Дегенмен қазақ тілі және әдебиет пәнінен дәріс беретін Аяжан Ғаниді үздік ұстаздардың қатарына қосуға болады. Өйткені өзге этнос жастарына мемлекеттік тілді тереңдете оқытуға атсалысып жүр. Мұны ол өзінің перзенттік борышы санайды.
– Туған жерім – Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат ауылы. Үлкен шаһардан шалғайда орналасқанымен, біздің ауылда ұлттық құндылықтарды ұрпағының санасына сіңіруді ойлаған өнегелі отбасылар тұрады. Басқаша айтқанда, кіндік қаным тамған ауылымды қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ортасы дей аламын. Сол себептен болар ауылымды әркез сағынып жүремін, – дейді ол.
Оның ана тілін ардақтауға деген құлшынысы бала кезінен оянған. Мектепте оқып жүріп, аудандық, облыстық пән олипиадаларына, түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған. Сол жетістігін жалғастыру үшін жоғары білім алды. Қазір Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ береді.
– Ұстаз ретінде алға қойған мақсатым – өзіндік ой-пікірін еркін жеткізе алатын, мемлекеттік тілді ардақтайтын, білімді шәкірт тәрбиелеу. Шәкірттің бәрі бірдей бір пәнді оқуға ынталы болмауы мүмкін. Сол себептен әр оқушының пәнге деген қызығушылығын ояту қажет, – дейді жас ұстаз.
Жас ұстаз дейтініміз, оның еңбек жолы басталғанына әлі бес жыл тола қойған жоқ. Соған қарамастан, педагогикалық жетістігі аз емес. Мәселен, өткен жылы «Мың бала» мәдени-ағартушылық байқауының облыстық кезеңіне қатысып, бірінші орынды иеленді. Ол бұл байқауға «Қазақ тілі сабағында деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану» бағдарламасын ұсынған еді.
– «Мың бала» жобасында үздік атанған педагогтердің «Қазақ тілі сабағында деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану» авторлық бағдарламасы негізінде үш нұсқаулық кітап дайындалды. Оның бірі – авторлық бағдарламаның мазмұны, екіншісі – мұғалімге арналған нұсқаулық, ал үшіншісі – оқушының жұмыс дәптері немесе деңгейлік тапсырмалар. Бұл жобада жаңартылған бағдарлама негізінде диагностикалық талдаулар жүргізіп, арнайы құрастырылған тапсырмалар көмегімен оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сауаттылық деңгейін арттыру көзделіп отыр. Мұндай жаңашыл тәжірибе деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану арқылы оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын, меңгеру тұрғысындағы белсенділігін арттыруға жол ашады, – дейді А.Ғани.
Жаңашыл ұстаз біліктілігін арттыру үшін түрлі байқауларға қатысып жүр. Мәселен, 2021 жылы «Bilim orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы өткізген республикалық «Үздік жас маман – 2021» байқауында бірінші жүлдеге ие болған. Ал «Ана тілдің айбыны» деген республикалық байқауда да бағы жанып, бірінші жүлдені иеленді. Сондай-ақ «ХХІ ғасыр көшбасшысы» халықаралық білім инновациялық орталығының ұйымдастырған «Ұлағатты ұстаз» атты І халықаралық мұғалімдер сайысына да қатысты. Қашықтан өткізілген байқауда шығармашылық жаңашылдығы бар жас ұстаздың талпынысы «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – 2021» аталымының үшінші жүлдесімен аталып өтті. Былтыр Атырау қалалық «Үздік сынып жетекшісі» байқауында екінші орынға тұрақтады.
Ана тілін ардақтауды күнделікті міндетіне айналдырған жас ұстаз ұлы ойшыл Абайдың ұлағатты тәлімін дәрісіне жиі қолданады. Тіпті «QAZAN.Info» сайты Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Абай» және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған республикалық олимпиадасынан бірінші жүлдесіне ие болды. Бұл жас ұстаздың шыңдала түскенін байқатады.
– Оқушыларымның бәрі дерлік білімді болғанын қалаймын. Сол себептен әр дәрісімді «Қазақ тілі сабағында деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану» бағдарламасымен өткіземін. Бағдарламада оқушылардың жас ерекшелігіне орай ойлау дәрежесін, белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға мол мүмкіндік беріліп отыр. Негізгі құрал – деңгейлеп-саралап оқытуға негізделген оқушыларға арналған тапсырмалар. Бұл арқылы оқушылардың әр сабақта алған теориялық білімін деңгейлік тапсырмаларды орындау арқылы талдауға болады, – деп түсіндірді ол.
Атырау облысы