Аймақтар • 16 Наурыз, 2023

Жаңа аудан игіліктен кенде емес

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының жаңадан құрылған бесінші ауданы – Тұран аудан әкімінің аппараты 2023 жылғы қаңтар айынан бас­тап жұмысына кірісті. Осы үш айдың өзінде-ақ тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік мәселелері шешімін тауып үлгерді. Жұмысты оңтайландыру бағытында атқарылатын шаруалар әлі де көп. Жыл басында аудан аппаратындағы қызметкерлер штат кестесіне сай толық болмаса да жұмыс қарқыны одан бәсеңдеп қалған жоқ, тұрғындармен де байланыс үзілмеді. Ал қазір аудан әкімдігінде мамандар мен қызметкерлер саны толық жеткілікті.

Жаңа аудан игіліктен кенде емес

Статистикалық мәлімет бойын­­ша Тұран ауданының жер көле­мі мегаполис аумағының 32 пайызын құрайды. Халқының саны 220 мыңнан асады. Аудан 21 елді мекен мен тұрғын алаптан және ор­талық аумақтардан тұра­ды. Сон­дай-ақ оған 84 бала­бақ­ша, 41 мектеп, 9 колледж және 6 ден­саулық мекемесі мен 12 мешіт қарайды.

Тұран ауданының әкімі Бо­ран­­бай Булатбеков жаңа әкім­шілік аймақтың бүгінгі жұмысы мен алдағы жоспарлары туралы айта келе, қазіргі уақытта аудан аумағында орналасқан елді мекендер жүз пайызға жуық ауыз сумен қамтылғанын, ал бүгінгі күнге дейін кестемен ауыз су тұтынып келген Құрсай елді ме­кенінің ауыз су құрылысы толық аяқталғанын хабарлады.

Аталған елді мекенде ауыз су құрылысы біткен соң құбырлар жуып-шайылып, дезинфекцияланды, енді тұрғындарды ауыз суға қосу жұмыстары рет-ретімен атқарылып жатыр. Нәтижесінде, 2023 жылы аудандағы елді мекендер толық сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Сондай-ақ Тұран ауда­нындағы сапалы жарық тұты­натын елді мекендер саны да жүз  пайыз­ға жетейін деп қалды. Сол Құр­сай елді мекенінің жаңа­құры­лыс аумағын сапалы электр қуатымен қамту үшін мамандар жобасын жасауға кірісті.  Жоспарға сәйкес екі жыл көле­мінде құрылыс жұмыстары жүр­гі­зіліп, 2024 жылдан бастап ау­дан аумағындағы әрбір үй са­па­­лы электр энергиясына қол жет­кізеді.

Аудандағы табиғи газбен қам­ты­лу көрсеткіші де жүз пайыз­­ға жетеқабыл. 2022 жыл­дың соңында Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамту бойынша құры­лыс жұмыстары толық аяқ­тал­ды. «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан газ құбыры жүйелерін сына­мадан өткізу ғана қалды. Нәти­­жесінде, биыл жоғарыда атал­­ған елді мекендер табиғи газ­бен толық қамтылатын болады. Сөйтіп, 2023 жылдың қоры­тындысымен, Тұран ауданының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99 пайызға жетеді.

Аумақтық әкімшілікте қазір­гі таңда 41 мектеп бар. Оған қоса биылғы жылы Ақжар елді мекенінен 600 орындық мектеп салынайын деп отыр. Бұл бі­лім ошағының құрылысы 2024 жылы аяқталады. Со­ны­мен қатар келесі жылы Жаңаталап елді мекенінде 600 балаға арналған жайлы мектептің іргесі қаланып, ол арғы жылы пайдалануға беріледі. Ал емхана құрылысы бойынша айтсақ, Құрсай елді мекенінде жеке инвестор есебінен жаңадан 450 орындық емхана бой көтере­ді. Биылғы жылдың нау­рыз айында басталған оның құры­лысы 2024 жылы аяқталады деп жос­пар құрып отыр.

Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Шымкент қаласы бойынша филиалы жаңа­дан құрылған бесінші ау­дан тұрғындарына ХҚО-да көрсе­тілетін мемлекеттік қызмет­тер толық көлемде қолжетімді екенін хабарлайды. Сондай-ақ Қаржы министлігінің Мем­лекеттік кірістер комитеті Шым­кент қаласы бойынша Мем­­ле­кеттік кірістер департа­мен­тінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқар­ма­сы да өз жұмысын бастады. Бұдан бөлек мемлекеттік кіріс­тер департаменті тарапынан тіркел­ген салық органының коды берілді. Енді Тұран ауданының тұрғындары кез келген ХҚО-ға барып, барлық мемлекеттік қыз­меттерді кедергісіз ала алады.

Тұран ауданының әкімі бү­гінге дейін бірнеше елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесті. Сондай жүздесулердің бірі Құрсай елді мекенінде өтті. Оған аудан әкімі аппаратының сала мамандары, құзырлы орган мен коммуналдық мекеме басшылары қатысты. Жоғарыда айтылғандай, елді мекенде ауыз су құрылысы аяқталып, абоненттеу жұмыстары жүріп жатыр. Өз кезегінде тұрғындарының өтінішіне қарай құбыр салу үшін қазылған көшелердің барлығы мердігер мекеме тарапынан қайта қалпына келтірілетін болады. Сонымен қатар 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 40 көшеге шағал тас төселеді. Жалпы, елді мекендегі инфрақұрылым мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді.

Аудан әкімі Жаңаталап елді мекенінің халқымен де кездесті. Тұрғындар өтінішіне орай мұн­да халықты сапалы электр энер­гиясымен қамту мәселесі қол­ға алынды. Жауапты мекеме қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту бас­қар­­масы тарапынан құрылыс жұмыстары ұйымдастырылып, былтыр толық аяқталғанымен, мер­дігер компания кейін қосым­ша трансформаторлардың сақ­тан­дырғыш-изоляторларын ауыс­­­тырып берді. Жиында сөз бол­ған мәселелердің бірі, биыл­ғы жылдың жоспарына сәйкес, Әбдірайымов көшесі жарық­тандырылатын болды.

«Кездесу барысында айтыл­ған өзге де көшелердің қажет­тілігін зерттеп, тиісті жұмыс­тар атқару бойынша тапсырма бердім. Бірінші кезек­те шағын аудандардағы әлеумет­тік нысандар орналасқан және қоғамдық көліктер қатынай­тын орталық көшелер жарықтан­дырылады. Бұл бағытта Жаңата­лап елді мекенінде атқарылатын жұмыс жоспары менің бақы­лауымда», деді Боранбай Булат­беков.

Сонымен бірге жуырда Тұран ауданы аумағындағы барлық елді мекендер мен шағын аудандарда сенбіліктер ұйымдастырылды.  Аталған іс-шара барысында жұрт жаппай аулалар мен сая­бақ­тарға және көше бойларына тал-дарақтар екті, нәтижесінде 4 мың түп көшет отырғызылды. Осы ретте аудан басшысы сен­білік – қоршаған ортаны қоқыс қалдықтарынан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызып ха­­лық­ты ауызбіршілікке шақы­­­ра­тын игілікті іс екенін айтты. Сон­дықтан көгалдандыру, таза­лықты сақтау жұмыстарын Тұран ауда­ны әкімдігі әрдайым басты назарда ұстамақ.

Бұдан бөлек жаңа әкімшілік аумақта жалпы саны 296 балалар ойын алаңшасы бар. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2023 жылы Тұран әкімдігі 10 балалар ойын алаңшасын салуды көздеп отыр. Мұнымен қоса жаңадан 4 ашық спорт алаңшасы да бой көтеретін болады.

 

ШЫМКЕНТ