Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
Осындайда белгілі жазушы Дулат Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» атты әңгімесіндегі Сырдың адам аяғы жете бермес бір иінінде жатқан ауылға Дзержинскийдің мүсінін соққандарға кейіп: «Атам заманғы милицияның бастығына ескерткіш қойып» деп бұрқылдайтын Маркен кейіпкердің еске түсе кететіні бар. «Бұл біздің ауылға келген жоқ, біздің ауыл оны танымайды да, сөйтіп, оған ескерткіш қояды. Қойса қойсын-ау, жууын айтсайшы. Өзін шинелімен қойыпты, қатпар-қатпарына тұрған шаңды кетіру құдайдың бір азабы» деген оның реніші күлкі тудыратын.
Біздің қоғамда да әбден қоздап, тіпті жағымсыз үрдіске айнала бастаған осы мәселенің алдын кесетін кесімді сөзді жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Кейінгі кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар», деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түрлі әлеуметтік және саяси мәселелер қозғалған кеңестегі Мемлекет басшысының кей адамдардың өмірінде мүлде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндары ойдан құрастырылып жатқаны жайлы сөзі де көптің көкейінде кілкілдеп тұрған мәселені дөп басты.
Құжаттарда қатталған деректі, архивтегі анық мәліметті жылы жауып қойып, тарихты өзіміз жазып кеткеніміз өтірік емес қой. Ескерткіш тұрғызу, мүсін соғу дегеніңіз кешегі тоқсаныншы жылдары кең етек алған құбылыс болды. Бұл сол кезеңдегі алдын болжай алмай қиналған жұртты жұбатудың, ертеңге сендірудің бір амалы сияқты көрінгені де рас. Бірақ кейіннен үлгісі теріс үрдіске айналып шыға келді. «Ау, бабамызға ескерткіш қоймасақ, ел есінде қалмай ма?» деген ешкім жоқ. Қайта «атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» деген ұстаныммен берекесіз бәйгеге қойды да кетті.
Жалпы, қай нәрсенің де шекарасын білген абзал. Көп ретте осы аралықтан аттап кетіп, белгілі бір тұлғаға деген құрметіміз көп көзіне мазақ болып көрініп жүргені де жасырын емес. Жиырма жылдай бұрын Жалағаш кентінде даңқты Бұқарбай батырдың ескерткіші тұратын. Тізеден шабылғандай мықыр бейнені – батыр, жетелеген мәстегін – тұлпары деуге аруақты ердің рухынан ұялатынбыз. Кейін ол алынып, батырдың 190 жылдығына орай облыс орталығынан еңселі ескерткіші бой көтерді.
Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме дерегінше, өңірде 560 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған, осының 163-і – монументтік өнер құрылысы. Оның дені екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған. Тоқсан бес бюст пен ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына, тарихи тұлғаларға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, тарихи оқиғаларға арналған 43 ескерткіш осы мекеме қарауында.
– «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңын және «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» Мәдениет және спорт министрінің бұйрығын негізге аламыз. Ескерткіш, бюст, стелла орнату облыс әкімдігі жанында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның ұсынысы негізінде Мәдениет және спорт министрлігі жанында Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның келісімімен жүзеге асырылады, – дейді «Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ директоры Ерғазы Алданазаров.
Тоқсаныншы жылдардың соңында қаланың орталық алаңындағы Ленин ескерткіші алынатын болды. Жұртты дүрліктірмес үшін жергілікті әкімдік адам аяғы басылатын уақытқа туралаған «күн көсемді» көшіру таңға дейін ұласты. Қалалық газеттің жас тілшісі ретінде сонда жүрдік. Таң сыз бере тұғыры талқандалып, өзі қолын созған күйі шалқасынан түскен ескерткішті Оқушылар сарайының артындағы паркке ала жөнелген еді. Сол саябақты ұзақ уақыт «паналаған» көсем мүсіні кейін бұрынғы Теміржолшылар паркінен тұрақ тапты. Владимир Ильичтің қаладағы ірілі-ұсақты мүсіндері де сол жерге топтастырылды. Шетсіз, шексіз құрметтің соңы осылай аяқталатыны бар кейде.
Қазір облыс орталығында кеңестік кезең қайраткерлеріне қойылған бюст көп. Енді тоқтам салмасақ, мүйіс сайын бір мүсін тұратын елге айналатын түріміз бар.
ҚЫЗЫЛОРДА