Білім • 16 Наурыз, 2023

Он екінші кездесу

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Биомедицина, инженерия және техноло­гиялар» атты XII Наурыз кездесулері өтті.

Он екінші кездесу

Мазмұнды іс-шараға денсау­лық сақтау саласында жасанды интеллект, роботтехника, ма­ши­налық ойлау және үлкен де­рек­­терді енгізу жобаларымен та­быс­ты жұмыс істеп жүрген зият­­керлік мектептердің жас ға­лым­­дары қатысты. Осымен он екін­ші рет өткен кездесу мектеп оқушы­ларының ғы­лыми-зерттеу жұмыстары 3D-био­принтингке, ақылды протездер мен биоинтер­фейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналды.

Наурыз кездесуінің ашы­луын­да Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алдымен қаты­су­шы­ларды өтіп кеткен Амал мереке­сімен құттықтап, жас ғалымдарға жылы лебізін жеткізді.

– 2011 жылы алғашқы тұ­сауын кескен іс-шараның тари­­хи да, ғылыми да маңы­зы үлкен. Себебі талапты жас­­­тар­дың алған ғылыми зерт­теу­лерінің тақырыптары өте қызықты. Маған ұнағаны – олардың жасаған жобалары шынайылығымен ғана емес, кәдімгі өмірде қажеттілігі бар екенін айқындап тұр. Барлық ғылымның негізі мектепте қа­ланады. Осыған қарап бүгінгі шараның тақырыбына айналған биология ғылымының негізін қалап жатқандарыңызды көріп отырмын. Бұл бағыттағы іргелі жобаларды одан әрі жалғастыра беру керек. Армандай білген, қиялдай білген баланың бола­ша­ғы зор. Әлемде атағынан ат үркетін ғалымдардың бәрі көктен түскен жоқ. Сіздер секіл­ді мектепте оқып, өз армандарына қол жеткізіп, ғылымда ға­жайып жаңалықтар ашты. Мен де сіздерден сондай үміт күтемін, – деді министр.

Содан кейін сөз алған На­зар­­баев зияткерлік мектеп­тері басқарма төрағасы Әнуар Жанғо­зин биылғы іс-шараның маңы­зына тоқталды.

– Бұған елімізден 150-ден аса оқушы қатысса, олардың 50-і ауыл мектебінен келді. Бұл Білім беру тұрақты дамыту қорымен бірлескен жоба аясын­да іске асты. Ауылда­ғы тірек мектептерден келген оқушы­ларда ғылыми жұмыс­тарын қорғайды. Жалпы, қорғау­ға елуден аса ғылыми жо­ба ұсы­нылып отыр. Әр жобаға 3-4 баладан қатысады. Қазылар алқа­сының шешімімен жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға қомақты сыйлығымыз бар. Мә­се­лен, қатарластарынан үз­­дік шық­қан алты өрен еліміз­­дегі ал­дың­ғы қатарлы универси­тет­­тер­­дің грантына ие болады, – деді ол.

Одан соң кездесу пленарлық отырысқа жалғасып, онда На­зар­­баев университеті Меди­ци­на мектебінің деканы Массимо Пинь­телли, «Ана мен бала» ұлт­тық ғылыми орталығының балалар хирургия бөлімінің жетек­ші­сі Дастан Рүстемов және Назарбаев университетінің профессоры Атакан Варол, Назар­баев унтверситеті Меди­цина мектебінің профессо­ры Әбдіжап­пар Гаипов секілді ғалымдар баяндама жасап, ғылым жолындағы өз тәжіри­белерімен бөлісті.

Сонымен бірге «Биомеди­цина, инженерия және техно­ло­­гиялар» тақырыбында Назар­баев зияткерлік мектептері мен ауыл­дағы тірек мектептері оқу­шы­ла­ры­ның ғылыми жобалар көрмесі өтті.

Үш күнге жобаланған кездесу аясында қатысушылар елор­­дадағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мек­теп­тің «NIS Engineering» тех­ноториясында роботтехника және дизайндық ойлау бойын­ша шеберлік сыныбы мен «Құрманғазының әйгілі бес күйі» мен «100 ән» атты шығар­машылық сағатына қатысады. Сондай-ақ «Наурыз тартуы» атты концерттік бағдарламаны тамашалап, елордадағы Ұлттық музей мен «Астана Опера» театрына экскурсия жасайды.