерді жаңғырту жағдайында жыл сайын артуда.

Қауіпсіздік қаперден шықпаса...

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Тәуелсіздік алғалы бері отандық шахталарда 12 апат болып, 160 адамның өмірі қиылды. Осындай қайғылы оқиға былтыр қара­шада «АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясының Ленин атындағы шахтасында тағы да қайталанып, 5 кенші қаза болды. Шахталардағы апатқа негізінен метанның жарылуы себеп. Оқиғаға қатыс­ты тергеу жүргізіліп, кінәлілер анықталды. Қазіргі сәтте еңбек қауіпсіздігі ғана емес, өнеркәсіп, экология, төтенше жағдай бо­йынша халықаралық аудит жүргізіліп жатыр. Өндірістік нысандарда қолданылатын технологиялық жабдықтың моральдық, физикалық тозуы, оның уақтылы ауыс­тырылмауы немесе жөнделмеуі салдарынан төтенше жағдайлардың пайда болу қаупі жиі туындайды. Ал бүгінде техно­ло­гиялық жабдықтың басым бөлігі өткен ға­сырдың 70-80- жылдарынан бері пайдала­нылып келе жатқан құрылғылар.

Бақылау-қадағалау қызметі шеңбе­рін­де апаттың алдын алу мақса­тында 2022 жылы 2 450 тексеру, оның ішінде ерек­ше тәртіп бойынша 1 355 тексеру және жоспардан тыс 1 095 тексеру жүргізілді, нәтижесінде 38 277 нысан зерттелді. Қорытындысында барлығы 34 617 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу анықталған, 254 млн теңгеге айып­пұл салынған

Былтыр ел кәсіпорындарында 28 апат орын алып, салдарынан 15 адам көз жұм­ды. Еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы 231 оқыс оқиғаға әкелді. Батыс Қазақстан облысында – 61, Маңғыстау облысында – 53, Қарағанды облысында – 30, Павлодар облысында – 24, Қостанай облысында – 16, Атырау облысында – 13, Ақтөбе облысында – 11, Шымкент қаласында – 8, Ақмола облысында – 8, Түркістан об­лы­сында – 4 және Алматы қаласында 3 оқиға орын алды. Апаттарды тергеп-тексеру барысында қауіпті өндірістік нысандар жұмысшыларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны, пайдаланылатын жабдыққа техникалық тексерудің сапасыз жүргізілгені белгілі болды. Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төра­ғасы Нығмеджан Мақажановтың ай­туынша, биылдан бастап қауіпті өнді­ріс нысандарындағы апаттарды тергеу бақылау формаларының біріне жат­қызылды. Соған сәйкес апаттарды тер­геу­ді ұйымдастыру мен жүргізу кезін­де Кә­сіп­керлік кодекстің ережелері қол­данылатын болады.

Бақылау-қадағалау қызметі шеңбе­рін­де апаттың алдын алу мақса­тында 2022 жылы 2 450 тексеру, оның ішінде ерек­ше тәртіп бойынша 1 355 тексеру және жоспардан тыс 1 095 тексеру жүргізілді, нәтижесінде 38 277 нысан зерттелді. Қорытындысында барлығы 34 617 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу анықталған, 254 млн теңгеге айып­пұл салынған. Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қатерін тудыратын өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 733 өндірістік ны­сан – технологиялық құрылыстар, учас­келер, цехтар, қауіпті техникалық құ­рыл­ғылар тоқтатылды. Қазіргі уақытта 10 мыңға жуық кәсіпорында өнеркәсіптік қауіпсіздік жайы қадағалануда. Олардың құрамында 200 мыңнан астам қауіпті өндіріс нысандары бар.

Мысалы, жуырда ғана ТЖМ Өнеркә­сіп­тік қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мемле­кет­тік инспекторлары Степногор қаласы Ақсу кентінің тұрғындарының өтініштері мен шағымдары негізінде құрамында алтыны бар кендерді өндіретін «Ақ Алтын­алмас» АҚ-на жоспардан тыс тексеру жүргізді. Жарылыс жұмыстарын жүр­гізу учаскесі (карьер) мен жобалық құ­жат­­тамасы тексеріліп, нәтижесінде өнер­кәсіптік қауіпсіздік саласындағы заң­нама талаптарының бірқатар бұзу­шы­лығы анықталды. Компанияға анық­талған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 298-бабы, 1-тармағы бойынша әкімшілік жаза қол­данылды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізі­ліп, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптары түсіндірілді.

Осы өңірдегі минералды тыңайт­қыш­тар шығаратын «Қазфосфат» ЖШС – «Химия зауыты» Степногор филиалына да жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Онда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 3 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлар анықтаған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 298-бабы 1 және 3-тармақтары бо­йынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұзу­шы­лықтардың болуына байланысты кәсіпорынның бас корпусының өндірістік ғимаратының объектісін тоқтата тұру тү­рін­де жедел ден қою шаралары қа­был­дан­ды. Тоқтата тұруға талап-арыз Ақмола облысының экономикалық сотына жолданды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізіліп, онда тексеру барысында анықталған бұзу­шы­лықтарды жою мерзімдері талқыланды. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік сала­сын­дағы заңнаманың, оның ішінде химия саласындағы қауіпті өндірістік нысандар үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қам­та­масыз ету қағидаларының талаптары түсін­дірілді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңна­мада қауіпті өндірістік объектілердің иелерін нормативтік қызмет мерзімін өтеген тех­никалық құрылғыларды уақ­тылы жаңартуға міндеттейтін норма­лар көз­­делген. Қадағалаудағы кәсіпорын­дар­ға қатысты жыл сайын қауіпті өн­­ді­­ріс­­тік объек­тілерді техникалық қайта жарақ­­­тандырудың жиынтық жос­­­па­ры қа­­лып­тастырылады. Өткен жылы мұн­­дай нысандардың иелері 2 585 бірлік технологиялық жабдықты ауыстырды. Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қажетті құ­қықтық нормаларды қалыптастыру ар­қылы өнеркәсіптік қауіпсіздік сала­сын­дағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен бірге былтыр «Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жаңашылдықтары тәжірибеде толық іске асырылды. 10-нан астам нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Экономиканың әртүрлі саласындағы кәсіпорындар шоғырланған елдегі ең ірі жұмыс беруші құрылым ‒ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Өндіріс­тік персоналдың үлесі компания қызмет­кер­лерінің жалпы санының 92,4%-ын құрайтын топта байланысшылар, энергетиктер, атомшылар, кеншілер, машинистер, теміржолшылар, бортсеріктер және басқа да мамандардың көпшілігі қауіпті өндірістік нысандарда, апаттар мен жазатайым оқиғалардың жоғары қаупі жағдайында еңбек етеді. Былтыр Қорға қарасты «ҚазМұнайГаз» компания­ларында 34 өндіріс жарақаты тіркеліп, бір адам қайтыс болды. 24 жол апаты орын алып, оның 11-де компания жүргізушілері себепкер болды, 1 өрт оқиғасы тіркелді. Сол секілді «Алатау Жарық Компаниясында» жұмысшы жоғары кернеулі тоққа түсіп мерт болды. «Богатырь Көмірде» бригадир вагон астына түсіп қалды. Осындай қайғылы жайттардың себебі «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің ашық отырысында талқыланды.

«Самұрық-Энерго» АҚ еңбек күзеті департаментінің директоры Төлеген Максиловтың мәлімдеуінше, «Алатау Жарық Компаниясында» жоғары кернеулі тоққа түсіп қайтыс болған жұмысшы 8 жыл өтілі бар тәжірибелі маман болған. Алайда сол күні учаскеге жеке қорғаныс құралдарынсыз шыққан. Сонымен қатар негізінен кәсіби міндетіне кірмейтін жұмысты орындауға кіріскен. Белгілі болғандай, жұмысшының ол жерге жалғыз баруына заңнамалық тұрғыда рұқсат етілген. Осы жағдайдан кейін компанияда тиісті шара қабылданып, әр жұмысшының соңынан бейнебақылау орнату міндетті етілді.

Сондай-ақ Төлеген Максиловтың айтуынша, заңнама талаптары кәсіпорынға жұмысшылардың психологиялық жағ­дайын бақылап отыруға мүмкіндік бер­мей­тін көрінеді.

«Әр оқиғаны бүге-шігесіне дейін талдап, зерттедік. Ресми тергеуден бөлек өзіміздің ішкі тергеу жүргізілді. «Богатырь Көмірде» бригадир вагон астына түсіп қаза болған жағдайды қарасақ, бұл қайғылы оқиғаға еш алғышарт болмаған. Өзі бригадир, еңбек қауіпсіздігін өзгелерге үйретіп жүретін. Қасында белгі беруші тұрған. Ол да ескертуі керек болатын. Әзірге мұның бәрі жұмбақ күйінде қалып отыр. Тергеу әлі аяқталған жоқ. Біз жаса­ған қорытындының бірі – бақылауды күшей­ту, бақылаушыларды оқыту. Кешенді өзге­ріс­терден кейін мұндай жайттар қайта­лан­байды деп үміттенеміз», дейді ол.

Қордың басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» компанияларының басшыларына жұмысшы қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілік жүктелген.

«Қорға қарасты 13 ірі компания басшыларына қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығына жеке өздері жауапты екені ескертілді. Еңбекті қорғауға қа­тыс­ты іс-шаралар «Қазақтелеком», KEGOC, QazaqGaz және SK Ondeu компанияларында өткізілді. Онда еншілес ұйым­дар­дың, филиалдардың және құры­лым­дық бөлімшелердің басшылары қызмет­керлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттеме алды», дейді басқарушы директор.

Оның айтуынша, өндіріс қауіпсіздігіне жауапты «Самұрық-Қазына» компанияла­ры­ның 1-деңгейдегі бас директорлары өндіріс орындарын кемінде 2 айда бір рет тексеруге міндетті. Өткен жылы олар 43 тек­серу жүргізген. Атқарылған жұмыс­тар­дың нәтижесінде Қор тобы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан зардап шеккендердің жалпы саны 2021 жылмен салыстырғанда 16 пайызға азайыпты. LTIF мүгедектік жарақаттарының жиілік коэффициенті 0,16 болса, өлім деңгейі 11 пайызға төмен­деген.

Сондай-ақ ол қызметкерлерді оқыту зама­науи халықаралық тәжірибеге сәй­кес жүргізіліп жатқандығын айтады. 98 қызметкер Ұлыбританиядағы Еңбекті қорғау жөніндегі ұлттық емтихан кеңе­сінің (NEBOSH) курсынан өтті. Британ­дық қауіпсіздік және еңбекті қорғау институтының (IOSH) курсын 286 қыз­мет­кер оқып келді. Тағы 2430 қызметкер ұқыпты жүргізу курсын аяқтады.

«Оған қоса еңбекті қорғау саласындағы тәжірибе алмасу Қор тобындағы компания­лармен шектелмей, Қазақстанның басқа да жетекші компанияларымен тұрақ­ты түрде жүргізіліп тұрады. Жа­қында «Самұрық-Қазынаның» өндіріс қауіп­сіздігі қызметінің мамандары «Теңіз­шев­ройл», North Caspian Operating Company, KarachaganakPetroleum Operating ком­па­ния­ларындағы әріптестеріне барып қайтты. Тәжірибе алмасу аясында «Қаз­пошта» қызметкерлері «Сауда-көлік компаниясында» болды. Ал СЭ қызметкерлері «СКЗ-U» ЖШС энергетика кешенінде электр қауіпсіздігімен танысты. Сондай-ақ Қор компаниялары тобында жарақаттануды азайтуға және өнеркәсіптегі апаттарды болдырмауға бағытталған цифрлық шешімдер мен автоматтандырылған жүйелер белсенді енгізіліп жатыр. Болуы мүмкін төтенше жағдайды жою үшін портфельдік компаниялар оқу дабылдары мен апатқа қарсы жаттығулар өткізіп жүр», дейді Ғибрат Ауғанов.

Әйткенмен Қордың ішкі компаниялары үшін талпынысын бөлек қойғанда, еңбекті қорғау мәселесі оның мердігер ұйымдарында ақсап тұр. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – бас мем­лекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, «Са­мұрық-Қазынаның» тапсырысын орын­даушы мердігер ұйымдар еңбек қа­уіпсіздігі шараларына жете мән бермей келеді. Оның пікірінше, Еңбек кодексіне вертикалды бақылау туралы норма жайдан-жай енгізілген жоқ. Бірақ бұл норма тек құрылыс алаңдарына қатысты. Ал «Самұрық-Қазына» өзінің ішкі құжаттарымен өзіне тиесілі кәсіпорындардағы жағдайды ішкі бақылау арқылы реттейді. Өкінішке қарай, бұл жүйе тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Соның салдарынан былтыр бірнеше қайғылы оқиға болды. Мердігер ұйымдармен келісімшарт 1 жылға ғана жасалатыны белгілі. Демек бұл жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігіне ақша салуға мүмкіндік бермейді. Мердігер ұйымдарда еңбек қауіпсіздігіне қаражат бөлінбейді. Өйткені оларға тендерге қатысу үшін демпинг жасау, жалақыны көбейту керек. Сәйкесінше, бұл мекемелерде техника жаңартылмайды деген сөз. Сондықтан «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында қаралып жатқан келісімшартты кем дегенде 3 жылға бекіту мәселесі шешімін тауып, осы жұмыс аяғына жетсе, тек қана компаниялар тобында емес, мердігер ұйымдарда да өндірістік жарақат азаяр еді.

«Еңбекті қорғау мәселесіне көп көңіл бөлу керек. Бір орында тоқтап қалуға бол­майды. Қауіпсіздік шараларын күнде­лік­ті ескеру маңызды. Түптеп келгенде «Самұрық-Қазына» қоры негізге алып жұмыс істейтін ESG қағидаттары осыны көздейді. Біз еңбек қауіпсіздігіне қатысты инвестициялардың деңгейі мен бағыт­тары, мәселен, жаңа техникалық жаб­дықты сатып алу жолдары туралы нақты шешім қабылдауымыз керек. Біздің тәжірибеде осындай инновациялық шешімдердің сәтті шыққандары аз емес. Бұл ретте біздің кәсіпорындарда ғана емес, мердігер ұйымдарда да еңбекті қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет», деді Қоғамдық кеңес төрағасы, «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің мүшесі Болат Жәмішев.