Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың режиссерлік қолтаңбасында қойылып, жақында премьерасы көрермен назарына ұсынылған Еркін Жуасбектің «Үйлену» музыкалық комедиясының өзегі негізінен осы идея тамырынан тарқатылады.
Үй болу керек, үйлену керек... Кімге? Жоғары білімді, төрт түлігі сай, тәрбиелі жігітке кімді айттырамыз? Әлде қалыңдықтар күйеуді өздері таңдай ма? Қайсысы дұрыс? Таңдау кімге түседі?.. Осы сауалдарға жауап іздеп сарсаңға түскен әр кейіпкердің өз мақсаты мен ақиқаты бар. Көздегеніне жету үшін тіпті адами қалыптан аттап, ар-намысты аяқ асты етуге әзір кейбірінің әрекеті шын ойландырады. Өйткені бүгінгі қоғам көрінісі де, сиқы да осы екенін еріксіз мойындайсыз. Спектакль ішінде қазіргі уақыттағы байлық пен мансапқа деген қызығушылық, адалдық пен сатқындық, жақыбайлық пен іштарлық сынды адам бойындағы түрлі мінез-құлық ерекшеліктері айрықша ашылып, оқиға бойы ол сатира мен юмор арқылы өз сыбағасын алып отырады. Ал қойылымға арнайы жазылып, Мәдениет саласының үздігі Маралжан Мырзақұлованың дирижерлігінде театрдың халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған композитор Серікжан Әбдінұровтың тамаша музыкасы комедия табиғатымен сәтті қабысқанын һәм соның арқасында спектакльдің атмосферасын жандандырып, екпін қуатын ерекше құлпыртып, тұшымды толықтырғанын да ерекше атап өткіміз келеді.
Комедияда автордың ұтымды табылған драматургиялық шешімінің бірі – мұндағы кейіпкерлердің ныспысы әйгілі «гогольдік сарынмен» арнайы аллегорияға құрылған. Яғни Керек Әйтеуірұлы мен Дерекгүл Ерекшеқызы, Бөлек, Көмек, Зерек, Терек, Мерек, Ерек, Желек деп жалғасып кете беретін тұлғалар тізбегі қойылымның көркемдік һәм мазмұндық идеясымен сәтті қабысып қана қоймай, сондай-ақ бүгінгі қоғам көрінісінің мәдени мозайкасын түзуге де табысты қызмет еткен. Осы мазмұнға сай актерлік құрамды іріктеген қойылым режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов театрдың үлкен буынымен қатар жастар жағын да жарасымды үйлестіре білген. Әсіресе, басты рөлдегі кейіпкерлер рөлін сомдаған театрдың сақа актерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Лейло Бекназар-Ханинга мен Мейрам Қайсанов, екінші құрамдағы Сая Тоқманғалиева мен Ерлан Малаев тандемі әдеттегіше өз бабында. Жеңгетай Мерек бейнесін табысты кескіндеген Айнұр Жетпісбаевның ізденісі де айрықша атап өтуге тұрарлық. Бөлекті ойнаған театрдың жас буын актері Әнуарбек Бектас, Терек рөлінде көрінген Шах-Мұрат Ордабаевтың сахнада жасаған жұмыстары да жан жадыратады. Керісінше Зерек рөлін екі құрамда ойнаған қос актрисаның (Динара Егубаева мен Айдана Әбенова) жұмысында әлі де жарқындық жетіспейтіндей. Сол секілді сахнада Желекке «жан бітірген» Алтынгүл Серкебаева мен Гауһар Исмайлқызының кейіпкері де солғын шықты. Табиғаты ерекше кейіпкерді комедиялық көркемдікке көтеру үшін әлі де ізденістер қажеттілігі байқалды. Олай деп кесіп сөйлеуімізге себеп болып отырғаны – осыдан он жыл бұрын қойылған дәл осы спектакльде Желекті сомдап, актерлік табысты ізденістерімен жадымызда айрықша жатталған Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиеваның сомдауындағы кейіпкердің замана бейнесін жеткізуі мен комедиялық көңіл күй сыйлаудағы шеберлігі басым болған еді. Араға жылдар салып жанданған қойылымда сол өткірлік, сол ащы ақиқат пен сатиралық күлкінің салмағы мен көркемдік қуаты бәсең шықты. Неге екен, театр сахнасында қайта түрленген комедияның әлі де бір қайнауы ішінде кетіп, ойымызды оқтын-оқтын кері шегіндіріп, он жыл бұрын сахна көрген алғашқы нұсқаға оралта берді. Оның үстіне музыкалық спектакль мен оперетта жанрына жиі соғып, жарқын спектакль қоюда тәжірибесі мол режиссер Нұрлан Жұманиязовтың сахна безендіру мен комедия атмосферасын берудегі қолтаңбасы соңғы уақытта бір-біріне тым ұқсап кеткендей әсер қалдырғанын да жасырмаймыз. Бұл күдігімізді сахнаға шыққан режиссердің таңдауы үнемі түсетін Гауһар Жүсіп, Жасұлан Ерболат, Шах-Мұрат Ордабаев, Дастан Әлім, Мейрам Қайсанов және тағы да басқа актерлер бастаған «Жұманиязовтың жұлдызды құрамы» тіпті күшейте түскендей. Әрине, музыкалық қойылымға вокалдық мүмкіндігі жоғары мұндай актерлердің тартылғаны жөн-ақ, тек рөл сараптауға келгенде сол әртістердің түрлі бағытта ізденіп, мағыналы бейне тудырғандары да қажет-ақ. «Үйленуден» кейін көңілде сондай үмітке толы тілек қалды.
Жалпы, сахнаға шыққан қай жанрдағы қойылымның да оңайы жоқ қой. Әйтсе де комедияның өзіндік қиындықтары, күлдіре отырып ойлантатын ұрымтал тұстары мол. Комедия көп жағдайда трагедия мен драмадан сонысымен ұтады. Демек мұнда әр сөз бен әрекеттің маңызы зор. Осы жағынан келгенде де актерлер сөзге есе жіберіп алды. Әртістердің көп сөзі құлаққа жетпей, соның салдарынан пьесадағы өткір әзілдер, әлеуметтік маңызы бар ащы шындықтар жүрекке де жетпей қалды. Арзан ұйқасқа құрылған тіркестер де аздап мезі еткенін айта кетейік. Осы сынды мысалдардан-ақ актерлік құрамға комедиялық рөл сараптау жолында әлі де біраз соны ізденістер қажет екендігі байқалды. Әйтпесе, бір комедиядан екіншісіне оп-оңай ауысып, өңін өзгерткенімен мазмұны сол қалпы қалатын бейнелер жаңаша жарқын бояуларға сұранып тұрғандығын жаңа қойылым тағы бір мәрте айқындап берді.
Әйтсе де бұл тұтас қойылымды жоққа шығару деген сөз емес. Ұжым болып ұйысқаннан кейін ұтымды шешімдерге барған қадамдар да жетерлік. Соның бірі театр ұжымының араға он жылдан аса уақыт салып «Үйленуге» һәм заманауи драматургтердің шығармашылық шеберханасына, ондағы айтылар өзекті қоғами, адами мәселелерге театр тілі арқылы үн қосуға, сол арқылы көрерменіне аз да болса ой салсақ деген ұмтылысы дер едік. Өйткені «Үйленудегі» айтылар, көтерілер мәселелердің барлығы – бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамның боямасыз көрінісі.