02 Маусым, 2010

ЖЕҢІЛДІКТІ РЕЖІМНІҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ МОЛ

427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің  бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен Кеден одағы мәселелеріне арналған дөңгелек үстел болып өтті. Оған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Парламент депутаттары және бірқатар ведомостволар мен іскер топ өкілдері қатысты. Отырыста Ө.Шөкеев еліміз аза­маттарының жеңіл автокөліктерді тасымалдау кезінде Беларусьтегідей жеңілдікті режім жұмыс істейтінін, қазақстандықтар үшін жеңіл авто­көліктерді тасымалдау жеңілдікті режім арқылы іске асырыла­тын­дығын айтты. Біздіңше, бұл жан-жақты ойластырылған іс. Аталмыш режім жаңа әрі қымбат автокөлікті алуға мүмкіндігі аз азаматтар үшін қолайлы болмақ, деді ол. Бұл режім автокөліктің жылына және қоз­ғалт­қыш көлеміне қарай икемді став­ка­ларды қарастырады. Сондай-ақ, 3-10 жыл мерзімде шығарылған ав­токөліктер үшін жеңілдікті став­калар белгіленбек. Қарағанды аумағында автокөлік құрастыруға арналған зауыт бой­ын­ша бүгінде маркетингтік шаралар жүргізілуде. Ө.Шөкеевтің айтуын­ша, Ресей тарапы бұл мәселені тағы бір мәрте пысықтап өткен. Қазіргі кезде автокөлік құрас­тыру зауытының арнайы кестесін бекіту шаралары жүргізілуде екен. 50 мың автокөлік шығаруға арнал­ған бұл зауыт Қарағанды аумағында орналасатын болады. Қазіргі таңда маркетинг жүр­гі­зілу­де және қандай марканы шы­ғару мәселесі нақтылану үстінде. Ө.Шөкеевтің пікірінше, мұнда 50 мың автокөлік құрастырылатын болса, бұл көрсеткіш рыноктың елеу­лі бөлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Кеден одағын құру бойынша президенттердің қорытынды кезде­суі шілденің басында Астанада өте­тіндігі де осы басқосуда айтылды. “Келіссөздердің соңғы кезеңі маусымның 17-18-і күндері, яғни Кеден одағы комиссиясының қо­ры­тынды отырысы барысында өтеді. Осыдан соң шілденің басын­да Президенттер жиналып, барлық үдерістер бойынша соңғы нүктені қояды”, деді Үкімет басшысының бірін­ші орынбасары. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.