Бұл саяси науқанның ең басты ерекшелігі – Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің үштен бірі 19 жылдан бергі кезеңде бірінші рет мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға түсейін деп отыр. Жалпы, әлемдік деңгейдегі ірі саясаткерлердің көбі бірмандатты округтен шыққанын ескерсек, бұл жолғы сайлауда әділ бәсеке болып, бұған дейін көлеңкеде қалып келген білікті, елшіл, намысты азаматтар өз қабілеттерін көрсетеді деген үміттемін. Кейінгі жылдары саяси партияларға деген халық сенімі азайып кеткені белгілі. Алдағы сайлаудың нәтижесінде, осы сенімнің қайта оянуына сеп болатын, ел игілігіне жұмыс істейтін қуатты заңдар қабылдайтын үлкен күш қалыптасады деген үмітіміз бар.
Ең бастысы, халықтың саяси науқанға белсенді атсалысуы маңызды. Жеке басының, бала-шағасының, елдің болашағын ойлаған әрбір азамат өзі тіркелген сайлау учаскесіне барып, саналы түрде өз таңдауын жасауға тиіс. Сайлаудағы халықтың белсенділігі – демократиялық қоғамның бірден-бір өлшемі.
Біз өзіміз ауыл шаруашылығындағы адам болғаннан кейін, үнемі ауылдың жағдайын ойлап тұрамыз. Қазір үгіт-насихат жұмыстарының нағыз қызып тұрған шағы. Бірталай жиынға қатысып, үміткерлердің бағдарламасымен таныстым. Бұл жолғы сайлау қарсаңында ауыл халқының тұрмысын жақсарту, ауыл инфрақұрылымын дамыту туралы жиі айтылып жатыр. Мені осы жағдай қуантады. Көңілге үлкен үміт ұялатады.
«Бірлік болмай, тірлік болмайды», бәріңізді алдағы сайлауға бір адамдай атсалысып, ел мүддесі үшін дауыс беруге шақырамын.
Сайран БҰҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері
Қостанай облысы