Ірі жобаларды жүзеге асыру жолдары
Аптаның екінші күні өткен Үкімет отырысында бірқатар маңызды мәселелер күн тәртібіне шықты. Олардың мән-жайы мен қорытындылары жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бастаған ведомство басшылары әңгімелеп берді.
Үкімет басшысының орынбасары баспасөз мәслихатында Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру үшін бәсекелес ортаға берілуі тиіс квазимемлекеттік сектор субъектілерінің атаулы тізбесін Үкімет бекіткені туралы газетіміздің сәрсенбілік нөмірінде егжей-тегжейлі баяндадық. Сондықтан бұл жолы, отырыста қаралған өзге де маңызды мәселелерге басымдық бергенді жөн санадық.
Елді газдандыру жалғаса береді
Отырыста Үкімет 2015-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын газдандырудың бас сызбасын мақұлдады. «Біздің есептеулеріміз бойынша, бүгінгі таңда қажетті инвестиция көлемі шамамен 656 млрд. теңгені құрайды. Инвестиция көзі бір тараптан дәстүрлі республикалық бюджет болып саналады. Келесі тараптан өңірлер бюджеті, сондай-ақ, мемлекеттік-жеке серіктестік жобалар мен жеке инвестициялардан да қаржы құйылады. Осылайша, бұл бас сызба Үкімет тарапынан мақұлданды. Енді бас сызбаға сәйкес 2030 жылға қарай еліміздің 13 облысы толығымен газбен қамтылып, республика тұрғындарының 56 пайызы көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Бұйыртса, 2030 жылы елімізде 21 млрд. текше метр тауарлық газ өндiрiледі.
Бұл – Қазақстанда тұңғыш рет әзiрленiп отырған бағдарламалық құжат. Құжатты әзiрлеу үшiн газ және газбен жабдықтау туралы заң және Үкiмет бекiткен тиiстi қағидалар мен заңдар негiз болып есептеледі. Ал, бүгінгі күнi 16 өңiрдiң 10-ы газдандырылған. Негізінен еліміздің батыс және оңтүстiк өңiрлерi, олармен бірге Алматы қаласы табиғи отынмен қамтамасыз етіліп отыр. Жалпы айтқанда, 2007-2013 жылдар аралығында газ тұтынуды талдау елiмiздегi нарықтың үдемелi өсуiн көрсетедi. Қарастырылып отырған кезеңде тұтыну көлемiнiң өсуi 26 пайызды, ал орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 4 пайызды құрайды. Бұлай жалғаса берсе, 2030 жылға дейiн тауарлық газдың теңгерiмiне сәйкес газ өндiру көлемi 60 млрд. текше метр газға дейiн жетедi. Ал оның 25 млрд. текше метрге жуығы өздерiңiз естiп жүрген боларсыздар, жер қабаты қысымын ұстау үшiн технологиялық қажеттiлiкке жаратылады, деді бұл жөнінде Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин.
Сонымен, ведомство басшысының сөзіне қарағанда, 2030 жылы ел тұрғындарын газбен қамту көрсеткiшi бүгiнгi күнгi 32 пайыздан 56 пайызға дейiн жеткiзiледі. Iшкi нарықта 2030 жылы тұтыну көлемi 11 млрд. текше метрден бүгiнгi таңдағы 18 млрд. текше метрге дейiн артатын көрінеді. Ол үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама жобаларын iске асыру есебiнен артыпты. Ал, ендi газдандырылған елдi мекендер бүгiнгi 988-ден 1621 елдi мекенге дейiн жетеді екен. Министр өз сөзiнде аббонеттердiң саны бүгiнгi таңдағы 1 млн. 400 мыңнан 2 млн. 900 мыңға дейiн жетедi деп болжамдарын айтты. Әрбiр отбасында орта есеппен 4 адам болғанда, қазiргi 5-6 млн. адамнан 30 жылы 12 млн. адамға дейiн газдандырылатынына сендірді. Үкімет жаңа газ құбырларын салып, олардың ұзақтығын 28 мыңнан 57 мың шақырымға дейiн ұзартуды көздеп отыр.
Кәсіпкерлерге кедергі болмайды
Отырыста Үкімет 2016 жылға қарай Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі бойынша алғашқы 30 елдің қатарына кіру іс-шараларының жоспарын бекітіпті. Ол туралы айтқанбыз. Отырыста Өңірлік даму министрлігінің тағы бір ұсынысы алға шықты. Ол бәсекелестікті қорғау шарасына қатысты. Ведомство жетекшісінің сөзіне илансақ, ендігі де Бәсекелестікті қорғау агенттігіне қосымша өкілеттілік берілуі ықтимал. Тіпті, аталған агенттікте енді жеке секторға бәсекелестік тудыратын мемлекеттік кәсіпорындарды жабу құзыреттілігі де болуы мүмкін. Министрдің сөзіне қарағанда, Үкімет отырысы барысында мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын шектеу мәселелері бойынша заң жобасын Мәжілістің қарауына енгізу туралы қаулы қабылданды. Бұл заң жобасы Сингапур, АҚШ, Люксембург және Норвегия үлгісі бойынша «Yellow Рages Rule» қағидаларын елімізде енгізуді қарастырады екен.
Министрдің айтуына қарағанда, жоспарланып отырған жаңашылдықтар Қазақстанның монополияға қарсы ведомствосының өкілеттілігін арттырады.
«Егер де монополияға қарсы агенттіктің өкілеттілігіне тоқталатын болсақ, ведомство тауарлық нарықтарға жүргізілген талдаудың негізінде мемлекеттік кәсіпорынды ашу немесе ашпау тұрғысында келісімін береді. Сонымен бірге, монополияға қарсы орган бұдан бұрын теріс шешім шығарғанымен, кәсіпорын қызметін жалғастыра берсе, енді екі жылдың ішінде бұл кәсіпорын жекешелендірілуі тиіс немесе жабылуы қажет болады», деді Б.Жәмішев.
Сонымен, бәрін айт та бірін айт, енді бұдан былай Бәсекелестікті қорғау агенттігі жеке бизнеске кедергі жасаған мемлекеттік кәсіпорындарды жабатын болады.
Жолдардағы ірі жобалар
Ағымдағы жылдың соңына дейiн «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралiнiң Шымкент қаласынан Ресей Федерациясына дейiнгi бөлiгi толығымен қолданысқа берiлмек. «Автокөлiк жолдары саласы бойынша биыл 6 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстарының барлық түрлерi жүргізілді. Әрине, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы іске асырылып жатқан ең iрi жоба екендiгi белгiлi. Оның 1700 шақырымы ашылды. Биыл Жамбыл облысы аумағы арқылы және Шымкенттен Ресей шекарасына дейінгі учаскелерде жол қозғалысын толығымен ашу жоспарлануда. Ал келесi жылы көлік дәлiзін толық пайдалануға береміз деп отырмыз. Бүгінде, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасында 30 мыңнан астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлiгi – жергiлiктi тұрғындар», деді Көлiк және коммуникация министрi Ж.Қасымбек.
Ведомство басшысы 2017 жылы пайдалануға берiлетiн Астананың жаңа темiржол вокзалының құрылысы биыл басталатындығын да айтты. «Жыл сайын Астана арқылы жүретiн жолаушылар саны артып келедi. Қазiргi вокзал өзiнiң мүмкіндік қуатынан 30 пайызға артық жолаушыларды қабылдап отыр. Сондықтан «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ тәулiгiне 35 мың жолаушыны қабылдауға қауқарлы жаңа вокзалдың құрылысын бастады. Бiздiң жоспарымыз бойынша ЭКСПО-ға енетiн бұл нысан 2017 жылы пайдалануға берiледi», деді ол.
Iрi темiржол жобаларына келетiн болсақ, олар – «Жезқазған –Бейнеу», «Арқалық – Шұбаркөл». Бұл жобалар бойынша өткен жылы басты жолдарды тарту жұмыстары аяқталған болатын. «Қазiргi уақытта стансалық жолдар салынып жатыр. Бiз жыл соңына дейiн, желтоқсан айында аталған учаскелерде жол қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз. Автожолдарға қайта оралсақ, келесі жылдың қаңтарынан бастап «Шымкент – Қызылорда» және «Астана – Атбасар» жолдары ақылы болады. Расын айтайын, республикалық маңызы бар автокөлiк жолдарында ақылы жол қозғалысын енгiзу мәселесi көп талқыланды. Келесi жылдан бастап бiз Қызылорда және Шымкент арасындағы жолда бiрiнші санаттағы ақылы қозғалысты енгiземiз. Ал екiншi санат бойынша жүк көлiктерiне Атбасар – Астана жолындағы қозғалыс ақылы болады», деп түйіндеді сөзін Ж.Қасымбек.
Субсидия көлемі ұлғаяды
Үкімет отырысында «Агробизнес-2020» бағдарламасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті. «Онда қаржы көздеріне фермерлердің қолжетімділігін арттыру секілді бірқатар жаңа тетіктер қарастырылып отыр. Бағдарламының жалпы қаржыландыру сомасы өзгерген жоқ. Ол құжатта 3 трлн. 122 млрд. теңге қаржы көзделген. Оның 2,6 трлн. теңгесі бюджеттік қаржы көздерінен, ал қалғаны қаржы нарықтарынан қамтылмақ. Бұл бағдарламада 2020 жылға дейін субсидияны 4,5-5 есеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», деді Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков.
Оның сөзіне қарағанда, субсидиялардың жалпы көлемі өзгеріп қана қоймай, өсімдік және мал шаруашылығы арасындағы үйлеспеушілік жойылады. Әсіресе, мал шаруашылығын дамыту басымдығы секілді жоспарлар бекітілген. Осы өзгерістерде аталған басымдық сақталып, әрі қарай дамытыла береді екен. Ал «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің жұмысы туралы басқарма төрағасы Д.Айтжанов баяндады. «Бүгінгі күні холдингтің инвестициялық қоржынында жалпы құны 263,8 млрд. теңге болатын 417 жоба бар. Қазіргі уақытта 310 жоба пайдалануға берілді, 160 өндіріс ошағы жобалық қуатына шықты. Осыған орай 11 мың жұмыс орны ашылды», деді ол.
– Биылғы жылдың 20 маусымына дейін 66 жоба мақұлданды, жылдың соңына дейін осы қарқын сақталады. Сонымен қатар, холдингтің инвестициялық жобалары соңғы 2,5 жылда 2 есеге өскенін атап өту керек. Ағымдағы жылы 68 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде бүгінгі күні 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Экспорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2020 жылға дейін 1404,5 мың тонна бидай сақтау қоймалары салынады. Ал, биылғы жылы 2000 тонна ет және ет өнімдерін, 375 тонна жүн және жүн өнімдерін, 500 тонна былғары шикізаты мен дайын өнімді экспорттау жоспарымызда бар, – деді Д.Айтжанов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».