27 Маусым, 2014

Ел азаматтарына құрмет

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Балқаш ауданының және Алматы облысының құрметті азаматтары бояулылық Балтағұл Молдақасымов пен бірліктік Әбдіжаппар Қыстаубаевтың жасап жатқан тірліктеріне жаның сүйсінеді. Балтағұл Молдақасымов тарап кеткен Бояулы ауылы тұрғындарының басын құрап, олардың ешқайда көшпей, сол ауылда орнығып қалуларына жан-жақты жағдай жасады. Әрбір үйге өз қаражаты есебінен ыстық-суық су кіргізіп беріп, жуынатын душ орнатты. Бір-бір бөлме қостыртып, әжетхана жасаттырып берді. Көшелерінің барлығын жарықтандырды. Мешітті қайтадан күрделі жөндеуден өткізіп, өскелең талапқа сай, сәулетті етіп жасады. Қазір мешіттің жанында мал шалатын арнайы орын, құдайы тамақ беретін асхана бар. Бояулылықтар онда жиі бас қосады. Бастауыш мектеп ғимаратын да өз қаражаты есебінен салып берді. Ал, Әбен Қыстаубаев тарап кеткен «Бірлік» совхозын шашау шығармай, «Бірлік» агрофирмасы етіп қайта ұйымдастырды. Ауыл тұрғындарының барлығын жұмыспен қамтыды. Олар еңбекақыларын уақытында алып тұрады. Ауыл тазалығына да баса мән береді. Жасыл желекке жамылған Бірлік ауылы бүл күнде күннен-күнге көркейіп, жаңа талаптарға сай сәулеттене түсуде. Ауылдың әрбір тұрғынының қуанышы мен қайғысын бөлісіп, бел ортасында жүретін Әбдіжаппар Қыстаубаевты ауылдастары шынайы құрметтеп қана қоймай, оны мақтан етеді. Екеуі де аудан көлемінде ұйымдас­тыры­латын көптеген мәдени, әлеуметтік мәні бар шараларға белсене араласады. Олар ғасыр саңлағы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың жүз жылдық торқалы тойын өткізуге де белсене атсалысқан болатын. Алғашқылардың бірі болып, Дінмұхамед Ахметұлының тойын өткізу үшін арнайы құрылған қорға бір миллион теңгеден өз қолдарымен әкеліп құйған-ды. Кабинетімде отыр едім, Балатекең әкеліп бір миллион теңгені қорға қосқаным, деп алдыма қоя салғанда ондай мырзалықты күтпегендіктен бе, есім шығып кетті, деп әңгімелейді аудандық аурухананы 42 жыл басқарған Тұрлан Есімқұлов. Әбен де бір миллион теңгені қолма-қол құйды. Оның үстіне, жетпей жатыр дегенімізде жылқы да берді. Ұсақ-түйек нәрселерге көмектескен кездерін айтып тауыса алмаймыз, деп Ләтіп Нұртаев та ағы­нан жарылды. Алматы облысының құр­метті азаматы атағы берілген күннің ерте­сіне оларға арнап қор есебінен дастар­қан жайып, үстілеріне шапан жапты. Дастарқан үстінде қор мүшелері, Бал­қаш ауданының құрметті азаматтары А.Есімов, Ж.Жұма­ділов, А.Бейсенбаева, Б.Әділ­ханова, обаға қарсы күрес мекемесінің бастығы А.Әліпбаев екі азаматқа арнап, көкей­лерінде жүрген жақсы тілектерін айтып, қошемет көрсетті.  Марат ҚАШҚЫНБАЕВ. Алматы облысы, Балқаш ауданы.