Бүгінгі әңгімеміз грек-рим күресі шеберлері жайында. Қазақ балуандары алғаш рет Азия чемпионатында 1993 жылы бой көрсетті. Ұланбатырда өткен жарыста Сергей Матвиенконың мерейі үстем болды. 90 кг салмақта күш сынасқан қостанайлық апайтөс финалда Оңтүстік Кореяның оғыланы Ом Джин Ханды қапы қалдырып, бас жүлдені олжалады. Финалда кореялық спортшыларға есе жіберген Ахметолла Нұров (57 кг) пен Игорь Дупиков (100 кг) күміс алса, Марат Мәлтекбаев (62 кг) пен Бақтияр Байсейітов (82 кг) қолаға қол созды.
1995 жылы Манилада өткен жарыста Қазақ елінің балуандары керемет өнер көрсетті. Біздің жігіттер арасынан Руслан Жұмабеков (74 кг), Бақтияр Байсейітов (82 кг), Дәулет Тұрлыханов (90 кг) және Сергей Матвиенко (100 кг) қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. Руслан мен Сергей финалда Парсы елі пехлевандарының аяғын көктен келтірсе, Бақтияр қырғызстандық Ратбек Санатбаевты сан соқтырды. Ал Дәулет кореялық Ом Джин Ханнан басым түсті. Оңтүстік Корея да төрт алтын алып, тағы бір күміске қол жеткізді. Есесіне қоржынымызда Фанис Дәулетов (48 кг), Камил Муфти-заде (57 кг) және Ахметолла Нұровтың (57 кг) қола медальдары бар Қазақстан құрамасы ұпай саны бойынша жалпыкомандалық есепте көш бастады.
1996 жылы Қытайдың Сяошани қаласында ұйымдастырылған чемпионатта тағы да көмбеге Оңтүстік Корея мен Қазақстан бірдей жетті. Бұл командалардың екеуі де төрт алтыннан олжалады. Жерлестеріміздің арасынан Юрий Мельниченко (57 кг), Дәулет Тұрлыханов (82 кг), Сергей Матвиенко (90 кг) және Анатолий Федоренко (100 кг) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Бақтияр Байсейітов (74 кг) қола медаль иеленді. Жалпы есепте корейлер озды. Олардың бізден екі күмісі артық еді.
1997 жылғы жарысты Тегеран қабылдады. Парсы елінде Юрий Мельниченко (58 кг) мен Мхитар Манукян (63 кг) озды. Олимпиада чемпионы деген атағы бар Мельниченко шешуші тұста кореялық Ким Ин Сопты сан соқтырса, әлемнің болашақ екі дүркін чемпионы, Афина Олимпиадасының қола жүлдегері Манукянның жапониялық Ясутоси Матокиден мерейі үстем болды. Нұрым Дүйсенов (54 кг) пен Роман Вегль (97 кг) күміс медальды мойындарында жарқыратса, Андрей Никифоров (69 кг) қола жүлдені еншіледі. Иранның астанасында Оңтүстік Корея тағы да алдымызды орады. Олар 3 алтын, 1 күміс және 2 қоланы иемденді.
1999 жылы Ташкентте шымылдығы түрілген дүбірлі додада Оңтүстік Кореяға тең келер команда табылмады. 4 алтын мен 1 күмісі бар олар көш бастады. Қазақстан екінші орынға жайғасты. Отандастарымыздың арасынан Мхитар Манукян (63 кг) мен Сергей Матвиенко (97 кг) теңдессіз деп танылса, Юрий Мельниченко (58 кг) күміс медальды қанағат тұтты. Рақымжан Әсембековке (54 кг) қола жүлде бұйырды.
Ғасырлар тоғысында Қытайдың Гуйлин қаласында өткен жарыста Қазақстан қайта екінші сатыға табан тіреді. Бұл жолы да корейлерден қалып қойдық. Біздің балуандар арасынан жалғыз Бақтияр Байсейітовтің бас жүлдені олжалауға күш-жігері жетті. 76 кг салмақта өнер көрсеткен ол ақтық айқаста жапониялық Такамицу Катаяманы жықты. Ал Асқар Жүрсімбаев (54 кг) пен Сергей Матвиенко (97 кг) екінші орын алды.
2001 жылы Ұланбатырда жерлестеріміз тым сүреңсіз күресті. 63 кг салмақтағы Дамирбек Асылбекұлы күміспен күптелсе, 97 кг-да Жасұлан Алмасбаев қоланы еншіледі. Бар-жоғы осы ғана. Ал командалық есепте корейлер үздік үштіктің қатарына ене алмады. Моңғолияда Иранның балуандарының бақ жұлдызы жанды. Есесіне 2003 жылы Нью-Делиде Қазақстан үш алтын және екі қоланы иемденіп, жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Үнді елінде Әсет Иманбаев (55 кг), Абдулла Жабырайлов (84 кг) және Георгий Цурцумия (120 кг) алдарына жан салмады. Рүстем Байсейітов (74 кг) пен Марғұлан Әсембеков (96 кг) үшінші орынға тұрақтады.
2004 жылы сары құрлықтың басты додасы тұңғыш рет Қазақстанда ұйымдастырылды. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жарыста Қазақстан қайтадан алдыңғы лектен көрінді. Бір ғажабы, Нью-Делиде дара шыққан үш балуанымыз Алатау баурайында да топ жарды. Олар – Әсет, Абдулла және Георгий. Ал Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг), Роман Мелешин (66 кг) және Даниил Халимов (74 кг) финалда сүрінді.
Жоғырыдағы табыстарымыздың кездейсоқ еместігін 2005 жылы Уханьда дәлелдедік. Қытайда Марғұлан Әсембеков (96 кг) пен Георгий Цурцумия (120 кг) атой салды. Бақтияр Байсейітов (74 кг) ақтық сында жеңілістің кермек дәмін татты. Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг) пен Виталий Захарченко (84 кг) қолаға қол созды. 2006 жылы сары құрлықтың дүлдүлдері екінші қайтара Алматыда бас қосты. Бұл тартыс тағы да Қазақ елі өрендерінің жеңісімен аяқталды. Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг) алғаш рет Азияның теңдессізі деп танылса, Марғұлан Әсембеков (96 кг) пен Георгий Цурцумия (120 кг) кезекті алтындарын қанжығаларына байлады. Виталий Захарченко (84 кг) екінші және Бейбіт Нұғыманов (66 кг) пен Роман Мелешин (74 кг) үшінші орындарды иеленді.
2007 жылы Бішкекте бағымыз жанбады. Алатаудың арғы бетінде Әсет Әділов (74 кг) пен Әсет Мәмбетовтің (96 кг) қос күмісін қанағат тұттық. 2008 жылы Чеджуда да бас жүлде бұйырмады. Марғұлан Әсембеков (96 кг) пен Георгий Цурцумия (120 кг) шешуші сайыста ұтылса, Ермек Көкетов (55 кг), Ербол Қоңыратов (60 кг) және Андрей Самохин (84 кг) үздік үштікті түйіндеді. 2009 жылы Паттайяда Дархан Баяхметов (66 кг) – бірінші, Алмат Кебісбаев (60 кг), Андрей Самохин (84 кг), Марғұлан Әсембеков (96 кг) – екінші және Әсет Құдайбергенов (55 кг) пен Роман Мелешин (74 кг) үшінші орынды иемденді.
Соңғы үш жарыста алдарына жан салмаған Иран спортшылары 2010 жылы Үндістанның астанасында өз орындарын Оңтүстік Кореяға босатты. 2001 жылдан бері даралана алмай жүрген корейлер қайта «қаһарына» мінді. Бұл жолы олар көш бастады. Қазақтар арасынан финалға тек Айбек Еңсеханов (66 кг) шықты. Алайда ол ақтық сында Ким Хен Уға жол берді. Марат Ғаріпов (55 кг) пен Марғұлан Әсембеков (96 кг) үшінші тұғырға табан тіреді. 2011 жылы Ташкентте Алмат Кебісбаев (60 кг) қарсылас шақ келтірмесе, Бейбіт Нұғыманов (66 кг) пен Асхат Ділмұхамедов (74 кг) қола медальды еншіледі.
2012 жылы Кумиде Ербол Қоңыратов ерледі. 60 кг салмақта белдескен қандасымыз финалда жапониялық Кадзума Курамотаны қапы қалдырып, еліміздің әнұранын шырқатты. Финалда жергілікті алып Ким Ен Минге есе жіберген Әбдімәлік Сартбаев (120 кг) күміспен күптелсе, Елдар Қайратов (66 кг), Әсет Әділов (74 кг) және Мақсат Ережепов (84 кг) қола медальды мойындарына ілді.
2013 жылы нар тұлғалы Нұрмахан Тыналиевтің (120 кг) теңдессіз өнеріне тамсандық. Ақтық айқаста ол қытайлық Не Сяоминнің аяғын көктен келтірді. Ерұлан Ысқақов (96 кг) финалда кореялық Ан Чан Гунның осал тұсын таба алмады. Ербол Қоңыратов (66 кг) пен Мақсат Ережепов (74 кг) жүлдегерлер қатарына қосылды.
2014 жылғы Азия чемпионатының жалауы Астанада желбіреді. Бұл жолы негізгі бәсекелестік қазақ, қырғыз және корей балуандары арасында өрбіді. Бұл тартыста жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Елорда төрінде Нұрсұлтан Тұрсынов (85 кг) пен Ерұлан Ысқақов (98 кг) топ жарды. Мақсат Ережепов (71 кг) финалда ұтылса, Айбек Еңсеханов (66 кг) пен Азамат Құстыбаев (80 кг) үздіктер санатынан көрінді.
2015 жылғы Дохадағы додада Нұрмахан Тыналиев (120 кг) қана жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Нұрсұлтан Тұрсынов (85 кг) күміс алды. Демеу Жадыраев (66 кг), Жасұлан Қошанов (80 кг) және Марғұлан Әсембеков (98 кг) қола медальды иеленді. 2016 жылғы Бангкоктағы бәсекені отандастарымыз алты жүлдемен қорытындылады. Досжан Қартықов (75 кг) – бірінші, Асхат Жаңбыров (66 кг) – екінші, Мейрамбек Айнағұлов (59 кг), Дархан Баяхметов (71 кг), Асхат Ділмұхамедов (80 кг) және Дамир Күзембаев (130 кг) үшінші сатыға тұрақтады.
2017 жылы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында Иран құрамасының қарқыны тым күшті болды. Сарапқа салынған сегіз бас жүлденің тең жартысын иемденген олар жалпы есепте көш бастады. Қоржынында екі алтыны бар Жапония екінші орынға жайғасты. Үшінші және төртінші орындарды Оңтүстік Корея мен Қазақстан өзара бөлісті. Екі команданың алтыны мен күмісі бірдей болғанымен, қарсыластарымыз бір қола артық алды. Үнді елінде Мақсат Ережепов ерледі. 75 кг салмақта белдескен ол барлық бәсекелесінен басым түсті. Мейрамбек Айнағұлов (59 кг), Алмат Кебісбаев (66 кг) және Дамир Күзембаев (130 кг) күміс медальды иеленсе, Ерұлан Ысқақов (98 кг) қолаға қол созды.
2018 жылы Бішкекте Қазақстанның өрендері жақсы күресті. Алмат Кебісбаев (66 кг) пен Асхат Ділмұхамедов (82 кг) қарсылас шақ келтірмесе, Демеу Жадыраев (72 кг) пен Ерұлан Ысқақов (97 кг) финалда ұтылды. Мейрамбек Айнағұлов (63 кг) пен Мақсат Ережепов (77 кг) үшінші орынды еншіледі. Сол секілді Иран, Өзбекстан және Жапонияның «классиктері» де екі алтыннан олжалады. Алатаудың арғы бетінде Қырғызстан мен Қытай балуандары бір-бір реттен топ жарды.
2019 жылы Сианьда жеті жерлесіміз жеңіс тұғырына көтерілгенімен, бірде-бір алтынның болмауы салдарынан командалық сайыста мықтылар қатарынан көріне алмадық. Отандастарымыздың арасынан ең үздік нәтижеге Мейіржан Шермаханбет қол жеткізді. 67 кг салмақта күрескен ол күміс медальды мойнына ілді. Қорлан Жақанша (55 кг), Демеу Жадыраев (72 кг), Темірлан Шадукаев (77 кг), Мақсат Ережепов (82 кг), Азамат Құстыбаев (87 кг) және Дамир Күзембаев (130 кг) қола жүлдені иеленді. Төрт алтыны бар Иран құрамасы бірінші орынды олжалады. Өзбектер мен корейлер қос алтынды қоржынға салса, қырғыздар мен қытайлар бір-бір реттен сол межеден көрінді.
2020 жылғы байрақты бәсеке қайта Нью-Делиде өтті. Бұл жолы да Парсы елі өкілдерінің қарқынына ешкім шыдамады. 10 алтынның тең жартысы – ирандықтардың еншісінде. Қалған бас жүлдені Жапония, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Қазақстан және Үндістанның апайтөстері өзара бөлісті. Біздің балуандар арасынан Темірлан Шадукаев (77 кг) шашасына шаң жұқтырмады. Ибрагим Магомадов (72 кг) екінші орын алса, Қорлан Жақанша (55 кг), Азамат Құстыбаев (87 кг) және Мансұр Шадукаев (130 кг) үшінші сатыға табан тіреді.
2021 жылы Алматыда жалауы желбіреген Азия чемпионатының командалық есебінде көш бастау үшін біздің балуандар барын салды. Айдос Сұлтанғали (60 кг) мен Сұлтан Әсетұлы (63 кг) қарсы келгендерін қоғадай жапырды. Алмат Кебісбаев (67 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) шешуші тұста сүрінсе, Демеу Жадыраев (77 кг) пен Ерұлан Ысқақов (97 кг) үздік үштікті түйіндеді. Десек те бұл нәтиже сары құрлықтың ең үздік командасы атану үшін жеткіліксіз болды. Алатау баурайында да Парсы елінен келген пехлевандар алдымызды орады. Олар 4 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қоржынға салды. Қазақстан екінші орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ бас жүлде алғандар қатарында Жапонияның екі және Оңтүстік Корея мен Өзбекстанның бір-бір балуаны бар.
Былтыр Ұланбатырда шымылдығы түрілген байрақты бәсекенің командалық есебінде бас жүлде үшін тартыс Иран мен Қырғызстан құрамалары арасында өрбіді. Нәтижесінде, Парсы елінің өкілдері озса, көршілеріміз екінші орынды олжалады. Үшінші орында – Қазақстан. Біздің жігіттердің арасында Мейіржан Шермаханбет (67 кг) пен Әлімхан Сыздықовтың (130 кг) шоқтығы биік болды. Аманғали Бекболатов (55 кг), Мейрамбек Айнағұлов (63 кг), Абылайхан Әмзеев (72 кг), Мақсат Ережепов (77 кг) және Диас Қален (82 кг) ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста ғана қарсыластарына есе жіберді. Ернұр Фидахметов (60 кг) пен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) қола медальды иеленді. Жалпы жүлделер саны жағынан аталған жарыста Қазақстан құрамасы барлығынан озды.
Жалпы, 1983-2022 жылдар аралығында грек-рим күресінен Азия чемпионатының жалауы 32 мәрте желбіреді. Сол аралықта жалпыкомандалық есепте медаль саны жағынан Иран құрамасы 14 рет көш бастады. 11 мәрте Оңтүстік Кореяның оғландары озды. Қазақстан құрамасы алты рет топ жарса, Жапонияның жігіттері бір мәрте дара шықты. Құрлықтық доданың ұпай саны бойынша мына командалар алдыңғы лектен көрінді: Иран – 14, Оңтүстік Корея – 10, Қазақстан – 6 және Жапония мен Өзбекстан – 1 реттен.