Қоғам • 16 Наурыз, 2023

Шавкат Рахмоновқа жекпе-жектерге дайындалу үшін қаржы бөлінеді

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күні кеше Астанада қазақстандық атақты аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов (17-0) Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловпен кездесті. Кездесу барысында спортшы UFC-дегі соңғы жеңісімен құттықтаулар алды, сонымен қатар оған қаржылай қолдау көрсетілетіні айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шавкат Рахмоновқа жекпе-жектерге дайындалу үшін қаржы бөлінеді

Спорт және мәдениет министрі Асқар Оралов Шавкат Рахмонов келесі жекпе-жектерге дайындық үшін Спортты қолдау қорынан қаржы алатынын атап өтті.

«Біздің жаужүрек спортшымыз UFC-ді батыл қадамдарымен бағындырып, отандастарының жүрегіне мақтаныш сезімін сыйлап келеді. Мен Шавкатты жақында америкалық Джефф Нилмен болған жекпе-жекте жеңісімен тағы да құттықтадым және оған алғыс хат табыстадым. Сондай-ақ ол келесі жекпе-жектерге дайындалу үшін спортты қолдау қорынан қаржыландырылады. Шавкат бүкіл әлемге Қазақстанды паш етті және осы қадамы үшін біз оған айрықша алғысымызды жеткіземіз. Оның UFC чемпиондық белбеуін жеңіп алуына тілектеспін, толағай табыс тілеймін», деді министр.

Қазақстан спортшысы 13 наурызда Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFC 285 турнирінде америкалық Джефф Нилге қарсы жекпе-жектен кейін туған жеріне келді.

Өздеріңіз білетіндей, спортшымыз үшінші раундтың соңында қарсыласын тұншықтырып жеңді. Осылайша, ол өз мансабында 17-ші рет мерзімінен бұрын жеңіске жетті.